964 көрілім

34Заңды бұзып біреуге залал келтірдің екен, заң бойынша лайықты жазаңды аласың. Заңдылық жолы, әділдік жолы осындай. Жазықты адамды жасаған теріс әрекетінің салдарына орай жазалау ерте заманнан бар. Бұның астарында адамның теріс әрекеті үшін лайықты жазасын алуы ғана емес, жазалану арқылы қиындық көрген заң бұзушы және осыны көрген басқалар теріс әрекет жасаудан бойларын аулақ ұстап жүрсін деген игі ниет те бар.

Батыстық гуманизмнің астарындағы ақымақтық

Қазір біз кез келген істе Батыс елдеріне еліктеп, солардан үлгі алуға құмармыз. Ал сол Батыс елдерінің жыл санап азып-тозып, азғындық пен қылмыстың құрдымына құлап бара жатқандығын көре тұра, көрмеген боламыз.

Таяуда Норвегияның түрмесінде отырған 70-ке тарта адамды өлтірген қылмыскер-лаңкес түрмедегі жағдайға көңілі толмайтынын айтып сотқа шағымданған. Теледидар, кітап, тренажер залы бар үш бөлмеден тұратын түрмедегі әлгіге жасалған жағдай біздің елде пәтер жалдап тұрып жатқан азаматтардан көш ілгері дейтін дәрежеде. Оны ұстауға ай сайын 200 мың евродай ақша жұмсалатын көрінеді.

Қызығы сол, норвег соты әлгі қанышердің шағымын қанағаттандырып, оған адамша дұрыс жағдай жасалсын деген үкім шығарып берді. Ол аз десеңіз, ай сайын жүздеген мың евро шығындап жатқан мемлекет жетпіс адамның қанын төккен қылмыскерге 49 мың евро өтемақы төлеуі тиіс болды.

Міне, бүгінгі Батыс елдеріндегі гуманизмнің сыйқы. Гуманизмді малданған дамыған елдер ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге адамша барлық жағдай жасап, олардың түрмедегі өмірін ЖҰМАҚҚА айналдырған. Осыны көрген қаны бұзық пенделер қылмыстан қалай бас тартады?

«Не ексең, соны орасың» дегендей, бүгінде Батыс елдерінде қылмыс күн санап өршіп барады. Оның әбден белең алып кеткені сонша, АҚШ сияқты елдер азаматтарын қорғай алмайтын күйге жетіп, енді әркім өз амандығын өзі жасасын деп атыс қаруларын еркін саудаға салып қойды. Ақшаң болса қалаған қаруыңды сатып ал да, көңіліңе ұнамаған пендені қанға батырып, атып сал.

Қарудың емін-еркін сатылатыны жас-кәрі, әйел-еркек демей жаппай қарулануға соқтырды. АҚШ мектептерінде қаршадай балалардың өз құрбыларын қан жоса етіп қырған оқиғалары өршіп барады. Бұның бәрін АҚЫМАҚТЫҚ демеске еш лажың жоқ.

Қатаң жазаның астарында жанашырлық жатыр

Қазақтардың арасында ертеде ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына кесілгендер ат құйрығына байлпанып өлтірілген. Ал, АҚШ-та дарға асылса, Франция басын шабуды жөн көрген. Жеңілдеу қылмыс жасағандарды ауыр жұмысқа жегетін лагерлерге жер аударудан бастап, аяқ-қолын кісендеп түрмеге қамау, жұрт алдында таяқпен дүрелеу сияқты жазаларға тартқан.

Ал мұсылман елдеріндегі жазалау тіпті, ауыр болды. Ұрлық істеген адамның қолын шабатын. Екінші рет қайталаса, екінші қолын, ал үшінші рет қайталаса басын алатын. Және мұндай жазалау  жиналған көпшіліктің алдында орындалатын.

Ертедегі жаза сондай ауыр болса да, қылмыс мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Бірақ ол кездегі қылмыс дәл қазіргімен салыстырғанда жәй баланың ойыншығы сияқты саналатын. Бұның астарында қылмыскерлердің  ауыр жазадан аяқ тартып, қорқулары жатқаны анық.

Ал қазір ше? Бүгінгі қылмыскерлерді жазалауды тіпті ЖАЗА деп айтуға ауыз бармайды. Қит етсе болды, құқық қорғаушылар айқай шығарып, ойбай адам құқығы бұзылып жатыр деп ұрандатады. Содан шошынған атқарушы орган ауыр қылмыс жасаған қылмыскермен абайлап сөйлесіп, оның құқығын бұзбауға күш салады.

Біздің еліміз де Батыс елдеріндегі сияқты қазір өлім жазасына мараторий жариялап, бұндай ауыр жазадан бас тартуда. Бұндай  жалпақшешей көзқарас ауыр қылмысты азайтуға септігін тигізіп отырған жоқ. Керісінше, жыл санап аса ауыр қылмыстар қатары өсе түсуде.

Педофильді піштіретін заң неге қабылданды?

Таяуда Елбасының жарлығымен педофильдерді химялық жолмен піштіретін заң күшіне енді. Батыстың гуманизмімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай заңды қабылдауға соңғы жылдарда әбден есіріп кеткен жас балаларға көз сүзгіш арсыздар қатарының көбейіп бара жатқаны және олардың ұят-аятты жиып қойып, тапа тал түсте балаларға шабуға кіріскені себеп болған сияқты.

Өткен жылы бір педофиль тапа-тал түсте аулада ойнап жүрген жас баланы қолтығына қысып, канализация құдығына түседі. Құдай оңдағанда, сол маңнан өтіп бара жатқан жігіт көріп қалып, әлгінің  арсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

Тағы да өткен жылы қырықтың қырқасындағы еркек  12-дегі өз қызын зорлап, сол үшін сотқа тартылды. Ал тағы бір еркек мектепте оқитын қызын жүкті қылып қойып,  20 жылға бас бостандығынан айрылды. Осылайша, елімізде орын алып жатқан мұндай арсыздықтарды тізбелей беруге болады.

Батыстың гуманизміне ереміз деп балаларымызды арсыз айуандардың қорлығына беріп қоймас үшін осындай заң қабылдауға тура келіп тұр. Ал таяуда, сенатор Бектас Бекназаров арақ ішіп алып автокөлік руліне отырған адамды жұрт алдында таяқтау жазасын ұсынды. Мұндай жаза Тайландта бар екен.

Елімізде соңғы бір-екі жылдың ішінде маскүнем жүргізушілердің кесірінен 5 мыңнан астам адам опат болыпты. Мас жүргізушіге қолданатын біздегі бар жаза – 2 жылға жүргізушіліек құқынан айыру. Үсенов сияқтылар мұндай жазаға ТҮКІРМЕЙДІ де. Осыны ұқса керек, депутаттар жазаны қатаңдатуды және бүгінгі тоқсандағы кемпірдей тісі жоқ дәстүрлі ЖАЗАЛАРДАН бас тартып, ертедегі қолданылған және бетімен кеткендерді үрей мен қорқынышқа ұшыратып, райынан қайтаруға қауқарлы ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС жазалау түрін қолдануды мойындай бастаған сыңайлы.

Жазаны қатаңдатудың қоғамды түзеуге ықпалы бар

Көп мөлшерде мемлекет қаржысын қымқырған ЖЕМҚОРЛАРҒА өлім жазасын кесетін Қытайда жемқорлық болғанымен, дәл біздегідей белең алмаған.  «Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» дегендей, бастарын қатерге байлап, ақша алатындар болса да, болашағын ойлайтын зерделі жандар мұндай қатерден аулақ болуға тырысады.

Біздегі миллиардтап мемлекет қаржысын жегендер бірнеше жылға бас бостандығынан айрылып, жегендерінің бір бөлігін қайтарса, соған мәз боламыз. Соны көрген басқа шенеуніктер айылдарын тартпай, жеген үстіне жеп жатыр. Тіпті, айтуға ұят. Шенеунік деген сөз қазір ЖЕМҚОР дегеннің баламасы сияқты саналатын болды. Дөкей қызметтің тұтқасын ұстаған кез- келген адамға жұрт ЖЕМҚОР ретінде қарайтыны құпия емес.

Депутаттарымыздың қылмысты жазалауда дәстүрлі емес жаза түрін қолдану және жазаны қатаңдату ға жүздерін бұра бастағаны құптарлық іс. Бетімен кеткен арсыздарды АЯМАЙ ЖАЗАЛАУ АРҚЫЛЫ ҒАНА ТЫЮҒА болады. Бұл – АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика