1 084 көрілім

инвестиция-1Күнделікті өмірде жан-жағыңызға зер салып қарайтын болсаңыз, қабақтарынан қар жауған көңілсіз адамдарды көретініңіз рас. Автобуста немесе көпшілік орында, көшеде келе жатқанда күліп, жайраңдап жүретін адамдар аз ұшырасады. Егер адамдардың әңгімелеріне құлақ түре қалсаңыз, көбіне өмірінде кездесетін түрлі қиындықтар жайында естисіз. Тіпті, ақпарат құралдарынан берілетін жаңалықтардың басым көпшілігі апаттар мен қылмыстар, бақытсыздықтар жайында болып кетті.

Адам өмірін өзгерте ала ма?

Жас кезінде адамдар болашақтан көп үміт күтіп, жақсы оқуға түсіп, жақсы мамандық алсам, жалақысы көп қызметке тұрып, бақытты отбасы құрсам деген сияқты арман-қиялдарға берілгіш болады. Содан кейін оқуды бітіріп, қызметке тұрған соң, отбасы құрып, өмір жолы біршама тұрақты жолға түскеннен кейін бірсарынды тірлік басталады. Бұны таптаурын ескі сүрлеумен салыстыруға болады. Адамдардың басым көбі өмір атты үлкен жолды дәл осындай таптаурын сүрлеумен жүріп аяқтайды.

Олар, тіпті өмірлерін өзгертуді онша ойламайды да.
Өзім араласатын орта жасқан асқан адамдардың бәрі дерлік осындай бірсарынды тірлік кешеді. Олардың бар армандары аздаған жалақысы көптеу жұмыс тапсам, баспанамды жақсартып, автокөлік алсам, баламды оқытып, аяқтандырсам деген сияқты жұрттың бәріне ортақ жайлардан аспайды. Көріп жүрген сол таныстарымның көпшілігі, тіпті сол жалпыға ортақ қарапайым арман-мақсаттарына да жетпей, барын қанағат тұтуға мәжбүр.

Мен өткен жылы өзін жетілдіру саласында көптеген кітаптар жазып, әлемнің әр түкпірінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Алекс Яновскийдің жарты айлық оқу курсында оқыдым. КСРО қирап жатқан тұста АҚШ-қа бақыт іздеп барып, ішер асқа жарымай көп қиындық көрген ол өзін жетілдіру курстарынан өткеннен кейін алдына нақты мақсаттар қою арқылы бай-бақуатты адамға айналады. Бүгінде миллиардтаған доллар ақша табатын алып корпорацияның директорлар кеңесінің мүшесі, миллионер Алекс Яновсткий өмірді өзгертуге болатынына кәміл сенеді.

Өмірді өзгерту үшін не істеу қажет?

Ең алдымен нақты мақсат болуы қажет дейді Яновский. Сіз өзіңізге не қажет екендігін және сол қажетті нәрсені қолыңызға түсіру арқылы өміріңізді қалай өзгерте алатыныңыз туралы жақсы білуіңіз шарт. Сол үшін мақсатыңызды қағазға ойланып отырып, асықпай толықтай жазып шығыңыз. Бұл – ойыңызды нақтылауға көмектеседі.

Мәселен, «Мен алдағы он жылдың ішінде тапқан табысымның он пайызын ай сайын инвестициялау арқылы айына 5 мың доллар өсім табатын дәрежеге жетемін. Содан кейін жұмысты тастап, сол депозитімнің өсімімен күн көретін боламын. Айына күнкөрісіме 4 мың доллар жетеді, ал 1 мың долларды қайта инвестициялау арқылы табысымды көбейте түсемін. 20 жылдан кейін менің ай сайынғы өсім пайызым 25 мың долларға жетеді. Менде сәулетті үй, қымбат автокөлік болады, отбасыммен еш қайғы-мұңсыз бақытты тірлік кешемін».

Сіз қағазға түсірген осы мақсатыңызды күн сайын болмаса да, кемінде аптасына бір рет қарап, оқып отыруыңыз қажет. Сонда ойға алған мақсатыңыз нақтыланып, оған жетсем деген ынта мен құлшыныс күшейе түспек. Мақсатқа жетудің басты кілті – мақсаттың нақты болуы, оған жетсем деген құлшыныс пен ынта және қиындыққа мойымайтын табандылық болуы шарт. Міне, осы үш қажеттілік болған кезде кез келген мақсатқа жетуге болады дейді американдық миллионер.

Тест: сіз осы күнге дейін алдыңызға нақты мақсат қоймасаңыз, өміріңізді өзгертетін және жақсартатын арман-мақсат жайлы ойлап көріңіз. Жәй ойлап қоймай, оны қағазға түсіріп жазыңыз. Ол мақсат қол жетпес қиял емес, мүмкіндігіңізге сай келетін, өзіңізге ұнайтын және соған жетсеңіз бақытты болар едім деп санайтын болуы шарт.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика