659 көрілім

инвестицияКөп адамдар қарыз алуды қаржылық қиындықтан құтылудың ең оңай және қолжетімді тәсілі деп санайды. Ондайлар ақшаға сәл қажеттілік туындай қалса болғаны банктерден несие алып немесе тамыр-таныстарынан қарыз алып жатады. Қазақ «ақша күліп барып, жылап қайтады» дейді. Яғни, қарыз сұрағанда «ертең қайтарып беремін» деп жылмыңдатып, өлердегі сөзін айтатын адамдар қайтаруға асықпайды, тіпті ұмытқан түр танытып, ебін тапса қайтармай қоюға тырысады.

Қарыз арқылы қиындықтан құтылуға бола ма?

Қаржыға қажеттілік туған кезде бұл мәселені қарыз алу арқылы шешуге әдеттенген адамдар әдетте одан құтылдың басқа тәсілін іздеп бас ауыртпайды. Олар үшін қарыз деген қосымша оңай табыс сияқты сезіледі. Шындығында «судың да сұрауы бар» демекші, бүгін алған қарызды, ертең қайтаруға тура келетінін естен шығармау қажет.

Мен араласатын адамдардың көбі қарыз алуға әдеттенгендер. Олар бүгін қарыз алып, содан ертең жалақы алғанда жалақыларын түгел дерлік сол қарыздарын жабуға жұмсайды да, тағы да амалсыз қарыз сұрауға мәжбүр болады. Олардың тірлігі осылай жалғасып жатады.

Үйімнің жанындағы дүкендерден қарызға тауар алып әдеттенген адамдарды білемін. Дүкенші журналға әлгілердің қарызын жазып отырады. Жалақы алғанда келіп есеп айырысады. Бірде, қарызға азық-түлік алған әйелді көрдім. Әлгі екі сөмкесін толтыра әлденелерді алып жатыр, алып жатыр. Оған қоса, сыра мен арақ  алды. Ақшасын бірден төлемегендіктен, оған бұның бәрі тегін келген сияқты сезілетін болса керек. Бірақ айдың аяғында жалақысының қомақты бөлігін қарызға кететінін сол сәт мүлдем сезбейтін секілденді.

Қарыз алу арқылы қаржылық қиындықтан құтылуға болады деу, бір қолмен отқа отын салып, екінші қолымен су құю арқылы отты жағамын деп әурелену сияқты нәрсе. Яғни, сіз бүгін қарыз арқылы қажеттілігіңізді өтегенмен, ертең жалақыңызды түгел қарызды жабуға жұмсап, содан кейін тағы да қаржылық мұқтаждыққа ұшырайсыз. Осылай жалғаса береді.

Қарызды қайтармау қатерлі

Мен «Заң газетінің» тілшісі ретінде сот мәжілістеріне көп қатысып тұрамын және сот тақырыбында жиі жазамын. Сонда байқағаным, қарыз алып, қайтармайтындар көп кездеседі екен. Бұның ақыры сотқа жетіп, содан сот шешімімен әлгі қарызын қайтармағандарды еріксіз мәжбүрлеу арқылы қарызын өндіртіп алып жатады.

Таяуда ютубтен бір Қытайдан келген спортшы жігіт сол елде қытайдын қарыз алған қазақтың қарызын қайтара алмай, әлгі қытайдың оның әйелін тартып аландығы туралы айтқанын естідім.  Қарыздың қайтарымы, сұранымы болатынын алған кезде білу, сезіну қажет. Қазір қиындықтан құтылып алайын, сосын көре жатармын деудің ақыры осындай сорақы сойқандарға ұшыратып жатады.

Оңтүстіктің бір қазағы үйін кепілге қойып, банктен несие алып, баласының үйлену тойын дүрілдетіп өткізеді. Содан қарызын қайтара алмай, банк оның үйін тартып алады. Баспанасыз қаңғып қалған әлгі президентке дейін хат жазып, жылап-еңіреп көмек сұрайды. Бірақ, заң жүзінде банктікі дұрыс, сондықтан оған ешкім көмек көрсете алмады.

Бұның бәрі бұл дүниедегі қарыз алушылардың көретін қиындықтары, ал о дүниеге барған соң қарызын қайтармаған пенделер тозаққа түсіп және тауқымет тартпақ. Яғни, қарыз алушыға екі дүниеде де игілік жоқ.

Тарта жесең тай қалады

Қазақта «тоя жесең түйе де қалмайды, тарта жесең тай қалады» деген мақал бар. Яғни, үнемшіл болсаң, қарыз атты қатерлі аурудан аулақ боласыз. Қаржы тапшылығынан қарыз алу арқылы құтыламын деп сау басыңызға сақина тілемей, үнемшіл болуды үйренсеңіз, мұндай қиындықтардан алыс боласыз.

Өз басым соңғы рет қарызды жас кезімде студент болып жүрген шақтарда алған екенмін. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті, қазір мен біреуге қарыз бермесем, өзім ешкімнен қарыз сұрамаймын. Өкініштісі сол, қарыз алғандардың кейбіреулері өтірік ұмытқан болып, қарыздарын қайтармай кетіп жатады. Ондайларға әдетте екінші рет сұраса, бермеймін.

Қарызым болмағандықтан, алған жалақым түгел өзімде қалады. Ол барлық қажеттеріме жетеді. Сондықтан қарыз алу туралы ешқашан ойлаған емеспін. Ең бастысы, қарызың болмаса, өзіңді жеңіл, жайлы сезінесің. Қарыз деген үнемі еңсені басып, оны қалай қайтарамын деп уайым жеп жүресің. Сондықтан, ақылыңыз болса, ешқашан қарыз алмаңыз. Одан да жалақыңызды үнемді пайдалануды үйреніңіз. Сонда қаржы тапшылығынан құтыласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика