231 көрілім

28Әр ұлттың, халықтың өзіне тән мінез-құлқы, дәстүрі болады. Қазақ халқына қонақжайлылық, қолдың ашықтығы мен ойын-тойға деген құмарлық тән. Ұлттық мінез-құлықтың қалыптасуына да осы жайлар елеулі әсер еткені секілді. Бұндай мінездің жағымды жағымен бірге, жағымсыздығы да бар екендігін өмір көрсетіп отыр.

Қонақжайлылықтың астарындағы ысырапшылдық

Қонағына жалғыз қойын сойып беретін қазақ осы деген мазмұндағы ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңіндегі қазақи мінез бүгінде біраз өзгеріп, ол ысырапшылдық,  бәсекелестік деген сияқты жаман әдеттермен астасып кеткен сияқты. Бір-бірімен жарысып өзгелерден қалмайын деп кредит алып той жасап жатқан қазақтар көп.

Ысырапшылдықтың қазіргі нарық заңына қайшы екендігін, тиын санауды сүйетін нарық талабы ысырапшылдықты қабылдамайтындығын қазақ нарыққа көшкенімізге ширек ғасыр өтсе де ұығына алмай келе жатыр.

Табыс көбейсе, шығын да көбейеді

Кеше үйдің жанындағы моншаға барғанымда бірнеше адамның мынадай әңгімесіне еріксіз куә болдым. Бір қазақ айтады: ақша қанша тапсаң да жетпейді, табыс көбейген сайын, шығын да көбейеді. Бұған сол арада тұрған орыс тілді біреу келіспей дау айтты. Түрі орыс сияқты болғанымен ол таза орыс па, әлде поляк, неміс немесе тіпті, еврей ме білмедім. Бірақ сөздері мен ұстанымы қазақы түсінікке мүлдем жат екендігі көрініп тұрды.

Әлгі айтады: мәселе табатын ақшаның аз-көптігінде емес, оны ұқсата білуде. Мен біраз жыл бұрын алдыма пәтер сатып аламын деп мақсат қойып, ақша жинадым. Әйелім мен баламның ақшасы күнделікті қажеттілікке кетеді де, менің жалақым түгел банктегі есеп-шотқа салынып отырылды. Содан үш жылда жиналған ақшаға пәтер сатып алдық.

Бұған келіспеген қазақ биыл жазда немересінің бір жасқа толуына арналған тойға жарты жылқы еті мен 500 мың теңге ақша кеткенін, ал мұндай шығындар көп болатынын айтып, қанша ақша тапсаң да бәрібір жетпейді деген ұстанымын нықтай түсті.

Бұған әлгі орыс былай жауап берді: Менің бір көршім болды. Ол вахталық тәсілмен жарты ай жұмыс істеп келеді. Айына үш жүз мыңның үстінде табыс табады. Бұл мен үшін өте көп ақша. Әлгі көршім сол ақшаны жарты айда ішіп-жеп тауысады да, қайта вахтасына кетеді. Ал менің ұлым оқу бітіріп Щучинск қаласына жұмысқа тұрды. Сонда жүріп жалақысын жинап, үй сатып алды. Арақ ішкен жоқ, темекі тартпады, қыз-келіншектермен қыдырмады. Оның есесіне баспаналы болды

Бұны естіген қазақ қарқ-қарқ күліп: көрдің бе өмір болғасын осылай. Қанша тапсаң да бәрібір жетпейді деген философиялық тұжырымын нықтай түсті. Ол тіпті, әлгі ақша жинап, үй сатып алған оның баласы туралы әңгімені құлағына да қыстырмады. Міне, қанға сіңген қазақы түсінік.

Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек

Ұлы Абайдың айтқан «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деген өлеңі қазір де өзінің мәнін жойған жоқ, тіпті керісінше мәнін арттыра түскен жайы бар. Әрбір тиынды есептеп жұмсауды талап ететін қатаң нарық заңын қаперіне де алмай, қанына сіңген ысырапшылдықты онан сайын жетілдіріп, дамыта түскен қазақ нарық заманында жоқшылық құрсауында қалып, кредит деген ашкөз  жыланның аранына түскендей.

Өзім жұмыс істейтін ұжымдағы тәп-тәуір жалақы алатын азаматтардың бәрінің бір бастарында бірнешеден кредиттері бар. Өткен жылы сондай кредитке байланған бір танысым мерейтойын мейрамханада екі жүз адам шақырып, салтанатпен тойлады. Ау, сондай ысырапшылдықтың қажеті бар ма? Тойға шашқан ақшасын басқа қажет мақсатқа жұмсаса, бір мәселесі шешіліп қалар еді ғой дейсің.

Өз басым өмірі туған күнімді, мерейтойымды тойлаған адам емеспін және ешқашан тойламаймын деп батыл айта аламын. Туған күнді не үшін тойлау қажет? Бір жасқа қартайдым, бір жыл өмірім өтті, ажал маған бір жылға жақындады деп соған қуану қажет пе? Бұл есуастық емес пе? Мен туған күнімде мешітке барып, әруақтарға бата жасатамын және өзіме қажетті затты немесе киімді алып, өзіме өзім сыйлық жасаймын. Туған күнімде, өткен жылы атқарған пайдалы шаруаларымды есіме алып, алдағы жылы атқаратын істерімді байыптап, жоспарлап аламын. Міне, туған күнді осылай «атап өтемін».

Әлгі немересінің бір жасқа толғанына 500 мың теңге жұмсап той жасаған қазақ ешқашан байымайды, ешқашан оның тапқан ақшасы жетпейді, ешқашан кредиттен құтылмайды. Міне, замана өзіне еркелемек болғандарды осылай жазалайды.

Түйін: егер сіздің бойыңызда тойшылдық, ысырапшылдық сияқты жаман мінездер болса, одан тез арада құтылуға тырысыңыз. Әйтпеген күнде, ол сізді өле өлгенше жоқшылық пен тапшылықта ұстайды және бір жалақыңыз екіншісіне жетпей кредитке байланып, бар өміріңіз тауқыметпен өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика