609 көрілім

өзін жетілдіруАдамдардың бәрі де өмірде кездесіп жататын түрлі қиындықтардан әрдайым қашықтау болуды қалайды. Тіпті, өмір жолымда ешқандай қиындық кездеспесе, өмір жолым тақайдай тегіс болса деп армандап жатады. Бірақ та, бәрі біз ойлағандай бола бермейді, өмірде күтпеген кедергілер мен қиындықтар үнемі алдымыздан шығып отырады. Сондай қиындықтардың бәрін бақытсыздық деп санауға бола ма?

Қиындық болашақ биіктерге жеткізер баспалдақ

Шындығында, қиындық деген – бұл болашақ биіктерге жеткізер баспалдақ. Әрине, ол барша адам үшін биіктерге бастайтын баспалдақ бола қоймайды. Өйткені, адамдардың көбі қиындықты бақытсыздық деп санап, одан от көргендей қашық жүргісі келеді және қиындықтардан сабақ алып, шыңдалып шираудың орнына ерік-жігерінен, болашаққа деген үміт-сенімінен айрылып жататындар бар. Ондайлар үшін қиындық биіктерге жетелейтін баспалдақ емес, керісінше құрдымға құлатар қатер болып саналады.

Енді қисынға салып ойлап көрейік. Қиындық деген ойыңызға алған мақсатыңызға жетуге кедергі келтіретін бөгет секілді нәрсе. Жігерлі, зерделі адам ондай бөгеттерден қалай өту керектігін ойлап, соның амалын табады және сол амалды пайдаланып кедергілерден өтеді. Оның тағы бір пайдалы жағы – кедергілер көбейген сайын сіздің одан өту жөніндегі амал-тәсілдеріңіз бен тәжірибеңіз де көбейе бермек. Ал, тапқырлық пен мол тәжірибе өмірде ойға алған мақсат биіктеріне әрдайым жетіуге көмегін тигізбек.

Ыбырай Алтынсариннің «бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімесін есіңізге түсіріп көріңіз. Көшкен елдің жұртында қаңғып қалған екі баланың әрекеті екі түрлі. Өмірден қиындық көрмей ерке болып өскен бай баласы отыра қалып бақырып жыласа, кедей баласы көшіп кеткен жұртты іздеп табудың амал-айласын іздейді. Сөйтіп, ол өзін де, бай баласын да құтқарып, көшкен ауылдастарын іздеп табады.

Қиындықты жеңуге талпынған адам да кедей баласы сияқты пысып, ширайды және ойлаған мақсаттарының әрдайым биіктерінен көріне алады. Ал бай баласы сияқты түк көрмеген пенделер қиындық тап болғанда жүнжіп, ерік-жігерінен, болашаққа деген үміттерінен айрылып, соның салдарынан мақсаттарына жетпек түгілі, құрдымға құлап өзін өзі құртады.

Қиындық сіздің ұстазыңыз

Қиындықтарды жеккөрмеңіз, керісінше әрбір қиындықтың астарында мақсатыңыздың биіктеріне жеткізер мүмкіндік жасырынып тұратынын қаперіңізде ұстаңыз дейді американдық өзін өзі жетілдіру саласының білгірі Брайан Трейси. Бүгінде АҚШ президенті болған миллиардер Дональд Трамп өзінің «Ешқашанда берілме» деген кітабында қиындық мақсатқа жеткізетін жолды көрсететін ұстаз деп жазады. Үлкен қалаларда биік ғимараттарды салумен айнпалысатын магнат үміт үздіретін талай кедергілерге кездессе де, бас тартпай үнемі мақсатына жетіп жүрген.

Ертеде темірдің өзін кесіп түсіретін болаттан жасалған өткір семсерлерді жасайтын  шеберлер болған. Олардың мұндай семсерлерді қалай жасайтынына назар аударсаңыз, қиындық адамды қалай шыңдайтынын сезіне түсесіз. Темірді отқа қып-қызыл етіп қыздырған ұста оны мұздай суға салып, суындырады. Сосын қайта қыздырып, қайта суытады. Жәй суытып қана қоймай темірді ауыр балғамен ұрып, шыңдайды. Осындай тәсілмен дайындалған болат семсер темірдің өзін турап тастайтын өткір болады.

Қиындықта шыңдалған, кедергілерден көктей өтер амал-тәсілді әрдайым таба білетін адам үшін мақсатқа жету еш қиындығы жоқ оңай шаруа болып табылады. Ал қиындықтан қашатын, оны жеңудің амалын табуға бас ауыртпайтын және қиындықтардан сабақ алмайтын пенде керісінше өмірде жолы болмайтын бақытсыз жанға айналмақ.

Бұл екі жолдың қайссын таңдайсыз: қиындықты ұстазым деп біліп, әрдайым оны жеңудің амалын ойлап, болашақ үшін күрестен қайтпайтын қайсарлықты ма, әлде қиындықтан қашып, кедергі кездессе күдеріңізді үзіп, әрекет етудің орнына бой тасалап бұғумен күн өткізер бақытсыз жан болуды ма, оны өзіңіз шешуіңіз қажет болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика