789 көрілім

ақылӨкпешілдік адамдардың бәріне тән қасиет. Бұл шындығында реніштің бір түрі, тек айырмашылығы – адам жақын танысы немесе туысының теріс ісіне өкпелейді, ал реніш барша адамға, оның ішінде танымайтын бөтен адамға да қатысты болады. Қазақта «өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген сөз бар.

Өкпелеудің залалдары

Өкпелеу арқылы адам жақын танысы немесе туысына ренжиді, ал ол өз кезегінде ара қатынастарын суытып, аулақтатады. Ағайын туыстардың арасындағы өкпешілдік біраз уақыт араларын суытқанмен, кейін келе өкпені ұмытып, қайта татуласатын жайлары да болады. Десе де, қатты өкпелеген туыстардың арасы өле өлгенше суынып кететін жағдайлар да кездеседі.

Өкпелеген адам танысына, не туысына ренжіп, өзінің түрлі сәтсіздіктеріне, басқа да қиын жағдайларына әлгі туысын кінәлап, бар ашу-ызасын соған бағыттайды да, өмірінде кез болған қиын мәселені өздігінше шешуді ойламайды. Сондықтан, оған тигізетін әлгі бақытсыз жайдың ауыртпалығы ауырлай түседі.

Өкпелеудің тағы бір залалы – арақатынасты суытып, аулақтатады. Егер керісінше, өкпеге бой алдырмай, әлгі туыс, не танысыңмен дұрыс қатынасты жалғастырсаң, көп мәселені шешіп алуға болар еді. «Адамның күні адаммен» деген нақыл да сондайға қарап айтылса керек.

Өкпелеген адам ашуға бой алдырады, ал ашу адамның ақылын тұмандандырады, ақылы тұманданған пенде жақсы мен жаманды айырудан қалады.  Ондай адам әдетте қателікке бой алдырып, түрлі теріс әрекеттер жасап өкініште қалып жатады.

Өкпелеудің пайдасы жоқ, залалы көп

Біздің бір көрші болды. Күйеуі жастау кезінде қайтыс болған жесір әйел еді. Оның жалғыз ұлы бар болатын. Әкесінің інісі қаржы жағынан көмектесіп оларға шағын үй салып берді. Кейін ұлы институт бітіріп, аудан орталығына жұмысқа шақырылды. Ол біраз жыл тұрған үйін сатпақ болғанда, оған қаржылай көмек көрсеткен туысы сатқызбай өзі алып қалды. Оның астарында «бұл менің үйім» деген пиғыл жатқандай еді. Содан болар, жесір әйел мен ұлы туыстарына қатты ренжіп кетті.

Сол тұста біраз жасқа келіп қалған әйел ұлына «туыстарыңның сиқы мынау, мені қайтыс болған әкеңнің қасына апар, сүйегім сонда қалсын» дейді. Сөйтіп, әлгі жігіт Тәжікстанға қоныс аударды. Осылайша, ол туыстарынан өле өлгенше безініп, көрмей кетті. Бұдан кім ұтты?

Егер әлгі жігіт пен анасы туыстарының сараңдығын кешіріп, туған елден кетпесе, кейін араларындағы суық қатынас жылынуы мүмкін еді. Және туған елде жүрсе, жоғары білімі бар жас жігіттің баспана алуына кім кедергі келтіреді дейсің. Яғни, уақыт өте келе тұрмысын түзеп, еңсесін көтерері анық. Ағайын туыстан безіп, жат жерге кеткен ол одақ ыдыраған кезде қайта келіп, әйелінің туыстарын сағалады. Әрине, жат жерден келгендіктен, бұнда тұрмысы бірден түзеліп кете қоймады. Яғни, ертеректегі ағайынға өкпелеу арқылы жасаған қателігінің салдары бар өмірін шарпыды.

Тас түскен жеріне ауыр немесе жауапкершілікті мойынға алу

Мен онжылдықты бітірген кезде ағам үйленіп, менің оқуға баруым екінші кезекке сырғытылып тасталды. Содан Алматығы чемоданымды арқалап барып, жолым болмай қайттым. Ал келесі жылы мені Алматыға апарады деген ағам жұмыстан босай алмай біраз жүріп, тек шілде айының соңында босады.

Содан мені  оқуға алып барды. Мен құжаттарымды 31 шілде, яғни, құжат қабылдаудың ең соңғы күні тапсырдым. Оқуға түсе алмаған соң ауылдағы кәсіптік училищеде  оқыған едім. Онда стипендия төлейді және жүргізушілік куәлігін аласың. Мінездемені де сол училищеден алғанмын. Сөйтсем, училище бітірген соң жоғары оқу орнына екі жылдан кейін ғана құжат тапсыруға болады деген ереже бар екен. Сөйтіп, құжатымды қабылдамады.

Әскерден келгесін де жолым болмай оқуға түсе алмай біраз жүрдім. Содан іштей осының бәріне ағамды кінәлап, соған өкпем қара қазандай болып жүрді. Бұл кезде ағам лауазымды қызмет атқарып, өз жайымен кеткен еді.  Әр жолы оқудан құлаған кезде ағамды айыптап, іштей оны қарғап-сілеумен жүргенде біраз жылым өтті. Содан бір күні басыма мынадай ой келді: ағамның менде еш шаруасы  жоқ, өз жайымен кеткен адам, бар ауыртпалықты көтеретін өзім, оқуға түсу оған емес, маған керек».

Міне, осы ой келгеннен кейін оқуға жанымды салып дайындала бастадым. Үнемі шығармадан құлайтынмын. Содан қалың дәптерге шығарма жазып жаттығып, соны толтырдым. Сол жылы жолым болып оқуға түстім. Егер ағама өкпелеп, бар айып сонда деп жүре берсем, жоғары білім ала алмас едім. Бұған ағамның ештеңесі кетпес, сорлайтын өзім боларым анық.

Жауапкершілікті мойныңа ал

Өзін өзі жетілдіру жөніндегі бапкер, әлемге танымал қайыршыдан миллионер болған Брайан Трейси өкпелемеудің амалы жауапкершілікті өз мойныңа алу дейді. Қазір адамдар Үкіметке, Президентке, әкімдерге өкпелейді. Солар жұмыс тауып бермейді, жалақыны көтермейді, баспана бермейді деп өзінің проблемаларына басқаларды айыптап жүріп, уақыттарын текке өткізіп жатады. Бұдан әлгі олар өкпе артқан шенеуніктердің ештеңесі кетіп жатқан жоқ, бар ауыртпалық соларға өкпелеп, өз бетінше қиындықтан шығар жол іздемейтін адамдардың өз мойындарына түседі.

Сондықтан, егер өмірден өз орныңызды тауып, бақытты, бақуатты болғыңыз келсе, ӨКПЕШІЛДІК деген кесапаттан аулақ болыңыз. Туыстарыңызға да, таныстарыңызға да, Үкіметке де өкпе артпаңыз. Сіз ӨЗ ТАҒДЫРЫҢЫЗ үшін ӨЗІҢІЗ ЖАУАПТЫСЫЗ. Осы АҚИҚАТТЫ есіңізден шығармасаңыз, сонда қиындақтан аулақ боласыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика