1 350 көрілім

әулиеИслам дінінің діңгегі саналатын Құранды көбіміз білгенімізбен, хадис туралы жете біле қоймайтынынымыз рас. Хадис пайғамбардың сөзі немесе дін исламға, имандылыққа қатысты айтылған ұлағатты сөздер деп түсінетіндер бар, тіпті хадистер бұрмаланған, сондықтан оны пайдалануға болмайды деп санайтындар да жоқ емес. Шын мәнінде хадис дегеніміз не және ол қайдан шыққан, ислам дініндегі оның рөлі мен қызметі қандай деген мәселелер туралы Науан хазірет атындағы  мешіттің имамы, дінтанушы Серік Халықов баяндайды.

Сұрақ: Хадистер қайдан шыққан және оның ислам дініндегі орны туралы не айтасыз?

Жауап: Егер тілдік ұғымына қарайтын болсақ, хадис деген – жаңа немесе – сөйлеу деген мағынаны білдіреді екен. Шариғат тұрғысынан алғандағы мәні – Пайғамбарымыздың сөзі, істеген амалдары туралы оны көрген, көрген адамдардан естіген жандардың баяндағандары деп алуға болады. Сүннет пен хадис мән-мағнасы жағынан бір деп санауға болады.

Сүннет немесе сунна – жол деген мағнаны білдіреді, яғни пайғамбарымыз салған жол. Егер біз сүннет амалдарын жүзеге асырсақ, ол сүннет болып табылады да, оны оқысақ, ол – хадис болып саналады. Осыдан көретініміздей, хадис пен сүннет бір деп айтуға негіз бар.

Құран мен хадис ислам дінінің негізі.

Құран да, хадис те ислам дінінің негіздері деп саналады. Мысалы, лә иләха илалла, Мұхамадан расул алла, әщадан лә илаха ил алла, әщадан Мұхамадан расул алла» десеңіз, мұсылман боласыз. Егерде сіз лә илаха ил алла дегенді ғана айтып, Мұхамадан расул алланы айтпасаңыз, ол жеткіліксіз болады. Яғни, екеуі бір-бірінен ажырағысыз. Бұның себебін былай деп түсіндіруге болады.

Құран Алла тарапынан Мұхаммед пайғамбарымызға уахи түрінде түсірілді. Бірақ Құранда көптеген ұсақ мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталмаған. Егер оның бәрін баяндайтын болса, онда Құран қазіргі көлемінен жүздеген есе үлкен көптеген кітап болар еді. Құран пайғамбарымызға 23 жылда уахи түрінде түсірілді, пайғамбарымыз Құрандағы айтылған амалдардың қалай орындалатынын іс әрекетімен көрсетті, ауызша айтып түсіндірді, яғни Құранды ашықтады.

Құран Алланың сөзі болғандықтан оның ішінде адамдар мүлде түсінбейтін жайлар көп болды. Соның бәрін пайғамбарымыз жұртқа түсіндіріп, айтты. Құран мен хадистердің арасын қосып, шатыстырып алмау мақсатында қасиетті кітап түскен алғашқы жылдарда пайғамбарымыз айналасындағыларға менің айтқандарымды емес, тек Құранды ғана жазыңдар деп талап қойған еді.

Хадис қалай пайда болды?

Содан біраз жылдар өткен соң сахабалар Құранды түсініп, ислам дінінің амалдарын орындауды үйренген кезінде пайғамбарымыз енді айтқандарымды жаза берсеңдер болады деп рұқсат берген. Міне, осыдан кейін пайғамбарымыздың айналасындағы сахабалар оның айтқан сөздерін тақталарға, теріге, басқа да сол кезде жазу жазылатын заттарға жазып, сақтап отырған. Енді біреулер пайғамбарымыздың айтқан сөздерін жаттап, жадында сақтаған.

Құранда егер Алланы жақсы көретін болсаңдар, пайғамбарға еріңдер деген мағынада айтылған аят бар. Сондай-ақ, тағы бір аятта Алла тағаланың елшісі сендерге не берсе, соны алыңдар, неден тыйса, содан тыйылыңдар деп айтылады.

Яғни, Алланың разылығына бөленіп, дұрыс амал жасау үшін де пайғамбарымызға еру, оның салған жолымен жүру шарт болып табылады. Ал хадис дегеніміз пайғамбарымыздың сөзі, жасаған әрекеттері, рұқсат етулері мен салған тыйымдары. Сондықтан да хадис те шариғат болып саналады.

Хадис Пайғамбардың сөзі, істеген амалдары туралы жазба.
Егер тұжырымдай айтар болсақ, хадис дегеніміз – бұл пайғамбарымыздың сөзі, істеген амалдары және кейбір әрекеттерге сөз арқылы қолдау танытуы немесе үндемей қалуы, яғни үнсіз қолдауы. Мәселен, бір сахаба намаздан кейін дұға оқиды. Бұл шариғатта жоқ, әлі оған енгізілмеген. Пайғамбарымыз оны көрсе де тиым салмайды.

Намаз оқылып жұрт тұрған кезде «сен оқыған дұғаны періште оқыды» дейді. Осы сөзі арқылы ол әлгі сахабаның шариғатқа енбеген әрекетіне келісім танытады. Сондай-ақ, сахабаның жасап жатқан әрекетіне қарап тұрып, үндемей қалуы – бұл да пайғамбарымыздың әлгі әрекетке рұқсат беруі болып саналады.

Осы арада айта кетерлік бір жай, пайғамбарымыздың сүннеті екіге бөлінеді: холухи және хилихи, яғни сыртқы бейнесі мен мінез құлқы. Мәселен, хадистерде пайғамбарымыздың бойы биік те емес, аласа да емес, орташа еді, шашы қара, бетінен нұр төгіліп тұратын, үнемі күлімсіреп жүретін деп суреттеледі. Бұл – пайғамбарымыздың сыртқы келбеті.

Сонымен бірге, хадистерде пайғамбарымыз бір істі бастаса «бисмиллаһ» деп айтатын, шаруасын аяқтағанда «әлхамдуллаһ» дейтін деп айтылады. Бұның бәрі пайғамбарымыздың мінез-құлқына байланысты хадистер.

Хадистің ішкі мәні.

Бұл айтылғандардың бәрі хадистердің жалпы мазмұны мен анықтамасы болып табылады, ал оның мәніне келетін болсақ, хадистер Құранды ашықтап, жасалатын амалдарды нақтыландырады. Мәселен, Құранда намаз оқу туралы айтылғанымен, қанша рет және қай уақытта, қалай намаз оқу, дәрет алу керектігі жайлы нақтылап баяндамаған.

Егер біз тек Құранды басшылыққа алатын болсақ, онда намазды қалай, қай уақытта оқимыз, дәрет қалай алынады, дәретті бұзатын нәрселер не? Бұл мәселелердің бәрі белгісіз болып қалар еді. Пайғамбарымыз оның бәрін өзінің іс әрекетімен, сөзімен көрсетіп берді.

Осылардың бәрі хадистерде көрініс тапқан. Намазға қалай тұру қажет, сәждеге қалай жығыламыз, сәждеде айтылатын дұғалар, намаздың уақыттарын айқындау – бәрі хадистер арқылы баяндалады. Яғни, хадистердің мәні де осы Құранды, шариғат жолын нақтылап, тұжырымдап түсіндіруінде десек, артық болмайды. Осыған орай, Құран мен хадис деген айрылмас жұп сияқты деп айтуымызға негіз бар.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика