79 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Материалист ғалымдардың өлім жайлы ой-пікірлері өте қарабайыр. Материяны әуелгі деп қабылдап, ой, қиял, сағыныш, сүйіспеншілік сияқты материялдық емес қасиеттерді химиялық элементтерден құралған тән ағзалары жұмысының жемісі санайтын материалистер үшін өлім деген мәңгі ұйқыдан басқа ештеңе емес. Адам ұйықтағанда ештеңе сезбейді, бейне қара түнекке сіңіп жоғалғандай күй кешеді. Материалистердің түсінігінше өлім деген де ұйқы тәрізді, бірақ ол мәңгі ұйқы. Қайта ояну мүмкін емес.

Өлген соң адам ағзаларының жұмыстары толық тоқтайды да, көп ұзамай ет ағып, сүйек біртіндеп тасқа айналады. Осылайша, химиялық элементтерден тұратын адам тәні өлген соң қайтадан химиялық элементтерге ыдырайды. Адам ағзасының жұмысы тоқталған соң оның ойлау қабілеті де жоғалатыны түсінікті.

Бір сөзбен айтқанда, материалистік ғылымның пайымынша өмір деген қараңғы түнектің арасындағы жылт еткен жарық мезет. Мәңгілік уақыт пен шексіз кеңістікте ұзақ жылдарға созылған эволюциялық дамудың нәтижесінде пайда болған адам атты екі аяқты пенде химиялық элементтерден құралған тәнге ие болған кезде санасы жарықтанып, өзін де, айналасын да сезініп, толыққанды өмір сүре бастайды. Ал, тәннің жұмысы тоқтаған кезде, яғни өлгеннен кейін сана да жойылады, өмір де мәңгіге тоқталады.

Өлім жөніндегі материалистік осы түсінікті қабылдар болсақ, адам өмірінің көк тиындық құны да, еш мәні де қалмайды. Егер біз өлген соң мәңгіге өшіп жоғалатын болсақ, онда болашақ ұрпақ үшін тер төгіп еңбектенудің, ғылым мен білімді дамытудың, атақ-даңқымызды қалдырамыз деп тыртыңдаудың қандай қажеті бар? Мұндай түсініктің адамды үмітсіздікке, торығуға, күдер үзуге ұрындырып қана қоймай, мынау бір-бірімен жымдаса байланысқан соншалық шебер ойластырып жасалған дүниені мән-мағынасыз етеді.

Материалистік түсінікке сай кездейсоқтықтың салдарынан жаратылған табиғат сондай кездейсоқ апаттардың салдарынан жойылуы да әбден мүмкін. Ол кезде миллиондаған, миллиардтаған жылдар бойы эволюциялық жолмен дамып жетілген тіршілік атаулы бір-ақ сәтте жойылып тынбақ. Ондай апатты ешкім де теріске шығара алмасы анық. Сондықтан, болашақ ұрпақ үшін тірлік кешуді өмірдің басты мәні деп ұғындырмақ болатын материалист ғалымдардың түсініктерінің өзі тұрлаусыз болып шығады.

Яғни, миллиардтаған жылдар бұрын суда кездейсоқ пайда болған белоктан тұратын бір клеткалыдан даму арқылы қазіргі сан алуан және аса күрделі тіршіліктің жаратылғаны сияқты кездейсоқ апаттардан ол жойылып кетер болса (тіршілік мәңгі жасай береді деген ешқандай кепілдік жоқ), онда тіршіліктің қайта пайда бола қоюы екіталай. Мұның өзі өмірдің мәні болашақ ұрпақтың бақыты үшін еңбек ету деген материалистік ұғымның тас-талқанын шығарады.

Сондай-ақ, өлім мәңгі өшіп жоғалу деген түсінікті санаға сіңіру адамды жауапкершілік атаулыдан аулақтатып, нәпсінің құлақ кесті құлына айналдырады. Ақыры өліп мәңгіге жоғалады екенмін, онда осы қысқа ғұмырда ойнап-күліп, ішіп-жеп барынша қызық көріп қалайын да деген түсінікті қалыптастырады.

Ешкімге сездірмей ұрлық та істе, зина да жаса, пара да ал, арақ-шарапты денсаулығың көтергенше іш, жалған сөйлеуге, зорлық-зомбылық жасауға, тіпті кісі өлтіруге де болады. Ебін тапсаң бәрін жаса. Өйткені, діни түсініктегідей ақырет соты деген болмайды. Өлген соң іріп-шіріп мәңгі жоғаласың.

Мұндай түсініктің адамзат қоғамы үшін қаншалықты қатерлі екендігін қазір біз көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Маскүнемдер мен нашақорлар, жезөкшелер мен гомосексулистер, зинақорлар мен жемқорлар, тағы басқа осындай арсыздықтардың бәрінің түп себебі құдайсыздықта, о дүниедегі өмірдің барлығына сенбеуде болып отырғандығы даусыз.

#Тылсым дүние

Қазақ тілінде кез-келген тақырыпта мақала жазуға, мәтінді орыс тілінен қазақшаға аударуға, өз атынан кез-келген тақырыпта кітап жаздыруға тапсырыс беруге болады. Ақысы келісімді. 8-701-3001474 телефонына немесе вадсапқа хабарласыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика