1 284 көрілім

Пайғамбарымыз (с.а.с) дүниеден өткеннен кейінгі аса қиын кезеңде жаңа құрылған мұсылман мемлекетінің тізгінін қолына алып, жаңа дін исламды жан-жақтан төнген түрлі қатерлерден сақтап қана қоймай, оны әлемге таратуға үлкен үлестерін қосқан төрт халифаның бірі – хазірет Әли атанған Әли ибн Әбу Тәліп ибн Әбдүл-Мүтталіп ибн Хашам ибн Әбди Манап ибн Құсайи еді. Ол хижра жыл санағынан жиырма жыл бұрын дүниеге келген Пайғамбарымыздың (с.а.с) ағасы Әбу Тәлібтің кенже ұлы болатын.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) тәрбиесінде болуы.

Балалары көп болғандықтан, оларды асырау қиын болғандықтан туыстары Әбу Тәлібтің балаларын өз тәрбиелеріне алады. Әли осылайша Пайғамбарымыздың (с.а.с) тәрбиесінде өседі. Ол он жасқа толғанда бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с) бен жұбайы Хадиша анамыздың намаз оқып отырғанын көріп қайран қалып сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с) бұның жаңа дін екендігін, Алладан басқа тәңір жоқ, өзі Мұхаммед Оның елшісі екендігін айтады және жас бала деп қарамай жаңа дінге кіруін сұрайды. Мұны естіген Әли әкеммен ақылдасып көрейін дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с) сол кезде халық ұстанатын пұтқа табынушылыққа қарсы жеке дара құдай туралы ілімге жұрттың қырын қарайтынын айтып, оны құпия ұстау қажеттігін ескертеді.

Түнімен ойланып көз ілмей шыққан бала Әли ертеңіне Пайғамбарымызға (с.а.с) иман келтіріп, Хадиша анамыздан кейін екінші болып ислам дінін қабылдайды. Міне, осы кезден бастап Әли өле-өлгенше ислам дініне адал болып қалды. Әли туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелер өте көп. Ол әңгімелердің бәрі ешқашан жеңілмеген жаужүректігін, Пайғамбарымызға (с.а.с) адалдығын, қайрымдылығын, кішіпейілдігін және дін ілімін өте жетік білетіндігін айғақтайды. Жалпы, Әлидің бойында имани қасиеттер өте көп болған. Солардың ең бастысы, Пайғамбарымызға (с.а.с) және ислам дініне адалдығын десе болады.

Дін үшін соғыстағы ерліктері.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) басына қатер төніп, мүшіріктер оны өлтіруге бекінген кезде түн жамылып Пайғамбарымыз (с.а.с) Меккеден қашып шығады. Оның бірнеше меккеліктерге қарызы бар еді. Қарызын қайтармай кетуге болмайтынын түсінген Пайғамбарымыз қатерге қарамастан Меккеге өзінің баласындай болып тәлім-тәрбиесін алған және туған күеу баласы қызы Фатиманың жолдасы Әлиді қалдырып кетеді.

Жаужүрек Әли басына төнген қатерге қарамастан, сол түнді Пайғамбарымыздың (с.а.с) төсегінде жатып өткізеді. Таң алдында үйге кірген мүшіріктер Пайғамбарымыздың (с.а.с) жоқ екендігін білгенде ашудан жарылардай күйге түседі. Дегенмен, олар Әлиге тиісуге батпай, кетіп қалады. Меккеде үш күн болған ол Пайғамбарымыздың (с.а.с) қарыздарын қайтарып, содан кейін Мединеге аттанады.

Хазірет Әли дін үшін болған соғыстардың бәріне қатысып, асқан жаужүректілік көрсетті. Бәдір шайқасында саны жағынан да, жауынгерлік тәжірибесі жағынан да мұсылмандардан күшті болған мүшіріктердің жеңіске деген сенімі күмәнсіз еді. Шайқас алдында мүшіріктер тәжірибесі мол үш батырын жекпе-жекке шығарады. Оларға қарсы мұсылмандардан арыстан жүректі Хамза, жаужүрек Әли және хазірет Үдәйда шығады. Әли өз қарсыласын әп-сәтте жер жастандырып, содан кейін Хамзаға көмекке келеді. Жекпе-жекте үш батыры жеңіліс тапқан мүшіріктердің сағы сынып, бұл мұсылмандардың шайқаста жеңуіне жағдай жасайды. Ал Ұхыт шайқасында Әли жаудың қоршауында қалған Пайғамбарымызды (с.а.с) асқан өлермендікпен қарсыластарын жер жастандыра отырып құтқарып қалады.

Әсіресе, Хайбар шайқасы Әли үшін ғана емес, барлық сахабалар үшін есте қаларлық шайқас болды. Оның себебі, дәл шайқас алдында Пайғамбарымыз (с.а.с) «Ертең туды Алла мен расулы жақсы көрген, ол да Алланы және елшісін жақсы көретін біреуге беремін. Алла оның көмегімен бізді жеңіске жеткізеді» деді. Мынан естіген сахабалардың бәрі ол кім болды екен деп түнімен көз ілмей шыққан. Бәрі де Алла мен пайғамбарымыздың (с.а.с) сүйіспеншілігіне бөленген сол адамның орнында болуды қалаған еді.

Ертеңіне шайқас алдында Пайғамбарымыз (с.а.с) Әли қайда деп сұрайды. Әлидің көзі ауырып, шайқасқа қатыса алмайтын халде еді. Пайғамбарымыз (с.а.с) Әлидің көзін қолымен сипап бата жасағанда ол жазылып кетті. Содан кейін туды Әлиге тапсырды. «Алла саған жеңісті нәсіп екенге дейін тоқтамай соғыс» деді. Бұл шайқаста Әли ақылға сиымсыз ерлік көрсетіп, туды Хайбардың қорғанына тікті.

Дін іліміне жетіктігі.

Хазірет Әли дін ілімін өте жетік білетін. Ол Құранның аяттарын түгел жатқа білетін және оны жинақтауға үлкен еңбегін сіңірді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың айтқан сөздері мен әрекеттері туралы көптеген хадистерді ашты. Хазірет Әлидің айтқан дін іліміне, имандылыққа қатсысты дана сөздері ел жадында көп сақталған. «Адамдар мына үш топтан тұрады: біріншісі – раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеушілер, үшіншісі – әркімге құлақ түріп, жел қалай тұрса солай ауып, ілім нұрымен өзін нұрландыра алмаған және таяныш-тіректен жұрдай тобыр. Ілім дүние-мүліктен артық. Ілім сені қорғайды, ал малдың қорғаушысы өзіңсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние-мүлік жұмсаған сайын кеми береді» -дейді хазірет Әли.

Хазірет Әли төрт жыл тоғыз ай халифа болып, ел басқарды. Сол уақыт ішінде ол ел есінде қалатын көп жақсылықтар жасады. Рамазан айының он жетісінде таң намазын оқуға шыққан хазірет Әли харижит Әбдуррахмен ибн Мүлжанның у жаққан қылышы басына тиіп, содан қайтыс болды.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика