18 көрілім

Қазақта «қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз бар. Оның мәні: қарыз сұраған қазақ өлердегі сөзін айтып, қарыз сұраған адамның асты-үстіне түсіп, ант-су ішіп, әртістіктің небір керемет үлгісін көрсетіп бағады. Ал, уақыты келіп, қарызды қайтарар кезде, ақшаны бергісі келмей нешетүрлі сылтаулар іздеп, ебін тапса мүлдем бермей қоюдың амал-айласын қарастырады. Ал қайтара қалған күнде маңдай терімен тапқан адал ақшасын әлдекімге қайтарусыз беріп жатқандай қабағынан қар жауып, жаман мінез көсретіп бағады. Бұл – Абай заманынан келе жатқан қазаққа тән қасиет болса керек.

Баламның қызығын көрмейін

Осыдан біраз жыл бұрын бір әріптес танысым маған қарыз сұрап келді. Мен алдында ғана еңбек демалысына байланысты қомақты ақша алғанмын. Әлгі соны естіп, білген секілді. Яғни, менде ақша барын біліп келіп отырғанын сөзінен анық ұқтым. Екі аптада қайтарып беремін деп жылмыңдатқан ол мені сендіру үшін өзімен бірге алып келген 4-5-тегі жас баласын көрсетіп: мына күнәсіз сәбиімнің атымен ант етемін, егер қайтармасам, осы жалғыз ұлымның қызығын көрмейін» деп ант-су ішті. Осыдан кейін амалсыз сұрағанын беруге тура келді.

Содан күнәсіз сәбиінің атымен ант ішкен әлгі жігіт екі жетіден кейін де, екі айдан кейін, тіпті екі жылдан кейін де қарызды қайтармады. Одан кейін де талай адамдар қарыз алып, көбі қайтармай кетіп жүрді. Содан сабақ алған мен қарызға қомақты ақша бермейтін болдым. Ұсақ-түйек ақшаны қарыз алып қайтармаса, үлкен шығын емес. Есесіне қайтармайтын адамдарға екінші қайтара қарыз бермеймін. Ал өз басым отыз жылдан асыпты, ешкімнен ешқашан қарыз алған емеспін. Өйткені, қарыз алмай ақша тапшылығы мәселесін шешіп үйренсең, соған әдеттеніп кетеді екенсің.

Қарыз алушылық та ауру сияқты жаман әдет. Ол адамның бойына бір сіңіп алса, одан пенде өле-өлгенше қашып құтыла алмайды екен. Сәл-пәл ақша қажеттігі сезіле қалса-ақ, бұндай адамдар дереу біреуден қарыз сұрайды. Ол болмаса, банктерден кредит алады. Қаржы мәселесін олар осылай шешуге әбден үйреніп алады. Содан болар, бұндай пенделер қарыздан қорықпайды. Қарыз деген олар үшін сейфке салып қойған таусылмайтын оңай ақша сиықты. Өлердегі сөзіңді айтып, қажет болса ант-су ішіп, алдай сал. Қыр соңыңнан қалмаса бөліп-бөліп иттей қылып қайтар, ал жуастау жан болса мүлдем қайтармай қоюға болады. Рахат.

Қарыз үшін достықты құрбандыққа шалған жігіт

Биыл жазда бір сыйласып жүретін жақын таныс жігіт біреу үшін меннен қарыз ақша сұрады. Ол дос болып жүрген жігіттің үйіне ұры түсіп, жұмыс істеп күнкөріп жүрген құрал-саймандарын ұрлап кетіпті. Ол құрылыс саласында істейтін. Бір нысанды алып, салып жатыр екен, құрал-саймансыз қалып, не істерін білмей қиналған жігіт менің танысыма келіп ақша сұрайды. Өзінде ондай ақша жоқ әлгі танысым маған келіп, өлердегі сөзін айтып, әлгі жігіттің сенімді екендігін, уәдесінде тұратынын айтып сендірді. Содан адамдарға, оның ішінде қарыз алып қайтармауға еттері өліп кеткен қазақ бауырларға қомақты қарыз бермейтін әдетімді бұзып, сұрағанын бердім.

Бір аптада қайтарамын деген жігіт, төрт ай болды, әлі қайтарған жоқ қарызын. Мен телефон соқсам, ондай телефон жоқ дейді. Ал, қарызды меннен алып берген әлгі танысымның айтуынша, ол телефонын алмайтын болыпты. Үйіне барса, үйінде жоқ болып шығады. Бір сөзбен айтқанда, қарызды қайтармауға шындап бекінген сыңайлы. Оның мына қылығына күйінген танысым, бұндайды күтпеп едім, сізден қатты ұят болды деп қыслып жүр. Осылайша, ақша үшін әлгі жігіт ұзақ жылдар дос-жар болып келген әлгі танысымнан безінген секілді. Әрине, шағын қалада бір-бірінен қашып жүру оңай емес, кездесерміз де, дегенмен, қарыз алып, қайтармауға үйренген ол бұған ұяла қояды деу қиын.

Сонымен, бұл оқиғадан мен тағы бір үлкен сабақ алдым. Ол: ешқашан, ешбір пендеге қандай қиын жағдай басына туса да, тіпті Құран ұстап ант-су ішсе де, қомақты сомада ҚАРЫЗ БЕРМЕУ ҚАЖЕТ. Міне, бұл оқиғадан алған сабағым осы болды.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика