584 көрілім

табандылыкӘр кәсіптің, яғни мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері болады. Егер сіз өз мамандығыңызды жақсы көретін болсаңыз, соның қыр-сырын терең меңгеріп, суығына тоңып, ыстығына күйсеңіз де ешқашан кәсібіңізді ауыстырмайсыз және сол салада табан аудармай істегендіктен, шеберлігіңіз бен тәжірибеңіз артып, ұжымға сыйлы боласыз.

Өз міндетін атқара алмайтындар

Өз кәсібін ұнатпайтындар, ақшасы көбірек жұмыс табылғанша уақытша жүре тұрайын дейтіндер әдетте ол мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, біліктілігімді арттырайын деп ойламайды. Сондықтан ондай адамдар жұмысын талапқа сай атқармайды және соған орай ұжымда онша сыйлы да бола қоймайды.

Өкінішке орай, бүгінде осындай өз кәсібін ұнатпайтындар қатары көбейіп барады. Бір жұмысты тастап екіншісіне ауысып, одан үшіншісіне көшіп, бірнеше жоғары оқу орнын бітіріп, қай мамандықты таңдарын білмей жүретіндер көп. Ондайлар жалақысы көп жұмыс табылса ойланбастан ауыса салады.

Адам бір салаға маманданып, сол мамандығының қыр-сырын меңгерсе сонда ғана ондай жан қоғамға да, өзі еңбек ететін ұжымға және жеке өз басына да пайдасын тигізбек. Ал, керісінше болса, ондай адамнан қоғамға да, өзіне де пайда жоқ.

Есерсоқтан таяқ жеген келіншек

Жақында әлеуметтік желіде бұрын психикалық аурумен ауырған шала есті біреуді тәртіп тезіне шақырмақ болған полиция офицері – жас келіншек әлгі бұзақыдан таяқ жеді. Мығым денелі әлгі еркек келіншекті қуып жүріп сабады. Бұл әлеуметтік желіні пайдаланушылардың көбінің ашу-ызасына тиіп, нәзік жанды әйелді сабаған еркекті, тіпті жынды болса да жауапқа тарту қажет дегенді  айтып жатты.

Дегенмен де, таяқтың екі ұшы болатыны  сияқты, бұл мәселеге басқа қырынан келсең, бұған айыпты әлгі полицияда қызмет ететін әйелдің өзі екенін бағамдауға болады. Мәселе былай: егер сіз адамдардың тыныштығын қамтамасыз ететін полицияда қызмет еттіңіз екен, онда физикалық дайындығыңыз жоғары болуы тиіс. Бокспен, каратемен немесе басқа да спорт түрімен айналысыңыз, жатпай-тұрмай жаттығыңыз. Сонда басбұзар бұзақыларды тәртіп тезіне салып, әлсіз жандарды қорғай аласыз.

Полиция қызметіне кірген әлгі келіншек өз кәсібін жақсы көрсе онда сол саланың білікті маманы болар еді. Ал, полиция офицері мейлі ол әйел, не ер адам болсын, міндетті түрде физикалық жағынан үнемі жоғары дайындықта болуы тиіс. Өйткені, форма киген адамнан жұрт басбұзарды тәртіп тезіне салып, қылмыскерлерден қорғайды деп үміт етеді.

Мамандықтың бәрі жақсы

Егер сіз өз мамандығыңызды ұнатсаңыз, онда міндетті түрде оның қыр-сырын меңгеріп, өзіңізді кәсіби жағынан дамытуға күш салатын боласыз. Өйткені, сіз өз кәсібіңізден, жұмыстан рахат табасыз. Сондықтан, ешқашан оны басқа жұмысқа айырбастау туралы ойламайсыз. Бір салада ұзақ жылдар еңбек еткен адамда міндетті түрде мол тәжірибе болады.

Мамандықтың бәрі жақсы, тіпті көше сыпырушы болсаңыз да өз жұмысыңызды ұнататын және содан қанағат сезімін табатын бослаңыз, онда сіз жалақының аз-көптігіне қарамай сол жұмысты өле-өлгенше істейтін боласыз. Өмірде бақытты болу дегеніміздің өзі – жаның қалаған іспен айналысу.

Түйін: Егер сіз өз жұмысыңызды ұнатпайтын болсаңыз, әлі де кеш емес, оны ауыстырыңыз. Көңіліңіз қаламаған іспен айналысып, жаныңызға ұнамайтын, бірақ жалақысы көп жұмысты атқарғаннан, көңіліңіз қалаған жалақысы аз жұмыс істеген  мың есе жақсы. Жалақысы үшін амалсыз жұмыс істеген адам қайта-қайта сағатына қарап, қашан кеш болады, қашан демалыс келеді деумен өмірін тауқыметте өткізеді. Ал, жаны қалаған іспен айналысқан жан үшін жұмыс – нағыз толыққанды өмірдің өзі.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика