439 көрілім

ақиқат«Өзекті жанға бір өлім» дегендей, тірі пенделердің бәрі міндетті түрде ажалдың дәмін татады. Ажал адам дүниеге келген күннен бастап көлеңке сияқты қыр соңынан қалмай жүріп, уақыты келгенде алып тынады. Одан қашып құтылушы жоқ. Бәріміздің басымызға келетін осы құбылыс туралы бірақ бәріміз бірдей ойлап, оның астарында не бар дегенге көңіл бөлмейтініміз өкінішті.

Ажалдың жойқын күші

1985 жылы әкем қайтыс болды. Мен ол кезде университетте оқып жүрген жас жігіт едім. Сол тұста тұңғыш рет ажалдың адамды езіп-жаншып тастар жойқын қуатын анық сезінгендей болып едім. Иә, ажал небір мықтымын деп шіренгендерді де тұқыртып, кеудесін басып, жаншып тастайтын құдыретті күш.

Жанашыр жақынынан айрылған әрбір пенде ажалдың осындай жойқын қуатын анық сезінеді. Сөйтеді де, қашып құтыла алмайтын бұл құбылыстың алдында өзінің дәрменсіздігін түйсініп, амалсыз оған мойынсұнады.

Қартайып, ауырып төсек тартып жатып өлген адамның жөні бір басқа да, кеше ғана аман-есен қол-аяғы балғадай жүгіріп жүрген азаматтың күтпеген жерден қаза табуы бір басқа. Кездейсоқ және жедел келген ажалға айналасындағылар сенбей, ұзақ уақыттар бойы әлгі кісі сапарлап кетіп, қайта оралардай күтіп жүреді.

Өлім жиіркенішті

Сіздің өлген адамды көргеніңіз бар ма? Тірі адам мен өліні айырар бір ерекшелік – ол адам бойындағы өмір қуатының жоғалуы. Өмір қуаты жоғалғанда адам қатып-семіп, бет әлпетінің нұрынан айрылып,  сұп-сұр болып кетеді, көз ұясы ішіне еніп, үңірейіп қалады. Жалпы, қорқыныш қана емес, жиіркеніш туғызатын жаман көрініс бұл.

Ал, өлген адамды жерлеу онан да жаман кері әсерін тигізіп, қорқыныш пен үрейді ала түседі. Мұсылманша жерлегенде терең шұңқырға сұрып кебінге орап бір жағын ойып лақат етіп қояды да әлгі тесікті бекітеді. Сосын үстіне топырақ салып жабады. Христиандар табытқа салып көміп тастайды. Буддашылар өлікті қол-аяғын сындырып, далағы итқұсқа жем етіп тастайды екен, ал индустар өртеп жібереді. Қайссын алсаңыз да оңып тұрған ештеңесі жоқ.

Өлген адамды жерлеу кезінде өлікті қоюға қатысқан әрбір пенде бұрын жұлқынған әлгі азаматтың өлікке айналып, мүсәпір әрі жиіркенішті күйге түскенін көріп, сезінеді. Ал, енді қабірге қойылған мүрденің жайы не болатынын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Еті ағып, иістеніп, бұзылып, шіриді. Баяғы жұлқынған адамның жайы осылай болады.

Қима деген ауданда газетте қызмет етіп жүрген кезімде зейнеткерлікке шыққан жалғызбасты бір орыс журналист болған еді. Өзі арақ ішетін. Содан ол өз пәтерінде жүрегі тоқтап қайтыс болады. Жаздың күні еді. Біраз күн оны ешкім білмей, өлік бұзылып, иістене бастайды. Қолқаны алған жаман иісті сезген көршілер милиция шақырып, есікті бұзып кіргенде өліп жатқан мүрдені көреді.

Өлім адамзатқа жат құбылыс

Алла неге адамды қартаятын, ауыратын және өлетін етіп жаратты? Өлім адам тәнін сасытып, шірітіп, жоятын немесе құрт-құмырсқаға, басқа аңдарға жем ететін құбылыс болса, Алла неге адамды осынша қорлайды?

Бұның жауабын табу үшін айналаңызға, мына өмір деп аталатын дүниеге, онда болып жатқан жайларға түгел ой жіберіп, ақыл таразысына салып қараңыз. Мына фәни бастан-аяқ АЗАП пен ТАУҚЫМЕТКЕ толы. Бұл – АҚИҚАТ.

Шыр етіп дүниеге келген сәби шағынан бастап адам байғұстың көрмейтін азабы жоқ. Ыстық болса да, суық болса да оған жақпайды. Түрлі насекомдар шағады, ауру келіп азапқа салады, ер жете бастағанда жанын ауыртатын сөздер естіп тағы қиналады. Адам ғана емес, барша тірі мақұлық түгел мына фәниде азаптан көз ашпайды. Неге?

Бұның астарында Жаратқанның: «Ау, ақылы бар тіршілік иелері, мына фәниді сендерге туған үй етіп жаратпадым, бұл азап пен тауқыметке толы ЖАТ МЕКЕН. Сендердің  ТУҒАН ҮЙЛЕРІҢ – Менің патшалығым, рухани әлем. Онда ауру, кәрілік, ажал жоқ, онда бай-кедей деген болмайды, онда әділетсіздік деген түсінік жоқ, онда барша тіршілік иелері МӘҢГІ ЖАН РАХАТЫНДА өмір кешеді. Сондықтан ЖАТ МЕКЕННЕН құтылып, ТУҒАН ҮЙГЕ оралыңдар» деген астарлы ой жатқандай.

Бұны фәни жалғанға ақыл көзімен қараған әрбір пенденің көріп, түйсінері анық. Ал, көздерін надандық шелі басқандар мына фәниден бақыт іздеумен бар өмірлерін тауқыметте өткізіп, Алланың шапағатынан мақұрым қалып, шіріген мүрдеге айналады.

Түйін: сіз өзіңізді ауыратын,  мыж-мыж сұрықсыз болып қартаятын, ақыр соңында өліп шіріген мүрдеге айналатын ТӘНМІН деп санайсыз ба, немесе мәңгі жан рахатында тірлік кешетін МӘҢГІЛІК ЖАНМЫН деп ойлайсыз ба? Ақыл-есі түзу әрбір пенде мәңгі мәні бар осы сауалдың жауабын тапқанда ғана және дұрыс жолды таңдағанда ғана өмір мәнді болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика