1 174 көрілім

63Кеше теледидардан Еуропаға ислам елдерінен бақыт іздеп сапар шеккен елуге тарта адам мінген қайықтың Италия аумағында суға кеткені, өлгендердің ішінде төрт жас бала болғандығы туралы хабар көрсетілді. Жыл басынан бері Батысқа ағылған мұсылман босқындарының он бес мыңдайы суға кетіп өліпті. Бақыт іздеп келген Батыс елдерінен баспана таппай аш-жалаңаш жүрген босқындар қанша.

Мұсылманды мұсылман өлтіріп жатыр

Бүгінде Ирак пен Сирияның жартсына жуық жер аумағын тартып алып, ислам мемлекеті дегенді орнатып жатқан экстремистердің қолынан сол елдердің мыңдаған адамдары қаза тауып, миллиондаған адамдары баспанасынан, мүлкінен айрылып қаңғып қалды. Аштыққа шыдамаған бейшаралар аман қаламыз деген үмітпен соңғы тиын-тебендерін беріп Батыс елдеріне ағылуда.

Қазіргі Сирия мен Ирак, басқа да мұсылман елдерінен Батысқа ағылған босқындардың мәселесі үлкен саяси мәселеге айналып отыр. Қаптаған босқындардан қорғанған Венгрия шекарасын темір сыммен қоршауда. Басқа да бірқатар елдер босқындарға баспана беру туралы Шенген шартын қайта қарап, келімсектерді елден шығаруды заңдастыру жайын ойластыруда.

Осылайша, мұсылман елдеріндегі мұсылманды мұсылманның өлтіруіне негізделген қанды қырғынның салдарынан халық аш-жалаңаш қалып, босқынға айналып қор тірлік кешуде. Ислам елдерінің басына түскен бұл ахуалды кеңестік асыра сілтеу саясатының салдарынан аштан қырылып, елін-жерін тастап жат елге босып кеткен отызыншы жылдардағы қазақтарға ұқсатуға болады.

Экстремистердің көздегені не?

Басқа діндердің бәріне жеккөрінішпен қарайтын экстремистердің арманы бар әлемге ислам дінін орнату екендігін олар жасырмайды. Қауға сақалды әсіре діндерларды өткен ғасырда ең таза және жоғары ұлт немістерді барша әлемге үстем етуді көздеген есуас Гитлердің ізбасарлары десе болады.

Өкініштісі сол, экстремистердің арасында қандас баырларымыз – қазақтар да жүр. Қауғитып сақал қойып, өздерінше ислам дінінің ұстынымыз деп жүрген сайтанның құлдарының әрекеті жоғарыда айтқанымыздай қарапайым халықты сансыратып кетті. Өз жерінде, елінде діні бір мұсылмандардан қорлық көріп, аш-жалаңаш қалған бейшаралар жат елге босқын болып бассауғалап жатыр.

Биылғы қасиетті рамазан айында күн батпай тамақ ішті деп жас балалар мен еш жазықсыз әйелдерді атып өлтірген, мыңдаған жылдық тарихы бар ескерткіштерді қиратып, адамдарды құлдыққа сатуды, құл базарын заңдастырған қауға сақалдарды мұсылман деуден гөрі, сайтанның серіктері десе әбден жарасатын сияқты.

Әр елден келген есуас фанатиктерден құралған қырық құрау қарақшылар тобына Батыс елдері мен АҚШ бастаған бірлескен қарулы күштің шамасының жетпеуі қайран қалдырады. Шындығында, мұның астарында Батыс елдерінің сол аймақтың мұнайын игеру үшін мұсылмандарды бір-біріне айдап салып, қойша қырғызу саясаты жатқаны белгілі. Қызығы сол, әлгі есуас қауға сақалдылар өздерінің сол АҚШ бастаған алпауыт елдердің қуыршақтары болып отырғанын сезінбейді.

Есіңізге алып қараңызшы, 90-шы жылы Ирак Кувейтке басып кіргенде АҚШ пен Батыс елдері Иракты бомбалап, бір жетінің ішінде тас-талқан етіп жеңген еді. Қазір қырық құрау қарақшыларға шамасы жетпей пұшайман болып жатқаны ақылға сиымсыз шаруа. Яғни, бұл бір қолымен от жағып, екінші қолымен су құйған тірлікке ұқсайды.

Батыс елдері ислам экстремистерімен күрескен болып жатып, экстремистерге қару-жарақ беріп қолдау көрсетеді. Мұның астарында мұнайлы мұсылман елдерін әбден титықтатып, мұнайын тартып алу саясаты жатқаны анық.

Барша әлемге ислам дінін орнатамыз деп еліріп жүрген шерменделер Батыс алпауыттарының қолындағы жансыз қуыршақ болып, жантүршігерлік қылмыстар жасауда. Бұл адами тілмен айтқанда аса ауыр қылмыс, ал дін тілімен айтқанда тозаққа түсіретін ауыр күнә. Сондай жантүршігерлік жаман істі жасап жатқан пенделерді мұсылман, тіпті адам деп айтуға ауыз бармайды.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика