691 көрілім

жақсы мен жаманҚұлазу сезімі әр адамның басында болатын жай. Әртүрлі себептермен адамның кейде өз-өзінен құлазып, көңілсіз, тіпті үмітсіз ойларға берілетін жағдайлары болады. Оның соңы стресс, ары қарай дами келе депрессия деген дерттерге ұрындыруы мүмкін. Сондықтан құрдымға құлататын осындай залалды – құлазу атты сезімнен аулақ болып жүрген дұрыс болады.

Құлазу – күнә

Інжілде Иса пайғамбардың құлазу сезімін адамға қатерлі күналардың бірі деп атауы тектен тек болмаса керек. Өйткені, құлазыған адам үмітсіздікке салынады, бойын күмән мен қорқыныш билейді. Ондай адам әдетте сергек ойлап, мәселені байыпты шешуге қауқарсыз.

Бүгінде құлазуға салынғандардың көбі одан құтылудың жеңіл жолы ретінде арақ-шарап ішуді, мейрамханаларға барып көңіл көтеруді пайдаланып жатады. Шындығында, арақ көңіл күйі құлазыған пенденің көңілін көтере алмайды. Керісінше, арақ ішкен адам одан әрі құлазып, тез мас болады және өзіне залал келтіретін есуас әрекеттерге баруы мүмкін.

Құлазуды Інжілде неге ауыр күнә атаған? Оның астарына үңілер болсақ, құлазыған пендені түрлі жаман ойлардың иектеп алатынын, соған ерген адамның әртүрлі ақымақшылық әрекеттерге баратынын бағамдауға болады. Сайтан деген бүгінгі ғылым дамыған заманның адамдары ойлағандай ертегінің кейіпкері емес. Олар біздің көзімізге көрінбейтін нәзік тәнді тіршілік иелері.

Ой деген материалдық қуат. Қазіргі ғылым ойды өлшейтін құрал да ойлап тапты. Сайтан адамның ойын көріп, не ойлап тұрғанын біліп тұрады. Құлазыған пенденің тәнін қоршаған аура деп аталатын қуат сауыты әлсіреп, сол арқылы енген сайтан адамның санасына әсер етіп, ой арқылы өзге жаққа жетелеп әкетеді. Сөйтіп, түрлі есуас әрекеттерге мәжбүрлеп жатады. Арақ ішкізеді, зина жасатады немесе басқа да арсыздықтарға итермелейді. Тіпті, өмірден түңілдіріп, өзіне қол салуға мәжбүрлейді.

Сайтанның құрығы

Таяуда мынадай жайдың куәсі болдым. Мен бір бөлмелі пәтерді жалға беріп, аздап қосымша табыс тауып тұрамын. Жалға алған жасы жиырманы орталаған қыз құқық қорғаушылар келіп, тіркелу керектігін ескертті дегесін, уақытша тіркеуге тұрғызу үшін ЦОН-ға бардық. Адам көп болса да, тез қызмет көсретіп, ісіміз біршама жедел бітті. Дегенмен, тіркелуді жүргізетін соңғы столға келгенде жарты сағаттай күтіп отырып қалдық.

Содан әлгі қыздың талон бойынша алған нөмірі келді. Ол барғанда алдында шақырылған біреу қайта отырып, содан амалсыз күтуге тура келді. Әлгі жап-жас қыз сонша құлазып, әлдебір көңілсіз ойларға беріліп отырды. Егер ол сәл-пәл тірілеу болып, шақырғанда жедел барғанында ештеңе болмас еді. Көңілі құлазып, бей-жай күйге түскен ол бірнеше рет шақырғанда және мен барып ескерткен соң ғана орнынан тұрған.

Содан бір кезде тіркейтін маман алдындағы адамның шаруасын бітіріп, менімен бірге келген қыздың нөмірінен кейінгі нөмірді шақыртты. «Ау, мына нөмір біздікі, сіз неге бізді тіркемейсіз» деп дауыс көтерген соң ғана ол «бұл адам бар ма еді» деп таңырқай сұрады. Содан терезе жанына барып теріс қарап құлазыған қызды дауыстап әзер шақырып алдым. Оның көздерінде түңілушілік, үмітсіздік анық байқалып тұрды. Шындығын айтқанда, сонша күйінетін, құлазитын ештеңе жоқ еді. Қол-аяғы бүтін, жақсы жұмысы бар, орталықтан жайлы пәтер жалдап тұрады. Өзімді мақтамасам да, пәтерші деп қысым жасайтын адам емеспін, ақшасын төлеп тұрса болды деп, тіпті үйлеріне де бармаймын. Бар болашағы алдында дейтін жастағы қыздың сонша өмірден түңіліп, құлазығаны несі деген ой келді.

Құлазу адамды әлжуаз етеді

Құлазушылыққа салынан адам жақсы мен жаманды айырудан қалады және үмітсіздікке салынып, бітейін деп тұрған шаруасын да божыратып алады. «Секрет» фильмінде оның адамға қаншалықты залал тигізетіндігі анық көрсетілген. Құлазыған адам үнемі көңіл күйін түсіретін жаман, жағымсыз жайлар туралы ойлап жүреді. Іс жүзінде адамды құлазытатын ойлар аз емес.

Мысалы, баспанам жоқ, пәтер жалдап тұрамын, ертең қожайын шық десе не істеймін? Болмаса, жалақым аз, бастық шатақ адам, дұрыс жұмыс табылмады, жолы болмайтын қырсық жанмын деп іштей мүжіледі. Сөйтіп, үнемі көңіл күйін түсіретін жаман ойлар ойлайтын пенде сол әрекетімен шынында да өзіне жамандық шақыртқыш болып алады.

Керісінше, жақсы ойлар ойлап, жақсылықтан үміт ететін адамның алдынан жақсылыққа барар жол ашылады. Адам магнит сияқты, жақсыны да, жаманды да тартады. Тек сіз жақсы нәрселерді ойлайсыз ба, әлде жамандықты санаңызға сіңіресіз бе – мәселе сонда. Ал, құлазу сезімі адамды үнемі жаман нәрселер ойлауға, жаман ойларға берілуге мәжбүрлейді. Оның ақыры стресс, депрессия, ақырсында суицид деген жайларға жеткізбек.

Түйін: Адам өз тағдырын өзі жасайды. Жақсы ойлар ойлап, жақсылыққа назар аударсаңыз, көңіл күйіңіз көтеріңкі болып, өзіңізге сеніміңіз артады және жақсылыққа жол ашылып, мақсаттарыңызға оңай жететін боласыз. Керісінше, жаман нәрселер туралы ойлап, ұдайы жамандықты санаңызға сіңірсеңіз, құлазу, содан кейін стресс, депрессия деген дерттерге ұрынасыз және өмір жолыңызды өз қолыңызбен байлап, қырсықтан көз ашпайтын боласыз. Бұл екі жолдың қайсысын таңдау, әркімнің өз еркіндегі шаруа.

Өзін-өзі жетілдіру жөніндегі сериалдық мақалаларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Блогымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика