1 639 көрілім

Өткен ғасырдың басында цирк өнерінің дамуымен көпшілікті таң-тамаша қалдырған алып күш иелері әлемнің әр елдерінен көптеп шықты. Солардың арасында жұлдыздай жарқырып, таңғажайып күшімен қалың жұртшылықтың құрмет-қошеметіне бөленгендердің бірі «Құрыш Самсон» атанған Александр Засс еді.

Александр Засс 1888 жылы Вильно (қазіргі Вильнюс) қаласында дүниеге келді. Оның балалық және жастық шағы Сарань қаласында өтті. Әкесі Иван Петрович Засс тамыр-таныстарын таң қалдырып жүретін аса күшті адам болатын. Ол үш ат жегілген арбаны тырп еткізбей ұстап тұратын еді. Бірде бала Александр әкесімен бірге цирккке барды.

Алғашқы арман.

Оған әсіресе, аттың тағасын иіп, сом темірді майыстырған күш иесінің өнері қатты ұнаған. Ол бір кезде аттың тағасын иіп, күштерін сынап көргісі келетін талапкерлерді ортаға шақырды. Мықтымсынған талайлар шығып, текке арамтер болып, тағаны ие алмай жұрттың күлкісіне ұшырады. Шыдай алмаса керек бір кезде Александрдың әкесі Иван да күшін сынап көргісі келді.

Ол көпшілікті таң-тамаша қалдырып, тағаны алақанына салып майыстыра бастады. Сонан кейін әлгінде ғана цирк палуаны көтерген үлкен штанганы қос қолдап тізесіне дейін көтерді. Оның күшіне сүйсінген қалың көпшілік ду-ду қол соққан. Александрдың циркке деген құштарлығы, міне дәл осы кезден басталған еді. Бала арманымен жұрттың қошеметіне бөленген күш иесі сияқты кереметтерді жасағысы келген.

Осыдан кейін бозбала аулаға турник орнатып, гантель, гир, штанга алып күш-қуатын арттыруға шындап ден қоя бастады. Бойы 167, 5 сантиметр, салмағы 66 келі бозбала үзбей жаттығулар жасаудың нәтижесінде салмағын 80 келіге жеткізді. Ол күш-қуатын арттырудың тәсілдері жазылған кітаптарды алдырып оқып, атақты атлеттер Петр Крылов пен Дмитри Морроға барып, солардың ақыл-кеңесін алып жүрді.

Жас жігіттің төккен тері далаға кетпей, көп ұзамай көпшілікті таң-тамаша қалдырып, неше түрлі өнер көрсете бастады. Алып күш иесін циркке қызметке алып, ол циркте қырық жылдан астам уақыт өнер көрсетті.

Ауруды жеңген шарболат сенім.

1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы жас Александрдың өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Ол әскер қатарына алынып, соғысқа қатысты. Бірде Александр аяғынан жарақат алды. Дәрігерлер оны құтқарудың жалғыз жолы аяғын кесу деп шешті. Бірақ, алып күш иесі аяғын кестіруге үзілді-кесілді қарсы шықты.

Бұл оны өмірлік арманы цирктен аулақтатып, аренаға шығу мүмкіндігінен айырар еді. Аяғына енген оқты алған дәрігерлер жігіттің кемтар болып қалатындығына еш күмән келтірмеген. Дегенмен, күш-қуатын арттыратын жаттығулардың құдіретіне сенген жігіт жазылып кетеріне шүбәсіз сенді. Оның бұл сенімі алдамапты. Үзбей жаттығудың арқасында көп ұзамай аяғы қаз-қалпына келді.

1916 жылы Австрия-Венгрия жауынгерлерінің қолына түсіп, біраз уақыт тұтқында болған Александрдың одан қашып шығуына мүмкіндік туды. Тағдыр жолы жат елде жасырынып жүрген жігітті италиялық импрессиаро Пазолинимен кездестірді.

Цирктегі өмір.

Пазолини оған жиналған табыстың 20 пайызына жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасады. Сөйтіп, «Құрыш Самсон» деген лақап атпен Александр Засс ұзақ жылдыр бойы Еуропа елдерінің цирктерінде өнер көрсетті.

Ол цирк аренасында жылқыны иығына салып көтеріп алып ақырын басып жүретін. Пианино тартқан музыкант отырған тақтаны арқасына салып алып, аренаны айналу да оның сүйікті нөмірлерінің бірі болды. Цирк зеңбірегінен атылған 90 келілік снарядты 8 метр жерден қағып алғанын көрген көпшілік қошеметпен дуылдаса қол соғатын.

Шеге қағылған тақтада арқасынан жатып, кеудесіне 500 келілік тас қойып, соны үлкен балғамен соқтыратын нөмірі де жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тапты. 105 келілік арқанға байланған кірдің тасын тісімен көтеріп, бір қолымен 34 келілік кірді көтеріп, екінші қолымен тақтаға шеге қағу да Александрдың күнделікті үйреншікті нөмірі болатын.

1938 жылы Англияның шағын Шефильд қаласының тұрғындары ақылға сыймайтын көріністің куәсі болды. Көмір тиелген үлкен жүк машинасы жолда етпетінен жатқан адамның үстінен таптап өтті. Жұртшылықты таң-тамаша қалдырып, машина үстінен өткен адам түк болмағандай үсті-басын қағып, орнынан тұрды.
Бұл – Александр Засс еді. «Құрыш Самсонның» кранға аяғын байлап, тісімен ауыр жүкті көтеріп екінші жерге қойған өнері де жұртшылықтың алып күш иесінің өнеріне деген таң қалушылығын туғызған.

Алып күшке ие болудың құпиясы.

«Құрыш Самсон» атанған Александр Засстың алып күшімен халықты тамсандырған өз замандастарынан бір ерекшелігі оның бойында табиғат сыйлаған күш-қуат болған жоқ және денесі де анау айтқандай алып емес-ті. Бойы 167,9 сантиметр, салмағы 80 келі тартатын оның өз денесінен әлденеше есе ауыр салмақты оп-оңай көтеріп, ақылға сыймайтын істер жасауы жұртшылықты таң-тамаша қалдыратын еді.

Шындығында, Александрдың алып күші тумысынан бойына біткен табиғи күш емес, өзінің ұзақ уақыт үзбей жасаған жаттығуларының жемісі болатын. Кейінірек «Құрыш Самсонның құпиясы» деген атпен өз дене күшін арттырудың тәсілдеріне арналған кітап жарық көрді.
Александр Засс күштің негізгі көзі бұлтылдаған бұлшық ет пен ауыр салмақта емес, ең бастысы ерік күші мен сіңір деген пікір айтады. Засстың арнайы сіңірді созуға арналған динамикалық және изометриялық деген жаттығулар кешені бар. Сондай-ақ, ол өз бұлшық еттерін дегеніне бағындыруға арналған ерік күшіне де үлкен көңіл бөлді.

Қалай дегенмен де, арнайы жаттығулардың арқасында алып күшке ие болып, әлем халықтарын таң-тамаша қалдырған «Құрыш Самсоның» жетістіктері адам мүмкіндігінің шексіз екендігін тағы бір дәлелдеп берді.

Бүкіл өмірін цирк аренасында Батыс елдерінде өткізген Александр Засс 1962 жылы Лондонның маңындағы Хокли қаласында қайтыс болды. Оның қабірі де сонда.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика