48 көрілім

 

Орыстың атақты жазушылары Ильф пен Петровтың «Он екі орындық» атты кітабының кейіпкері «суға кетушілерді құтқару ісі, суға кетушілердің өз ісі» демейтін бе еді. Сол сияқты бүгінгі күні өз қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың өз ісіне айналып кеткендей. Мемлекет барлық салаларды жекешелендіріп, өз мойнынан барлық міндеттерді алып, тек салық жинаушы қызметіне ауысқан секілді.

Өзіңе өзің сақ бол

Қазақ айтады ғой «өзіңе өзің сақ бол, көршіңді ұры тұтпа» деп. Осы қағида қазіргі күні өте маңызды болып отырған жайы бар. Ақша билеген нарық жағдайында ар-ұятты ұмытқан пенделер ебін тапса ұрлық жасап, тіпті әлі жетсе тонап, болмаса алдап-арбап, әйтеуір жан қинамай біреудің есебінен олжа табуға бейім болып барады.

Қазір не көп, ұрлық көп. Ұрылардың әрекетінен зардап шекпеген адам аз шығар. Өз басым әлденеше рет ұрылардың құрбаны болдым. Түрі түсін танып, осы ұрлады деп полицияға шағымдандым, бірақ содан еш нәтиже болмады. Сондықтан, дәл қазір ұрыға мүлкіңді не ақшаңды алдырып, полицияға барғанша, өзің іздеген жөн деп санаймын. Әрине, өзің іздеп таба алмассың, сондықтан ең дұрысы, ұры алды ма, оны жылы жауып «садақа» деп қоя салған жөн. Ең бастысы, ұрыға алдырмайтын алдын алу шараларын жасау. Дұрысы осы.

Ұрыда иман жоқ

Таяуда ғана өзім қызмет ететін мекемеге кіріп, тапа тал түсте екі қызметкердің қымбат телефонын және көрші басқа мекемеде істейтін адамның 4 мың теңге ақшасын қолды қылып кетті. Қызығы сол, камера орнатылған мекемеге еркін кірген ұры камераның қай жерде қойылғанын да білетін секілді. Камераға жақындағанда басын төмен салып немесе бір жағына бұрып алады. Камера жазбасын қарап көрдім, әлгінің бет бейнесі еш жерде анық көрінбейді. Яғни, кәсіби қылмыскер сияқты.

Телефондарын ұрлатқан қазмектерлер оны жұмыс үстелінің үстіне тастай салыпты, яғни көзге көрініп тұрған. Олар полицияға арыз жазды, бірақ ұры ұсталады, телефондары қайтарылады деген сенім – 0,001 пайыз шамасында. Яғни, ұрыны полицияның ұстай алмау мүмкіндігі ұстау мүмкндігінен 99 есе артық. Бұндай жағдайда ұры ұсталады деп сену қиын.

Ал 80 мың теңгесін алаяққа алдырған бір танысымның басынан кешкен жайы, тіпті қызық. Ол үйіне жөндеу жүргізбек болып, газет жарнамасы арқылы бір шеберді шақыртады. Әлгі жігіт бұлармен бірге дүкен аралап, жөндеуге қажет материалдарды алғызады. Содан кейін, ертеңнен бастап жұмысқа кірісемін, бірақ мен ақшаны алдын ала аламын дейді. Аңғал танысым оның қолына 80 мың теңгені ұстата салады.

Әлгі жөндеу жүргізеді деген шебер еретңіне де, одан кейінгі күндері де келмегесін, телефон шалады, жауап бермейді. Содан алданғанын біліп, полицияға шағымданады. Олардың тізімінде әлгі жігіт бар екен. Бұрын сотталған қылмыскер болып шыққан. Түр-түсі, мекен-жайы белгілі. Қызығы сол, мынау бізді алдап кеткен адам деп көрсеткеніне қарамастан, оны полиция ұстамаған, жауапқа тартпаған. Осылайша, іс сиырқұйымшақтанып, жоғалған.

Өзіңе сақ бол

Ұрыдан немесе алаяқтан қорғанудың ең сенімді жолы – өзіңе сақ болу. Ұрыға алдырып немесе алаяққа алданған соң полиция оны ұстап, залалды қалпына келтіреді деп үміттену – қашпаған сиырдың уызына мас болған сияқты ақылсыздық болмақ. Оған жоғарыда келтірілген мысалдар анық дәлел. Сондықтан, ең бастысы өзіңе өзің сақ болып, ұрылар мен алаяқтардың, тонаушылардың жемтігіне айналмауды ойлау қажет.

Біз АҚШ-ты айыптап жатамыз, неге азаматтарына ататын қару ұстауға рұқсат етеді деп. Егер осылай жалғаса берсе, күндердің күнінде депутаттардың өзі халықтың қысымымен азаматтардың қару ұстауына рұқсат ететін заң шығаруы әбден мүмкін. Өйткені, әбден есіріп кеткен қылмыскерден өзіңді өзің қорғамасаң, полициядан үміт жоқ болып тұр.

Денис Теннің өлімінен кейін полицияға деген халықтың онсыз да азайған сенімі одан сайын кеміп кетті. Тіпті, Президенттің өзі полицейлерді түгел жұмыстан шығару қажеттігі жөнінде айтып қалды. Яғни, бұл құрылым қазір өз МІНДЕТІН ОРЫНДАЙ АЛМАЙ ОТЫР. Оны қанша бүркеп, жасырсақ  та болмайды. Бұл жай барша халыққа белгілі болды.

Осы жайлардан түйеріміз: полицияға емес, өзіңе сен. Сондықтан өзіңе өзің сақ бол. Сонда ұры-қарыдан зардап шекпейтін боласың.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика