668 көрілім

тәубеӨмірде кездесетін ауыртпалықтар мен қиындықтарда болашақтан түңіліп, алдын ала жеңілгенді мойындамау үшін және кедергілерді жеңіп, ертеңгі жарқын болашаққа тынбай талпыну үшін қажетті күшті адамға үміт береді. Сондықтан үміттің адам өмірінде алатын орны ерекше. Өкінішке орай, ол жайында дүниәуи ғылымдардың ешқайссы ештеңе айтпайды және үміт дегенді табиғи құбылыс нысаны ретінде ғылыми негізде зерттеу де қолға алынбаған.

Жалған және шынайы үміт

Адамдардың бәрін ертеңгі болашаққа ынталандыратын күш – үміт болса, ол адамдардың бәрінде бар. Бірақ, мына екі қырлы дүниеде күн мен түн, жарық пен қараңғы, жаз бен қыс, жақсылық пен жамандық  болатыны сияқты, үміттің де екі қыры бар. Ол: жалған және шынайы үміт. Енді осы екеуіне жекелей толығырақ тоқталайық.

Адамдардың көбінің бойынан табылатын және олардың өмірін еш өзгертпей, керісінше қиындықтар мен тауқымет түнегінде ұстап отыратын күш – жалған үміт. Жалған үмітті адамның ең қатерлі және ымыраласпайтын дұшпаны деуге болады. Жалған үміт деген не?

Мәселен, сіздің саяжайыңыз бар делік. Сіз оған тек жаз айларында демалу үшін барасыз. Саяжайға ешқандай көкөніс, не жеміс еккен жоқсыз, оны күтіп, баптамадыңыз да. Күз келгенде сіздің көршілеріңіз саяжайларына барып, ала жаздай егіп күткен картоп, көкөністерін қазып алып, қарық болып жатқанда сіз не істейсіз? Ештеңе. Өйткені, ештеңе еккен де, оны баптаған да жоқсыз. Сондықтан ештеңе шыққан жоқ. Қаулап өскен арамшөптен басқа. Көршілеріңіздің әрекетіне қарап, мен де саяжайымнан картоп қазып алайын десеңіз, одан ештеңе де шықпасы белгілі.

Жалған үміт деген де сол сияқты. Адам болашақтан үміттенеді. Мәселен, «үйім, машинам, саяжайым, есеп-шотта миллиондаған ақшам болса» деп. Іштей ертең бе, арғы күні ме, болашақта бір бақыт құсы басына келіп қона кетердей, бәрі өзінен өзі бола салардай жалған үміттің жетегімен өмірін өткізеді. Бірақ ертең де, арғы күні де оның өмірінде еш өзгеріс болмайды. Үй де, машина да, миллиондаған ақша да өздігінен келе салмайды.

Адамдардың көбі осындай жалған үмітті  серік етіп, өмірлерін босқа өткізіп жатады. Жалған үміттің айласы: «болашақта бәрі өзінен өзі  шешіле салады, бақ құсы басыңа қонса, бәрі бір-ақ күнде орнай қалады» деген бұлыңғыр арман-қиялмен адамды алдарқатады.

Шынайы үміт

Мен өзін-өзі жетілдіру ғылымының білгірлері саналатын Брайан Трейси, Джо Витале, Алекс Яновски сияқты тұлғалардың біраз еңбектерін оқып, бейнесабақтарын тыңдадым. «Ойлан да байы» бестселлерінің авторы Напалеон Хилдің осы кітабын қазақшаға аудардым. Сонда көзім жеткен ақиқат: адамның болашағы адамның өз қолында. Кез-келген адам өз өмірін өз қалауынша өзгерте алады. Бұл — АҚИҚАТ.

Кедей отбасында туып өскен және жасы 25-ке келгенше түрлі салада жұмыс істеп, тапқаны тамағынан артылмаған Брайан Трейси өзін-өзі жетілдіру сабақтарын пайдалану арқылы миллионерге айналады. Кедейден шығып, бай болған 500-ге тарта адаммен сөйлесіп, олардың құпиясына үңілген Напалеон Хил айтады: «Адам алдына нақты мақсат қойып, соған жетемін деп ұмтылса және жететіндігіне нық сенімді болса, алмайтын асуы болмайды».

Шынайы үміттің мысалы ретінде жоғарыда айтылған саяжайды алып қарайық. Сіздің саяжайыңыз бар делік. Сіз оған көктемде мынанша өнім аламын деген нақты жоспармен бір бөлігіне картоп, қалғанына көкөніс ектіңіз, арасына алма, өрік сияқты жеміс ағаштарын отырғыздыңыз. Жаздай бақшаңызды суарып, арамшөптен тазартып баптадыңыз. Нәтижесі қандай болмақ? Күзде ойлағаныңыздай жақсы өнім жинайсыз. Бұл – шынайы үміт.

Яғни, шынайы үміт дегеніміз: болашаққа нақты жоспар жасап, соған қалай жетуге болатынын нақты анықтап алып және сол мақсатыңызға жеткізетін іс-әрекеттермен нақты айналысу. Бұл сізді ойлаған мақсатыңызға міндетті түрде жеткізеді. Егер айналаңызға ақылмен байыптап қарайтын болсаңыз, мына өмірде ешқандай кездейсоқтық болмайтынын бағамдар едіңіз. Таңның атуы, күннің батуы, жаз бен қыстың ауысуы – бәрі табиғаттың белгілеген заңы арқылы жүзеге асады.Сол сияқты адамның бақытына жетуі, не жете алмауы – кездейсоқ бақ құсына байланысты емес, ақылмен, саналы түрде атқарған іс-әрекетке байланысты болады. Ал, жалған үміт адамды сондай саналы әрекеттен аулақтатып, кездейсоқ бақ құсын күтумен уақытын текке өткізуге итермелесе, шынайы үміт болашақ бақытының биігіне шығаратын жолды көрсетеді. Қайссын таңдау – әр адамның еркіндегі шаруа.

Сайтани және тәңіри үміт

Жоғарыда айтылған шынайы және жалған үміт тек мына өмірде бақытқа жеткізер болса, рухани және сайтани үміт адамның ақыреттегі тірлігін анықтауға жағдай жасайды. Бұл екеуін адам өмірінің 3-ші және 4-ші қыры десе де болады. Сонымен оларға кеңірек тоқталайық.

Сайтани үміт адамды мына фәниге байлап, бар тірлік осында, о дүниеге барып келген ешкім жоқ, бұл дүниенің қызығын барынша көріп қал, әйтпесе өкінесің деп фәни дүниенің қызық-шыжығына алдандырып, дін мен иманнан аулақтатады.

Алдарына нақты мақсат қойып, фәни дүниенің игіліктеріне кенелген адамдардың көбі өкінішке орай, тек осы дүниенің қызығына байланып, ақырет дегенді мүлде қаперлерінен шығарған. Ондайлар әдетте қарақан бастары мен отбастарын ғана ойлап, миллиондаған ақшаларын босқа сарып қылады. Баласының тойына миллиондап шашқан байшыгеш, ақыретте тозақ азабынан құтқаратын  кедей-кепшікке көмек көрсету арқылы сауап алу дегенге мүлдем көңіл бөлмейді.

Рухани үмітке ие адам бұл дүниесін ғана емес, о дүниенің жайын да ойлап, Алланың бергенін қанағат етіп, қолынан келгенше айналасындағыларға жәрдем-көмегін берумен тірлік кешеді. 21 жылға сотталған Төлешев дегеннің тәркіленген хан сарайындай котеджін көрсетті. Көршілерінің айтуынша, онда үнемі түрлі қабылдаулар болып, той-томалақ өтеді екен. Сондай тойларда асып-тасып, шашылатын  «сыра королі» кедейлерге көмек дегенді мүлдем есіне де алмапты. Бұндай ешкімге қылдай сауабы жоқ, тассараң байлар ӨТЕ КӨП. Құранда «Бұл дүниенің  тілегін тілегендерге бұл дүниенің игілігін береміз. О дүниеде оларға азап бар. Қор болған түрде тозаққа ен делінеді» деген аят бар. Яғни, сайтани үмітпен өмір кешкен пенденің табары – ТОЗАҚТЫҢ МӘҢГІ АЗАБЫ.

Рухани үміт адамды екі дүниенің игілігін ойлауға итермелеп, әрдайым бақи дүниені еске салып, сауапты істерге ынталандырса, сайтани үміт мына фәнидің қызығын ғана ойлап, күнаға белшеден батуға итермелейді. Бұл екі үміттің қайссын таңдайсыз: ол сіздің өз еркіңізде.

Түйін: Қазақ «үмітсіз – сайтан» дейді. Яғни, үмітсіз өмір сүру сайтан секілді Алланың мәңгі қарғысына ұшырап, құбыжыққа айналу деген сөз. Әр адамның бойында үміті болады. Бірақ ол қандай үміт: жалған немесе шынайы ма, сайтани немесе рухани  ма? Университетте оқып, шығармашылыққа енді ден қойып жүрген кезімде жазған мынау өлеңім сол үміттің адам өміріндегі орнын анықтап тұрған сияқты:

Бетке алып болашақты жүріп келем,

Жүріп келем өмірге еніп терең.

Жол таба алмай тосылған сәттерімде,

Жетелейді мені алға үміт-кемем.

Болашаққа жетелейтін үміт-кемелеріңіз ойға алған мақсат-мұраттарыңызға жеткізетін шынайы және рухани кеме болсын.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика