105 көрілім

Мына фәни дүниеде бәрі де шектеулі, яғни әрнәрсенің шегі, өлшемі  болады. Үйдің, елді мекеннің, тау, өзен, теңіздің, мұхиттың, тіпті аспан мен жердің де шегі бар. Жан-жануарлардың, адамның әрекеттерінің, өмірінің де белгілі шектері бар. Жан-жануарлардан адамның бір ерекшелігі сонда: оның әрекет шегі хайуандарға қарағанда көбірек және ол ар-ұят өлшемімен белгіленген.

Шектен өту құрдымға құлатады

Жаратқан белгілеп қойған шектен ауытқу жанды-жансыз нәрсе үшін барлық уақытта да қауіпті болмақ. Мәселен, жер өз осімен және Күнді белгілі шапшаңдықта, белгілі қашықтықта  айналып жүреді. Егер Жер айналысының шапшаңдығы сәл-пәл өзгерсе, бұл жер үшін де, онда тіршілік ететін мақұлықтар үшін де опатпен аяқталар еді.

Жан-жануарлардың бәрі де Алла белгілеп берген шекте өмір кешеді. Хайуандар мен аңдар, өсімдіктер Жаратқан белгілеген шектен шығуға еш талпынбайды. Ал саналы адамның Алланың белгілеген шегін бұзып жататын жайлары жиі ұшырасады.

Мәселен, еркек хайуандар бір-бірімен ешқашан шағылыспайды. Ал бір жынысты адамдар арасында бір-бірімен жақындасатын жайлар соңғы кезде көбейіп кетті. Тіпті, оларға Батыс елдерінде заң жүзінде рұқсат беріп, еркектердің немесе әйелдердің бір-бірімен үйленуіне жол ашып қойды. Қасқыр, жолбарыс сияқты жыртқыш аңдар ет жейді, оларды ешқашан шөпке үйрете алмайсың. Ал саналы адам тамақтан өткеннің бәрін жейтін болды. Қытайда тіпті, ұсақ құрт-құмырсқаларды тірідей жейтін әдеттер де кездеседі екен.

Жаратқан белгілеп берген шектен өту адам үшін де өте қатерлі. Алла белгілеп берген азық-түліктен басқа тағамдарды ішіп-жеу, өз жыныстыларымен жақындасу, алкоголь өнімдерін, есірткі заттарын пайдалану – бәрі де адамды аздыратын әдеттер. Ондай әрекеттің қаншалықты зардабы болатынын көріп те, естіп те жүрміз.

Жаратқанның жолымен жүру – бақытқа бастайды

Жанды-жансыз заттардың бәріне Алла белгілі жол көрсетіп, сонымен жүруді  пәрмен етіп белгілеп қойған. Ай, Күн, жұлдыздар өз жолымен жүріп, адам, басқа да тіршілік иелері үшін игілік береді. Сол сияқты жан-жануарлардың да өз жолы, өмір сүру ортасы бар.

Адамға да Алла өмір сүру жолын, өмірінің өлшемін алдын ала белгілеп қойған. Адамның орта жасы 70-80 жыл болса, 17-18 жасқа дейінгі кезеңінде оқып, білім алады және бұл – балалық кезең, яғни өсіп, жетілу шағы болмақ. 18 жастан 35 жастың аралығы жастық шақ, яғни бұл кезеңде адам үйленіп, отау  құрады, өмірден орнын тауып, белгілі мамандық алып, кәсіппен айналысады. 35-60 жастың аралығы орта кезең – бұл кезеңде адам балалы-шағалы болып, балаларына тәлім-тәрбие береді, қызметте, қоғамда орнын тауып, толыққанды өмір кешеді. 60 жастан асқан соң егделік пен кәрәлікке бой алдырып, енді еңбектен қол үзіп, немере-шөбере тәрбиелеп, жүзін Жаратқанға бұрып, бақи дүниенің игілігін іздейді.

Адам өмірінің осындай 4 кезеңі туралы веда ілімінің қайнары саналатын Бһагавад Гитада толық айтылған. Яғни, бұл Жаратқанның Өзі белгілеп берген жол. Өкініштісі сол, адамдардың көбі Алла белгілеген бұндай жолды сақтай бермейді. Кәмелет жасына толмай жатып, жыныс жақындығына барып, арсыздықтың құрдымына құлайтындар бар.

Жастық шақта кәсіп тауып, отбасы құрудың орнына нәпсіге беріліп, араққа салынатындар, қылмыс істеп өмірін қапаста өткізетіндер аз емес. Орта жаста да лайықты шаруасын жасамай, өздеріне де, өзгелерге де залалын тигізіп жататындар кездеседі. Егде тартқан жасында жас қыз-келіншектерге қырындап, тіпті зейнетақысын беріп жезөкше қыздарға баратындар немесе өзінің немересіндей қыздармен үйленетіндер де жоқ емес.

Шынын айтқанда, Алланың белгілеп берген жолын бұзған адамның бақыт таппайтыны ақиқат. Олар осы теріс әрекеттері арқылы бұл дүниедегі тірлігін қиындатып, бақи дүниеде қиямет сотына тартылып, күнәсі үшін тамұққа түсіп азап шекпек. Алланың жолынан ауытқушылықтың әкелер жалғыз игілігі – осындай.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика