648 көрілім

арақ1 Ол күз мезгілін жеккөретін. Неге екенін кім білсін, әйтеуір оған жылдың бұл мезгілі ұнамай-ақ қойды. Тіпті, өзі осындай қоңыр күзде дүние есігін ашса да, қоңыр күзде әскер қатарына шақырылып, армиядан оралса да, қоңыр күзде алғаш шарап ішіп, шала мас болса да… Оның өмірінің ең есте қаларлық маңызды сәттері де осылар ғана сияқты.

Өзін ол белгісіз жаққа жүйткіп бара жатқан пойызда отырған жолаушы сияқты сезінеді. Терезеден бей-жай сыртқа көз тастайды, ал айнала сүреңсіз сұрғыл ұшы-қиырсыз дала… Көз сүріндірер не бір төмпешік, не бір жасыл желекті ағаш болсайшы. Оның өмірі дәл осындай есте қаларлық ештеңесі жоқ сұрғыл далаға ұқсайтын. 45 жыл ғұмырының қалай қас қағымдай болмай өте шыққанын да сезінбепті-ау.

Ол кезде сегізінші сыныпта оқитын.  Өзінен біраз жас үлкендігі бар көрші үйдің ұлы әскерден келді. Барып сәлемдесіп шық деді шешесі. Барған. Әскери китель киіп шікірейген көрші «здарово, как дела» деп орысша амандасты. Орысты кинодан ғана көріп өскен қазақ ауылында өскен оның орысша сөйлегені таңғалдырған. Оның қатарлас бірнеше жолдастары да келген екен. Баласы келіп қуанған көрші дастархан жайып, арақ-шарабын қойды. Өздеріне ақ құйған олар бұған үлкен қырлы стақанға қызыл қою шарап құйды. «Ал, ден сау болсын» деген қысқа тостан кейін стақан соғыстырған олар стақандарын әп-сәтте босатты.  Не істерін білмей стақанға бір, өзіне ежірейген басқаларға бір қараған оған әскерден келген көршісі «нешінші оқисың» деді.

   -Сегізінші.

-Өзіміз шарапты жетіншіде ішкенбіз, қане, тарт, қорықпа, — деді.

Стақанды қолына алып аузына апарып сораптаған ол шараптың жылымшы жүрек айнытар дәмін сезінді. Бірақ  өзіне қадалған үлкен жігіттердің алдында ұятқа қалмайын деп стақанды сарқып ішті. «Мәләдес, міне енді жігіт болдың» деді көрші мәз болып. Сәлден кейін басы айналып, көңілі көтерілгендей болды. Әншейінде көп сөйлей қоймайтын бозбаланың тілі шешіліп, былдырықтап бірдеңелерді айтады, өз-өзінен ыржалаңдап күле береді. Бұның мұнысына ересек жігіттер мәз.

Содан кейінгі өмірінде ол арақ-шараптың түр-түрін түгел ішті. Спиртті де, қолдан жасалған самагонын, тіпті суға қосып одеколонды да сіміргені бар. Басты айналдырып, ақыл-естен, айыратын анаша деген шөпті де шеккен. Иә, осы өмірінде ақыл-естен айыратын нәрсенің бәрін дерлік татып көріпті.

Қайсардың қалтасынан алған 25 мың теңге де таусылған. Қатқан қара наннан басқа талғажау қылар  ештеңе де қалмапты. Ол орнынан тәлтіректей тұрып, дәлізге шықты. Қарсы бөлменің есігін қалай ашқанын сезбей қалды. Еденде шалқасынан жатқан адамның шыныкөзденген нұрсыз көзі көкке қадалып қалыпты. Ол шошып кетіп, есікті жаба қойды. Өлген адамның жүзінде үрей шақыратын бірдеңе болатын сияқты…

 

  1. Қайсармен ол Қызылордада танысты. 90-шы жылдардың ортасы. Ауылда жұмыс жоқ. Ол да өзгелер сияқты қалаға барып жан бағуды ойлаған. Өзі сияқты үй-күйі жоқ, араққа салынған біреулермен қала шетіндегі көп қабатты үйдің жертөлесін баспана қылып тұрып жатты. Аннан-мұннан бірдеңе тауып, соған арзанқол  арақ-шарап алып, жан бағады. Онда да осындай қоңыр күз болатын. Базар жағалап, қайрымды біреулерден тиын-тебен сұрап алып қалармыз деп жүрген бұған «ақша тапқың келе ме?» деді жуан қара. Ақша дегенді естіп елең ете қалған бұл бір ауыз сөзге келмей келісе кетті. Ол қала шетіндегі үйіне апарып, өзі сияқты бірнеше қаңғыбастармен бірге ауласынан жаңа құрылысқа іргетас құйғызды. Обалы не, алдамай ақшасын берді. Көп емес, десе де арақ-шарабына жетерлік.

Қалтасына ақша түскен соң бірден дүкенге барып арақ-шарап алып, өзі тұратын мекені – жертөлеге тартқан. Күздің күні кеш ерте түседі. Жертөленің іші көрдей қараңғы. Бірақ күнде сыйпаланып жүріп жол табатын мекеніне қиналмай жетті. Бұның келгенін онша жақтырмаса да, құр қол келмегенін естіп көңілдері аздап көтерілген серіктері жылу құбырының жанындағы қоқыс төсектерінен тұрып, картон төселген өздері стол атап кеткен жерге жиналды. Содан арақ-шарап ішу таң алдына дейін жалғасқан.

Ол түсінде ауылды көрді. Неге екені белгісіз баяғы армиядан келген кездегі кеште  өзінен бірнеше класс төмен оқыған Зәурешпен қыдырған сәт кірді түсіне. «Адам алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылуы керек, сонда ғана өмірі мәнді болады» дейді қыздың қоңыр дауысы. Иә, ол кезде әскерден жаңа келген жап-жас  көркем жігіт еді. Онжылдықты жаңа бітірген Зәуреш те толықсыған әдемі бойжеткен. Екеуі сол кеште ауыл шетіндегі бақты аралап  таң атқанша қыдырды. Мен оқуға барамын, мединститутқа түсіп, дәрігер болсам деймін деген бойжеткен бұдан «Сіз де оқуға баратын шығарсыз?» деп сұраған.

-Білмеймін, ол туралы ойлағаным жоқ, -деді бұл.

-Неге? Адам алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылғанда ғана өмір мәнді болады, -деді бойжеткен. Оның мына пәлсапасы көңіліне жақпаса да,  жауап берген жоқ.

Сол жылы қыз Алматыға оқуға барып, мединститутқа түсті. Оқып жүрген күндерінде үнемі хат жазып тұратын. Бірақ, ауылда қара жұмыс істеп, өзі қатарластармен сәл басы қосылса арақ ішетін ол қызға жауап жазуға құлқы болмады. Бірақ, келген хаттарын ашып, оқып тұратын. Сөйтіп жүріп үйленді. Шынын айтқанда қалай үйленгені де есінде жоқ. Шала мас болып жүріп, бөтелкелес жігіттердің айтуымен ауылдың бір қызымен отау құрды.. . Бір жолы, иә онда да осындай күздің күні  болатын, Зәурештен  хат келді. Әдетінше ашып оқыған. «Аға, мен көп ойландым. Сіз туралы. Болашағымды сізбен байланыстырып, бақытты болармын деп армандағанмын. Бірақ, біздің жолымыз екі басқа екен. Мен сізбен мәңгілікке қоштасамын, бірақ өзіңізді ешқашан  ұмыта алмаспын. Қош болыңыз» -депті Зәуреш. Қыздың хаты оған әсерін тигізе алмады. Оның қоңыр күздей жабырқаңқы сұрғыл санасы селт етпеді.

Дүниеге үш сәби келді. Дегенмен, ол өзін әке сияқты сезінген емес. Үнемі шала мас болып, санасы қоңыр күздей сұрқай тартып тұманданып жүреді. Ал, маскүнем еркекпен тұрмаймын деп балаларын алып әйелінің төркініне кеткені, онан кейін туыстарының маскүнемдіктен еріксіз емдейтін орынға жібергені де бұлыңғыр түс сияқты.

Базар маңында картон қорапты алдына қойып, аяғы семіп қалған адамдай бір аяғын созып жіберіп, өткен-кеткеннен қайыр сұраған ол өзіне тесіле қараған келбетті келіншектің жүзіне қарап бір кездегі таныс бейнені көргендей болған. Иә, жаңылмапты, сол, Зәуреш. Өзін дәл осындай халде көремін деп ойламаған келіншек кілт бұрылып ұзай берді. Сол сәт, қатып қалған жүрегінің түбінен бірдеңе шым ете қалғандай болғанмен, тез сөнді.

Есік алдына келіп тоқтаған машина даусы ойын бұзып жіберді. «Ау, кім бар» деген дауысты естіп дәлізге шықты. Қайсардың туысы Бәкір екен. «Қайсар қайда?» деді ол бұны көргенде. «Анда» -ол иегімен қарсы бөлменің есігін көрсетті. Бәкір бірден бөлмеге кірген. Сәлден соң, «ойбай, бауырым» деген оның жан дауысы шықты…

 

3 Қайсармен арадағы іскерлік байланыс бұдан кейін де үзілмеді. Пайдасын жақсы білетін жуан қара анда-санда бұны үйінің шаруасына пайдаланып, азын-аулақ тиін-тебенін беріп қояды. Бірде ол күтпеген ұсыныс жасады. Ақмолаға қарбыз апара жатыр екен. Бір КамАЗ. Соны сатуға көмектес, тамағың тегін, ақшаңды да аласың, ренжітпеймін деген ұсынысына ол әдеттегідей еш қарсылықсыз келіскен.

Қарбызды КамАЗ-бен жүріп, көшеде бір аптада сатып бітірді. Қайсар үй жалдап, түнде сонда түнесе, бұның қоналқы мекені машинаның қарбыз тиелген жабық фургоны. Қарбыз сатылып біткен соң Қайсар  бір ауылға барып, бидай сатып алмақ болды. Қарбыздың орнынан бір машина бидай тиеп апарып, сатып еселеп пайда таппақ. Бірақ бидай сататын адам сөзінде тұрмады ма, іс оңғарыла қоймады. Ауылда пәтер жалдап, істің ақырын күткен Қайсар арақ ішуді шығарды. Бұрын да көңіл күйі боламған кездерінде ішетіні бар-ды. Арақ ішкен ол бір жолы бұған соқтығып, кәстөмінің қалтасынан қомақты ақша жоғалғанын айтып, сен ұрладың деп әй-шәйға қаратпай біраз  төмпештеп алды.

Шынында да ақшасы жоғалды ма, әлде басқа себептері болды ма, қожайынның қабағы ашылмайтын болды. Күнде арақ ішеді және ішкен сайын бұған тиісіп, сабап алады. Жәй ұрып-соғып қоя салмай, күздің қара суығында түнде фургонға қамап қоятын болды. Түні бойы дірдектеп тоңып шығады. Қаңғыбастық өмірінде талай қиындықтарды көрген ол бұл қорлыққа да шыдап жүре берер ме еді, бірақ жүйкесі жұқарған қожайын бар ашуын төкпесе.

Сол түні де ол суық фургонда таң атқанша дірдектеп тоңып, ұйықтай алмай шықты. Таңертең фургон есігін көрші үйде тұратын қожайынмен анда-санда бірге арақ ішетін орыс Иван ашты. Ол үйге кіргенде Қайсар диванда қорылдап ұйқыны соғып жатыр екен. Иығынан сілкіп оятпақ болып еді, онысынан ештеңе шықпады. Содан кейін сөніп қалған пештің күлін алып, от жақты. Араққа тойып алған қожайын қорылға басып ұйықтап жатыр.

Оның көзі Қайсардың жуан жұдырығына түсті. Күнде аяюсыз ұрып-соғып, суық фургонға қамаған сәттері есіне түсіп, әлдебір дүлей ашу бойын кернеді. Аш, суық фургонда дірдек қаққан сәттері есіне түскенде салқын санасында әлдебір жат ой қылаң берген. Ол ой «кек ал, азаптаған жуан қараны ұйықтап жатқанда жайратып сал» дегендей…

 

4 Ол аулаға шығып, машина қорабын ашып-жабу үшін пайдаланатын ауыр темір балғаны алды. Диванда шалқасынан түсіп қорылға басқан Қайсардың жанына келіп сәл тұрды. Тұманданған санасы «ұр, аяма» дегендей. Зілмауыр баланы басынан асыра көтеріп, құлақ шекеден аямай бір соқты. Содан кейін кеуде тұсынан және басынан тағы бір рет аяусыз ұрып өтті. Қожайын қыңқ деп дыбыс шығармады. Қорылы басылып, үнсіз қалған оның кеуде тұсына қолын қойып, тыңдамақ болып еді, еш тіршілік белгісі білінбеді.

Ол өліп қалған қожайынның жанында меңірейіп біраз отырды. Тұманданған санасына жөндемі ой келе қоймады. Өзін ұрып-соғып, суық фургонға қамайтын қожайын өлді, енді не істеу керек?  Санасының терең түкпірінен жылт етіп көрініп, жоғалып кететін осы ойдың жетегімен ол аулада тұрған КамАЗ-ға келді. Бұған фургонды беріп қойған Қайсар кабинаға  жуытпайтын. Сол есіне түскенде, оның қарбыз сатып тапқан ақшасы кабинада болар деген ой келді. Содан кабинаның терезесін әлгінде қожайынды өлтірген балғамен ұрып сындырып, ішіне кірді. Қанша қараса да, кабинадан ақша табылмады.

Тек Қайсардың кәстөмінің қалтасынан 25 мың теңге шықты. Ақша қолына түскен сәт дүниені ұмытқандай ол дереу ауыл ортасындағы дүкенге жүгірді. Алғашында осы ақшамен бұл арадан қарасын жоғалтуды ойлаған ол арақ ішкен соң бәрін ұмытып, баяғы ұйқылы-ояу күйге қайта түсті. Қоңыр күздей сұрқай санасында жылт еткен сезім жоқ. Өзі тұрып жатқан  үйдің бір бөлмесінде өз қолымен өлтірген адамның мүрдесі жатқанын да естен шығарған.

Қайсарға қайта-қайта телефон шалып, одан жауап болмағасын артынан іздеп шыққан туысы Бәкір мен Болат келгенде от жағылмаған суық бөлмеде жатқан мүрде серейіп қатып қалған екен. Тіршілік белгісі жоқ шыны көзденіп көкке қадала қарап қалған көздерін көрген Бәкір ойбай бауырымға басқан. Оның дауысын естіп үйге кірген Болат та туыс ағасының мүрдесін көргенде есінен танғандай күйге түсті.

Олардың айқайы да тұманданған санасын селт еткізе алмаған ол асүйде босап қалған бөтелкелерге қарап, меңірейіп үнсіз отыр.

-Қалай өлді, не болды? –деген  қожайынның туыстарының саулдарына «мен өлтірдім» деді жәй ғана. Осыны естігенде онан әрі айран-асыр болған екеуі меңірейген оның түрінен шошып, жедел полицияға хабарлаған.

 

Үкім

Ақмола облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С.Баймағамбетовтың төрағалығымен өткен сот отырысы азамат Шамсуддиновтың қылмыстық ісін қарады. Айғақ заттар, куәлардың көрсетуі, онан қалды өзі мойындаған қылмысты кім жасағаны басы ашық жай еді. Сот аса ауыр қылмыс жасап, адам өлтірген Шамсуддиновты 15 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң тәртіпті түзеу мекемесінде өтеуге шешім шығарды.

Сот шешімі оның сұрқай сұрғылт санасын селт еткізбеді. Тек құлағына Зәурештің «алдыңа айқын мақсат қойып, соған жетемін  деп ұмтылғанда ғанаөмір мәнді болады» деген үні  алыстан талып жеткендей. Мақсатсыз, мәнсіз өмірі босқа өтіпті. Өң мен түстің арасындағыдай сұрықсыз  ұзақ күндерінен есте қалар жылт еткен жылы сәт те жоқ екен. Ол меңірейген ойсыз жанарымен залға қарады.  Онда өзіне жеккөрінішпен қадалған Қайсардың туыстарының оқты көздерін ғана көрді…

 

(Кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп алынды)

 

Қалкөз ЖҮСІП.

Ақмола облысы.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика