87 көрілім

Ислам дінінде құмар ойынын үлкен күналардың қатарына жатқызатыны тектен тек болмаса керек. Өйткені, құмар ойыны адамның санасын алып, ақырындап тәуелділікке түсереді, ақырсоңында құлақкесті құлына айналдырып, туған туыстары мен таныстарынан, жалпы өмірден бездіреді. Құмар ойынының адам психикасына кері әсерін бүгінгі ғылым да растап отыр. Содан болар казино атаулыны елімізде үлкен қалалар мен елді мекендерден аулақтатып, арнайы аймақтарда, атап айтқанда: Қапшағай мен Бурабайда ғана жұмыс істеуге рұқсат етті. Десе де, құмар ойынына жатпайды деген желеумен жер-жерде букмекерлік кеңселер қаптап ашылып, тамырын тереңге жайып, жемісті жұмыс жасап жатыр.

Ұтыс үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Спортқа деген аздаған қызығушылық пен бармақтай ғана сәттілік болса жетіп жатыр. Букмекерлік кеңселерде бәс тігу құмарлығы дәл осылай басталып, ақырындап адам санасын тәуелділіке түсіреді. Бүгінде спорттық жарыстар арқылы ақша ұтып алу мүмкіндігіне кәміл сеніп, ақшасынан да, абыройынан да, қызметі мен туыс-бауырларынан да   айырылушылар көбейді.

Алғашында бәс тігу тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана қолданылған екен. Уақыт өте келе бұл ойынға бұқа, ит, әтеш төбелестері де қосылған. Ал, XX ғасырдан бастап бәс тігу құмарлығы спорттың барлық түрін жаулап алды. Букмекерлік кеңселер Еуропа елдерінде оншалықты көп емес. Оның есесіне дамымаған елдерде гүлденіп, кең таралып жатыр. Бұл лас бизнес біздің елімізге XX ғасырдың соңы мен XХI ғасырдың басында келді. Ресми деректерге зер салсақ, елімізде бір ғана “Олимп” букмекерлік кеңсесінің 184 бөлімі бар екен. Ал, қалғандары өз филиалдарының есігін бірінен соң бірі жарыса ашуда. Олардың ішінде «Зенит», «Гол+Пас», «Betcity», «Tennisi», «Profit», «Megabet» деген кеңселер бар. Ал, интернет-ресурс арқылы бәс тігуге құмар адамдардың саны 200 мыңға жетіп, оның тең жартысы тұрақты ойыншылар екені анықталып отыр.

Бастапқы жылдары букмекерлік кеңселер өз бизнесін жандандыру мақсатында талай жанға  бәс тігу — ақша табудың оңай жолы екенін ұғындырып, халықтың сенімін жаулап алу үшін  бар айла-тәсілдерін қолданды. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмеркер кеңселері адамдарға лық толып тұрады. Мәселен, күніне бір кеңсенің өзінде мыңнан астам адам бағын сынап, бәс тігу бәйгесіне қатысады екен. Олардың арасында 5-10 мыңнан бастап, жүздеген мың теңгеден бәске салып, ақшасынан қағылып жатқандар жетерлік. Алғашында жәй көңіл көтеру, қызық үшін айналысқандар кейін келе тәуелділікке түсіп, ақшаларынан, қызметтерінен, тіпті баспаналарынан айрылып жұмыссыздар мен баспанасыз қалғандар қатарын толықтырады.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, казино мен ойын автоматтарының нарығы жылына шамамен 150 миллиард теңгені, яғни, 810 миллион долларды құрайды. Сарапшылар бұл қыруар қаражаттың басым бөлігі көлеңкелі бизнестің үлесінде екенін айтады. Яғни, салықтан тыс әлдекімдердің қалтасын қалыңдатып жатыр. Құмар ойындарына қатысты еліміздің қаржы полициясы жыл сайын жүздеген қылмыстық істердің бетін ашуда.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңы бойынша букмекерліл кеңсе мен тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке ұлғайды. Бұл дегенің 277800 теңге. Ал, букмекердің электронды кассасына салынатын салық мөлшері 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 3 миллион 704 мың теңге. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында елімізде тамырын терең жайып үлгерген ойын бизнесінен 11,3 миллиард теңге салық алынған. 2016 жылы алынған салық көрсеткішімен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 14,1 пайызға артқан. Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегі бойынша, жеті жыл ішінде бұл салық бойынша төлемдер 3,3 есеге өскен. Осылайша, бір қарағанда букмекерлік кеңселер салығын төлеп, заң шеңберінде таза жұмыс істеп жатқан сияқты. Бюджетке тәп-тәуір қаржы түсіруде. Бірақ та, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұл кесапаттың қаншама адамдардың өмірін ойрандап жатқанын, одан қалды салықты айналып, миллиондаған, миллиардтаған ақшаның біреулердің қалтасына құйылатынын естен шығармағанымыз абзал.

Қолда бар ақшаны тәуекел етіп, оны құмар ойын арқылы еселеп көбейтуге тырысу халқымызға  жат қылық болса да, құмар ойын мекемелерін жағалап, тіпті бұл ойындарды ұйымдастырушылар қатарында қазақтарыдң жүргені қынжыларлық жай. Психологтар құмар ойындарға тәуелді адамдарды лудомания дертіне шалдыққандар қатарына жатқызады. Толығырақ айтсақ, лудомания дегеніміз әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соғатын паталогиялық ойынқұмарлық дерт. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне ресми түрде енгізілген. Демек, бұл адам денсаулығына нұқсан келтіретін аса қауіпті дерт. Бұл аурудың қалыптасу кезеңдерінде жалғыздық, қанағаттанбаушылық сезімі, оңай олжаға ұмтылу, тәуелділікке тез бейімделушілік сияқты психикалық ауытқулар орын алады. Жалғыздық сезімі адамды оңай олжа табуға болады деген жалған сезіммен құмар ойынына итермелейді. Алғашқы ойыннан  алынған әсер қайта-қайта  ойнауға мәжбүрлейді.  Бір рет ұтып, жеңіл жолмен пайда болған ақшаны қолға ала сала ойыншы бұл жетістігін қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде,  құмарлыққа душар болған адам достары мен туыстарынан алшақтап, бойында үрей, жеккөрініш, өкініш сезімдері қалыптасып, эмоционалды бұзылыстың ең жоғары сатысына жетеді. Айта кететін жайт, лудоманияға шалдыққан науқастардың 30-70 пайызында өзіне қол салуға бейімділік болса,  40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен.

Құмар ойыны санатына ілінбей қалып, бүгінде ірі қалалар мен елді мекендерде жұмыстарын ашық жүргізіп жатқан букмекерлік кеңселердің жұмысына тыйым салмаса, лудомания деп аталатын жертке шалдығатындар қатары көбейе түсері анық.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика