782 көрілім

ақша21 жастағы алматылық Абылай Тұрлин  деген азамат 741600 теңгеге шетелдік қымбат бағалы кәстөм сатып алып, оның суретін әлеуметтік желідегі парақшасына салып астына «Бұл қалыпты жай, мына өмірдегі бәрі шынайы» деп жазып қойыпты.  Ол өзінің IT саласында қызмет ететінін, жалақысының жоғары екендігін, сұлу қыздармен қыдырғанды ұнататынын да жасырмапты. Әлеуметтік желіде жас жігіттің бұл әрекетіне қатысты кереғар  пікірлер айтылды. Десе де, жұрттың көбі адамдардың дені азын-аулақ жалақымен жан бағып, пәтер жалдап тұратын қоғамда байлығын жариялап, біреулердің бір жылдық табысына бір кәстөм сатып алған әлгі жігітті жерден алып-жерге салды.

Леонид Гайдайдың комедиясының кейіпкері айтатын «жақсы өмір сүру одан да жақсы» екендігін ешкім де теріске шығара қоймас. Бүгінгідей ақша билеген нарық заманында көп табыс табуды армандамайтын пенде кемде-кем. Бірақ та, бұндай бақыт екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Пәлен жыл жоғары оқу орынында оқып, қолақпандай диплом алып шығатын мамандардың айлық жалақылары әлгі алматылық жігіт сияқты табысы көп азаматтардың  кәстөмі түгілі, тәпішкесін сатып алуға да жетпейтіндігі жасырын емес. Тәпішке демекші, әлеуметтік желіде  Алматыдағы айтулы сауда үйінен 135 мың теңгеге сатып алғынған тәпішкенің чегінің көшірмесі жарияланып, бұл да жұртшылық тарапынан біраз шулы пікірлерге азық болған еді. Ал, енді ұрпақ тәрбиелеумен айналысып жүрген мұғалімдердің айлық жалақысының қанша екендігін есіңізге алыңыз да, 135 мың теңгеге тәпішке алатын адамның әрекетіне баға беріп байқап көріңіз.

Жә, адал еңбегімен тапқан ақшасын кім қайда жұмсайды, ол әркімнің өз шаруасы. Десек те, табысы мол осындай азаматтардың ақшаларын қымбат кәстөм, тәпішке сияқты кәкір-шүкір алуға жұмсағанша, тұрмыс тауқыметін тартқан мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетуге, қайрымдылыққа жұмсаса қандай тамаша болар еді деп армандайсың. Осыдан екі-үш жыл бұрын бір әнші-жұлдыздың туған күніне достары (олар да жұлдыздар)  қала маңынан сәулетті екі қабатты коттедж сыйға тартқанын ақпарат құралдары айқайлатып жазған еді. Достары әлгі жұлдызға жыл сайын сондай қымбат сыйлықтар жасап тұрады екен. Соған қарап, әлгі жұлдыздың баспанаға мұқтаждығы жоқтығын бағамдайсың. Сөйтесің де, сол ақшасы көп жұлдыздар онсыз да бақуатты әріптестеріне қажеттігі жоқ коттеджді тарту еткенше, мұны баспанаға мұқтаж тауқымет тартып жүрген отбасыларға жасаса,  ғанибет болар еді-ау, дейсің.

Жақында фейсбукте аты-жөнін жасырған бір қайрымды кәсіпкер азаматтың көп балалы баспанасыз жүрген отбасына қаладан жайлы бес бөлмелі пәтер сатып әпергендігі жайындағы мақаланы бөлісіп, өз парақшама салып қойдым. Қажетті жиһаздарымен қоса сыйға тартқан әлгі кәсіпкерге деген көп балалы отбасының алғысын айтып жеткізу қиын. Осы мақаланы оқып, риза болып лайк басып, жағымды пікір жазандар өте көп болды. Осыны оқығанда «өле жегенше, бөле же» деген қазақ мақалының ақиқаттығын мойындағандай болдым. 741 мың теңгеге кәстөм сатып алып, сонысын мақтаныш көріп әлеуметтік желіге салған жігітті жерден алып, жерге салған жұрт, көп балалы отбасына баспана сыйлаған қайрымды кәсіпкерді көкке көтеріп, бар жылы сөздерін жарыса жазып жатты. Екі адам, екі түрлі әрекет, нәтижесі де екі басқа…

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика