1 047 көрілім

Сіз өткен өмір жолыңызды байыппен еске алып көрдіңіз бе? Олай жасамасаңыз, өміріңізді түгел еске түсіріп байқаңыз. Осылай жасағанда, сіз өмір дегеніңіздің өзі көңіліңізді жылылыққа бөлейтін жағымды немесе жаныңызды құлазытатын жағымсыз әсерлердің жиынтығы екендігін бағамдар едіңіз. Иә, өмір дегеніміз жағымды, не жағымсыз әсерлердің жиынтығы, онан басқа ештеңе де емес.
Бһагавад Гита кітабында мына фәни жалғандағы тірлікті сезім мүшелерінің сезім нысандарымен жанасуы арқылы алынатын әсер екендігі айтылады. Фәни жалған өз бетінше тұрғанда жақсы да, жаман да емес. Оны бізге жақсы немесе жаман етіп көрсететін сезім органдары арқылы алатын әсерлеріміз.

Бақытты немесе бақытсыз болу әркімнің өзіне байланысты.

Қыстың қақаған суығында далада мұздың ойығына суға түсу қалыпты адамның денесін тітіркететін жағымсыз іс. Ал мұздай суға шомылып үйренген «морждар» үшін ол тәнін рахаттандырар жағымды шаруа. Таңертеңгілік жарты сағат дене жаттығуын жасау үйренбеген адамға жан қинау болып көрінсе, салауаттылықты серік еткен адамға бұл тәнін сергітудің амалы болып табылады.

Бір түрлі әрекет – мұздай суға шомылу екі адамға екі түрлі әсерін тигізеді. Неге? Оның астарында сезім органы мен сезім нысанының жанасуынан туындаған әсер жатқаны анық. Бір адам бұны жағымды әсер түрінде қабылдаса, екіншісі керісінше жағымсыз деп санайды. Осының салдарынан бір түрлі әрекет екі адамға екі түрлі әсерін тигізеді.

Бақыт дегеніміздің өзі уайым-қайғысыздық және көңіл күйдің әрдайым көтеріңкілігі емес пе. Олай болса көңіліміз көктем, жанымыз жаз болып, әрқашан қуанышты күйде жүру үшін айналамыздағылардың бәрін жақсы әсер беретін сезім нысаны деп қабылдауымыз шарт. Егер керісінше жасасақ, яғни, қоршаған орта үнемі бізге түрлі қолайсыздықтар әкеледі деген түсінікті санамызға сіңірсек, онда үнемі жабырқау күйде жүретін боламыз. Ал еңсесін езген жабырқау ойлардан арыла алмайтын пендені бақытты деп айтуға бола ма?

Жағымсызды жағымды әсерге айналдырудың жайы.

Жоғарыдағы келтірген мысалдан қалыпты адамдарға жағымсыз сияқты сезілген мұздай суға шомылудың соған үйренген адамдарға тән рахатына кенелдіретін жағымды іс болып табылатындығы көрінеді. Яғни, сіздің қазір жағымсыз сезілетін істі жағымды шаруаға айналдырып алуыңызға болады. Ол үшін мұздай суға шомылып, бойыңызды соған үйретіңіз.

Бұл тек мұздай суға шомылуға ғана қатысты шаруа емес. Көңілімізді құлазытар жабырқау ойларға итермелейтін нәрселерді жанымызды жадырататын жағымды іске айналдырып алу өз қолымызда. Мәселен, сіз қыс маусымын ұнатпайтын болсаңыз қысқы демалыс, қысқы спорт ойындары сияқты тақырыптағы кинолар мен кітаптарды оқып, музыкаларды тыңдау арқылы қыс маусымының өзіңіз ойлағандай жаман еместігіне сеніміңізді арттыруыңызға болады.

Жақсы сөз – жарым ырыс.

«Секрет» фильмінде табысқа жетудің кілті – үнемі жағымды ойларды ойлап жүру екендігі айтылады. Біздің миымыз бір секунд та тынбай, үздіксіз жұмыс жасайды. Бір ой келіп, бір ой кетіп жатады. Сол ой тізбегінің арасында көңілімізді көтерер жылы естеліктер немесе болашаққа арналған жоспарлар да, керісінше жанымызды жабырқатар жаман естеліктер мен ертеңгі күні шешуге тиісті өзекті мәселелер де бар. Жағымды естеліктер көңілімізді көтеріп, жанымызға жылы шуақ құйса, жағымсыз естеліктер көңілімізді жабырқатады.

Бір ғұламаның «Алаңдаушылық ертеңгі кездесетін қиындықтан құтқармайды, керісінше бүгінгі көңіл күйімізді бұзады» деген сөзі бар. Көп адамдар өмірде кездесіп жататын қиындықтарды ойлап, ертеңгі күнім не болады деген алаңдаушылықпен көңіл күйі бұзылып жүреді. Біз қанша алаңдап, тынышымыздан айрылғанымызбен ертең болатын қиындықтан құтыла алмаймыз. Сондықтан, зерделі адам ондайға алаңдамай, бүгінгі шаруасын дұрыс атқарып, ертең кездесетін қиындықтан құтылудың амалын ойластырады.

«Адам түнекке назар аударса, түнек те оған назарын аудара бастайды» деген екен бір данышпан. Егер біз үнемі жаман нәрселерді ойлап, көңіліміз жабырқап жүрсе, сол арқылы өзіміз магнит сияқты жамандықты шақырамыз. Ондай адамның басынан қырсық арылмайды. Ал көңілімізді көтерер жағымды істер жайлы ойлап, көңілді жүруге тырыссақ, сол арқылы жақсылықты тартамыз. Қазақтың «жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалы да дәл осыған қарап айталған сияқты.

Жаттығу:

1-жаттығу. Молдасыңызды құрып жайланып отырыңыз. Деміңізді ішіңізге тартып, содан кейін аузыңыз арқылы дем шығарыңыз. Дем шығарған кезде қолыңыздың, аяғыңыз бен жалпы денеңіздің бұлшық еттерін босатыңыз. Бұл қарапайым иогалық жаттығы денені босатып, демалуға жағдай жасайды.
Содан кейін көзіңізді жұмып, өткен өміріңіздегі жаныңызға жағатын жағымды оқиғаларды есіңізге түсіріңіз. Өзіңіз бейне сол оқиғаның ортасында жүргендей, соны қайта бастан кешкендей әсерленуге тырысыңыз.

2-жаттығу. Көзіңізді жұмып, ойыңызға алған мақсатыңыз туралы ойланыңыз. Бәлкім сіз табиғаты көркем жерде екі немесе үш қабатты сәулетті котеджде тұруды армандайтын шығарсыз. Көз алдыңызға сондай әдемі үйді келтіріп, өзіңізді сол үйдің қожасымын деп сезініңіз. Жаныңыз қалаған жақсы іспен айналысасыз, тату-тәтті отбасыңыз бар, бақуатты тірлік кешесіз, денсаулығыңыз да жақсы. Осы жағымды ойларды санаңызға берік сіңіруге, өзіңізді сондай мақсатқа жеткен сияқты сезінуге тырысыңыз.

Түйін.

Қарапайым осы жаттығуларды үнемі жасап жүретін болсаңыз, көп ұзамай көңіл күйіңіздің өзгере бастағанын сезінесіз. Ең бастысы, жолыңыз ашылып, қырсықтан, жамандықтан арыла бастайсыз. «Түйсік бәрін жасай алады» бестселлерінің авторы, канадалық Джон Кехоның айтқанындай, санаңызды өзгерту арқылы сіз ойлаған арман-мақсаттарыңыздың бәріне де жететін боласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика