39 көрілім

Мұсылман айтады: исламнан таза дін жоқ, басқа діндердің бәрі бұрмаланған. Христиан айтады: ең ақиқат дін – христиан діні, басқа діндегілердің бәрі теріс жолды ұстанушылар. Иудейлер, буддашылар, индустар да өз діндерін мадақтап, басқа дінді ұстанушыларды адасушылар деп санайды. Сонда қайсы дінді ұстанған дұрыс?

Сабынның қасиеті – тазартқыштық

Иә, кәдімгі сабынның ең басты және жалғыз қасиеті – ол затты немесе адам тәнін кірден тазарту. Сабын осы үшін қажет. Егер сабын тазартқыштық қасиетін жоғалтса, мысалы қанша сабындап жусаңыз да киім-кешегіңіз немесе тәніңіз тазармаса, онда сабынның қажеті бар ма? Жоқ.

Сол сияқты қанттың қасиеті – тәттілігі. Тұздың қасиеті – ащылығы. Осылайша, әрбір заттың өзіне тән қасиеті болады және сол қасиеті үшін адамдар оны пайдасына асырады. Егерде, әлгі зат өзіндегі сондай табиғи қасиетін жоғалтып алса, ол ешкімге қажетсіз болып қалмақ.

Осы ақиқатты дінге де пайдалануға болады. Өйткені, дінді Алла адамдардың күнәсінен тазаруы үшін жаратқан, яғни дін тәнді кірден тазартатын сабын сияқты адамның жан дүниесін кір-қоқыстан, анығырақ айтқанда – күнәдан тазартады. Әлем халықтары ұстанатын бес дәстүрлі дін болса – бәрі де адамды күнадан тазартуға қызмет етеді.

Дін өзінің табиғи қасиетінен айрылса не болмақ?

Тазартқыштық қасиетінен айрылған сабынның пайдасыз болып қалатыны сияқты, күнадан арылтатын дін өзінің сол қасиетін жоғалтса — онда ол да қажетсіз болып қалмақ. Егер тарихқа зер салып қарасаңыз, мыңдаған, миллиондаған жылдар бұрын да түрлі діндер болғандығын, олар бірақ уақыт өте келе бұрмаланып, өзінің тазартқыштық қасиетін жоғалтқандығын, соған орай тарих сахнасынан кетіп, басқа жаңа діндер келгендігін бағамдар едік.

Сіз қасиетті Құранды оқып көрдіңіз бе? Өз басым қасиетті кітапты ондаған рет оқып шықтым. Сонда түйгенім: Құран Алладан түскен ақиқат және онда адам өміріне қажетті барлық жайлар қарастырылған. Құранда туған туыстардың, ата-ана мен баланың, ерлі-зайыптылардың арасындағы қатынас, түрлі қылмыстарға орай жазалау, ішіп-жеуге болатын және болмайтын тағамдар, жасауға болатын және болмайтын әрекеттер, айтуға болатын және болмйтын сөздер – бәрі де нақтыланып көрсетілген. Яғни, Құраннан сіз адам өміріне қажетті барлық нәрсені табасыз.

Міне, сол қасиетті Құранда  өздеріне берілген дінді бұрмалап, дұрыс ұстамаудың салдарынан Жаратқанның жазасына ұшырап, құрып кеткен Нұх пайғамбардың, Лұт пайғамбардың, басқа да пайғамбарлардың елдері туралы айтылады. Яғни, ол халықтар өздеріне берілген дінді бұрмалап, теріс жолға түскендіктен, Жаратқанның жазасына ұшыраған.

Осы жайдан мынаны ұғуға болады: қандай дін болмасын мәңгілік емес және ол уақыт өте келе пенделер тарапынан бұрмаланып, өзінің алғашқы тазалығынан, күнадан тазартқыштық қасиетінен айрылады. Осындай кезде Алла ол үмбеттерді жазалап, орнына басқа халықтар әкеледі және пайғамбарлар жіберіп, бұрмаланған дінді қалпына келтіреді.

Қазіргі діндерде тазартқыштық қасиет бар ма?

Бұл сұраққа жауап беру үшін ислам, христиан сияқты дәстүрлі діндерді ұстанушылардың бойындағы жақсы-жаман қасиеттерге назар аударсақ, жеткілікті. Мәселен, христиан діні  3 мыңнан астам ағымға жіктеліп кетіпті. Олардың арасында тіпті, христиан дінінің ұстанымдарын теріске шығаратындар да бар. Ислам діні жүзден астам бөліктерге жіктелген. Пайғамбардың көзі кетісімен жіктелген сүнниттер мен шиитер ағымы қазіргі күні бірін-бірі ата жаудай санайды. Ал сәлафит, уахабит деген ағымдардың өкілдері өздерін ғана таза мұсылман санап, басқаларды түгел кәпір көреді.

Діндегі бөлшектену – бұл сол діннің алғашқы тазалығынан  айрылудың ең басты белгісі болып табылады. Егер бүтін бір дін бөлшектенсе, оны бұрмаланған деп санасақ, ақиқаттан алыс кетпейміз. Өйткені, ақиқат біреу ғана және ол ешқашан бөлшектенбейді. Әу баста Алла ислам дінін бүтін бір ғана дін етіп жаратса, ол сол қалпында қалуы тиіс-тін. Өкінішке орай бөлшектеніп, түрлі ағымдарға бөлініп кетті. Яғни, ақиқат бұрмаланды деген сөз.

Діннің ең басты және негізгі қасиеті – күнадан тазартқыштық қасиет қазіргі діндерде бар ма дегенді анықтаудың тағы бір тәсілі – сол дінді ұстанушылардың бойындағы жақсы-жаман мінездерінен анық көрінеді. Мәселен, жыл сайын мыңдаған ата-ана кәмелетке толмаған ер балаларын католик монахтарының зорлағандығы туралы соттарға шағынып жатады екен. Бұл – өмірде орын алып жатқан факт. Оны ешкім бұрмалай алмайды.

Бірнеше жыл бұрын православие шіркеуі жоғарғы оқу орнының бір профессоры діни оқу орындарындағы белең алған гомосексуализм жайында айтып дабыл қақты. Оның айтуынша, діни оқу орындарында оқитын балаларды оқытушылардың зорлауы кең етек алып кеткен.

Ирактағы, Ауғанстандағы, Сириядағы жантүршігерлік жайлар барша халықтың көз алдында. Сондай сұмдықтарды өзгелер емес, бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтын, өздерін мұсылманбыз деп жүрген пенделердің жасап жатқаны тағы да шындық. Яғни, бұл бұлтартпас факт. Оны қалай бүркемелесек те, жасыра  алмаймыз. Яғни, бұның өзі ислам дінін ұстанушылардың  күнадан тазармақ түгілі, қарапайым дінді ұстамайтын пенделердің өзі ұят және жаман іс деп санайтын теріс әрекеттерді жасап жатқанын көрсетеді.

Осы жайлардан не түюге болады: Яғни, ислам, христиан, басқа да дәстүрлі діндерді ұстанушылар діни шарттарын орындағандығына қарамастан, күнадан тазара алмайтын дәрежеге жеткен. Яғни, дін өзінің тазартқыштық қасиетін жоғалтқан. Егер Қасиетті Құранға сенер болсақ, бұндай жағдайда күнакар елге түрлі табиғи апаттар түрінде жаза жіберілмек немесе  Алланың қасиетті дінін қалпына келтіру үшін пайғамбар жіберілмек. Қалай болғанда да, қазір адамзат баласы үлкен өзгерісті кезеңде тұрған сыңайлы.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика