1 771 көрілім

ниши жаттыгуы«Бірінші байлық – денсаулық» деген нақылды білмейтін адам жоқ шығар. Дегенмен де, осындай қарапайым ақиқатқа күнделікті өмірде мән беріп жатқан жандар аз.  Адамдар денсаулықтың қадірін тек аырғанда ғана біледі және олардың негізгі  денсаулықты сақтау тәсілдері – емханаға барып, дірігер жазып берген дәріні сатып алып ішумен шектеледі. Содан болар, бүгінде емханаларда кезек күткен адамдар легі жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес.

Денешынықтыру жаттығулары не береді?

Күнде таңертеңгілік 15-20 минут денешынықтыру жаттығуын жасау адамға не береді? Бұл жөнінде медициналық терминдермен ғылыми тілмен баяндаудың еш пайдасы болмас, өйткені ондайларды көбіміз әржерден оқып, естіп жүрміз. Осы жайды қарапайым  ұғынықты тілмен, қисынға (логика) салып баяндап көрейік.

Денешынықтыру жаттығуын жасағанда жүрек қатты соғып, тыныс алу жиілейді. Бұл жұрттың бәріне белгілі жай. Ал енді осыдан адам ағзасына қандай пайда келеріне назар аударып көрелік. Өзіңіз таңдап алған денешынықтырудың кешенді жаттығуын жасау барысында жүрегіңіз қатты соға бастайды. Жүрек соғысы жиілеген кезде қан ағысы шапшаңдайды. Ал қан ағысы шапшаңадуымен бірге қан тамырлары ақырындап кеңиді.

Мәселен, суды ойпаң жермен ағызса, су ақырындап әлгі ойпаңды үңгіп кеңіте бермек. Сол сияқты қатты қан ағыны тамырларды кеңітеді. Яғни, денешынықтырудың нәтижесінде қантамырларыңыз кеңиді. Ал қантамыр кеңісе қанның ағысы жақсарады. Қан ағысының жақсаруы денсаулыққа игі ықпал ететіні  бес жасар балаға да белгілі ақиқат. Бұл – бірінші пайдасы.

Денешынықтыру барысында жүректің соғуы жиілеп, қатты соға бастайтынын жоғарыда айттық. Осының нәтижесінде жүректің бұлшық еттері созылып, жетіледі. Яғни, денешынықтыру арқылы жүректің бұлшық еттері дамып, оның жұмысы жақсарады. Инсульт, инфаркт деп аталатын аурулардың бәрі жүрек бұлшық еттерінің әлсіреуінен туындайтыны шындық. Бұл – екінші пайдасы.

Денешынықтыру барысында сіз қатты ентігіп, демала бастайсыз. Яғни, демалысыңыз жиілейді. Осының арқасында өкпенің жұмысы жылдамдай түседі. Өкпенің бұлшық еттері де созылып, жетіледі және жұмыс істеу қабілетін жақсартады. Бұл – үшінші пайдасы.

Денсаулықты жақсартудың үш негізі

Жүрек пен өкпенің жақсы жұмыс істеуі және қантамырларымен қанның кедергісіз жалдам ағуы – бұл адам денсаулығын жақсартуға әсер ететін ҮШ НЕГІЗГІ БУЫН. Осы үшеуі дұрыс болса, денсаулығыңыз жақсы болмақ. Ал, бұл үшеуінің жақсы жұмыс істеуі – қарапайым денешынықтыру жаттығуларының арқасында болады.

Таяуда ресейлік телеарнадан артық салмақтан зардап шеккен 28 жастағы жігіт туралы хабар көрдім.  Бар өмірі төскте өтетін әлгі бейбақтың салмағы 300 келінің үстінде. Денесін май басқан жігіт орнынан әзер тұрып, компьютер столына отырып, күніне бірер сағат компьютер қарайды екен. Бар шаруасы осымен бітеді. Қалған уақыты түгел төсекте өтеді.

Оның жүрегінің әлсіздігі сонша, орнынан тұрып әжетханаға барып келгенше өкпесі қысылып, ентігіп қалады екен. Қиыр Шығыста тұратын сол жігітке Мәскеудің емхананысының мамандары көмектесіп, артық салмақтан арылтпақ болады. Олар бұны тегін жасап беруге келіседі. Ол ұшаққа билет те алып қояды. Дегенмен, кейін дәрігерлер тексере келе оның ұшақпен ұшуы қауіпті деп шешім шығарады. Жүрегінің әлсіздігі сонша, ол ұшақпен ұшуға жарамайды екен. Содан пойызбен бармақ болады. 300 келі тартатын семіз жігітті пойызға салу да оңай болмаса керек. Ақыры не болды дейсіз ғой? Жүрегі әлсіз (жүрек бұлшық еті жетілмеген) әлгі бейбақ пойызға отырғызу барысында ана дүниеге аттанып кетіпті. Әлсіз жүрек сәл-пәл артық қимылды да көтере алмай, тоқтап қалса керек.

Өкінішке орай, бүгінде адамдардың көбі сол семіз жігіт сияқты жүректерін май басқан, сәл-пәл дене қимылын жасаса ентігіп, әлсіреп қалады. Бүгінде әлемде жыл сайын жүрек қантамыр ауруынан 50 миллиондай адам өледі екен. Екінші дүние жүзілік соғыста бес жылдың ішінде 50 миллион адам өлді деп тарихшыларымыз жазып жатыр. Ал еш соғыссыз жылына 50 миллион адам жүректен қайтыс болып жатқаны ешкімді толғандырмайды.

Мен қалай денешынықтырумен айналыстым?

2002 жылы туберкулездің басталып келе жатқан түрімен ауырып, ана дүниенің есігінен қайттым. Мен бұны Алланың ескертуі деп қабылдап, ауруханада жатқан кезден бастап таңертең дене жаттығуын жасай бастадым. Міне, содан бері өткен 14 жылдан астам уақытта таңертеңгілік денешынықтыру жаттығуын жасауды үзген емеспін.

Нәтижесі қандай? Бұрын қит етсе ауырып, тұмауратып емхананың есігін жағалайтын мен біраз жылдан бері ауруханаға баратын  жолды ұмыттым. Дәрі де ішпеймін. Күнде таңертең 35-40 минуттай дене жаттығуын жасаймын. Оған әбден үйреніп алғаным сонша, денешынықтыру жасамасам, өзімді біртүрлі сезінетін болдым.

Қарапайым денешынықтыру жаттығуларын жасау үшін ешқандай арнайы құралдардың немесе спорт алаңының қажеті жоқ. Мен таңертең желдеткішті ашып қойып, денешынықтыру жаттығуларын үйде жасаймын. Жаттығудан соң бойың сергіп, рахаттанып қаласың. Күнұзақ өзіңді сергек жақсы сезініп жүресің.

Ал менімен бірге қызмет ететін жап-жас жігіттер жиі ауырып, емханаға барып, дәрі алып ішіп жатады. Ал бірге қызмет ететін 20-дан жаңа асқан қыз жаңа жылдан бері бірнеше рет ауруханада жатып шықты. Аурудан қолы тимейтін оған салауаттылықты ұстап, денешынықтыру жаттығуларын жасау арқылы денсаулықты жақсартуға болатынын айтып, көзін жеткізе алмадым. Ол баяғысынша, қит етсе ауруханаға барып, дәрі алып ішумен жүр. 20 жасында осылай аурудан көз ашпайтын ол ертең 50-60-қа келгенде жағдайы  қалай болмақ?

Түйін: егер сіз денешынықтыру жаттығуларын жасамайтын болсаңыз, онда өзіңізге ұнайтын жаттғулар кешенін дайындап, күніне таңертеңгілік  15-20 минут жаттығуға кірісіңіз. Кейін жаттығу мерзімін ұзартып, 30-40, тіпті 50 минутқа дейін жеткізуіңізге болады. Жасыңыз 50-ге жетпесе, 40-45 минуттық жаттығу дұрыс. Ал 50-ден асқан болсаңыз 30-35 минуттық жаттығу жеткілікті. Алғашында қиналғаныңызбен кейін келе бойыңыз үйреніп, содан кейін денешынықтырусыз өмірді көз алдыңызға елестете алмайтын дәрежеге жетесіз. Ең бастысы, денсаулығыңыз жақсарып, өзіңізді сергек сезінетін боласыз. Бұл екіні екіге көбейткенде төрт болады дегендей АҚИҚАТ.

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика