964 көрілім

тәубеАдамдардың көбі өмірге түрлі түсті көзілдірік арқылы қарайды. Өкініштісі сол, олар көзілдірік арқылы бұрмаланған өмірді шынайы өмір деп санап, өздерін ақиқат жолында жүргендей сезінеді және соған шүбәсіз сенеді. Ал теріс жолмен жүрген, бірақ түзу жолмен кетіп барамын деп санайтын адамның ешқашан діттеген жеріне жете алмайтыны даусыз.

Надандық құрсауында

Ұлы Абайдың «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деген өлеңі өз мәнін ешқашан жоймайды. Өйткені, жұрт айтса болды деп өзгелердің жасағанын айна-қатесіз қайталаумен тірлік кешіп жататындар бұрын болған, қазір бар және болашақта да бола бермек.

Білім жарық десек, надандықты қараңғылықпен теңеуге болады. Жарықта жүрген адам мен қараңғыда қалған пендені салыстыруға болмайды. Қараңғыда сипаланып, оң-солын анықтай алмай қармаланған пенденің шұңқырға құлап немесе жартасқа басын соғып алу қаупі қадам басқан сайын кездеседі. Ал жарықта жүрген адамға бәрі алақанға салғандай анық көрінетіндіктен, еш қауіпсіз ойлаған жеріне оңай бармақ.

Өмірге көзілдірікпен қарайтындар кімдер?

Егер айналаңызға зер салып қарасаңыз, ондайлардың қадам басқан сайын кездесетінін бағамдайсыз. Ондайлар әдетте өз бастарымен ойлап, іс жасамайды, әрдайым көпшіліктің жасағандарын өзгеріссіз және ойсыз қайталайды.

Міне, соңғы бірер жылда әлемді билеген дағдарыс бізге де келіп, тұрмысымызға біраз қиындығын тигізіп жатыр. Жұмыс орындары жабылып, қысқартулар жүруде. Баға көтеріліп, ақша құнсыздануда. Мұндай жағдайда ақыл-есі түзу адам ертеңін ойлап, әр тиынын үнемді пайдалануға тырысуы тиіс. Қазақтың «тарта жесең тай қалады, тоя жесең түйе де қалмайды» дегені үнемшілдіктің пайдасын көзге шұқығандай көрсетіп тұрған жоқ па.

Бірақ ақыл-естен айрылған пенделер заман қиындап, тұрмыс ауырлаған сайын тойшыл болып бара жатқандай. Кредит алып, ашылып-шашылып той жасап жатқандар қатары көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Басқаны қайдам, өзім қызмет ететін ұжымда бұрын туған күнде қыста бір торт алып, шәй беретін де, жазда қауын-қарбыз алатын. Ал қазір табақ-табақ ет, арақ-шарап, оған қоса тортың бар, басқаң бар қайыстырып дастархан жасау дәстүрге айналыпты. Жұрт бір-бірінен қалыспай тыраштанып тойлап жатыр.

Кеше Атбасардан бір танысым телефон шалып, өзінің туған күнін елу адам шақырып дүрілдетіп өткізгенін, ал бірге қызмет істейтін келіншек еті жоқ, шөп-шалам, арақ-шараппен жүдеу дастархан жасағанын айтып, әлгінің ит терісін басына қаптап сынады.

Көзілдірігіңді шеш

Өмірге көзілдіріксіз қарау адамға не береді? Ең алдымен, өмірдің шынайы бейнесін көріп, өзіңе пайдалы нәрсені жасауға, залалды әдеттерден жиренуге көмектеседі. Мәселен, темекі тарту денсаулыққа қай жағынан да зиян. Бірақ, көзілдірікті пенде салауаттылықты ұстанатындарды емес, өзі сияқты көк түтінге көміліп жүргендерді көреді және солардан үлгі алады.

Арақ ішетін адам да жүз грамды жақсы көретіндермен араласып, солардың жасағанын жасауды жөн санайды. Зинақор, ысырапшыл, мансапқор адамдардың да осы әлсіздіктерін ақтап алар сылтаулары қашанда дайын. Олар өздері сияқты сондай жаман әдеттерге құмарлардан үлгі алып, солардың соңынан ереді және өздерін дұрыс жолдамыз, бәрін дұрыс жасап жүрміз деп санайды.

Ал енді көзілдірігіңізді шешіп көріңіз.
Сіз өмірдің шынайы бейнесін, яғни шындықты қаз-қалпына көретін боласыз. Мысалы: арақ ішіп, сонымен көңілдерін жұбатып жүргендердің терістігін түйсінуге көп ақылдың қажеті жоқ. Арақ ішкен адам ең алдымен, ақылынан айрылады. Содан кейін абырой-беделін, онан әрі денсаулығын жоғалтады. Ақшасынан, дос-жарандары мен отбасынан айрылып жатқандар қаншама? Осыларды ақыл таразысына салған адам арақтың пайдасы аз, залалы өте көп екенін көреді және өзгелердің көңілін табамын деп залалды әрекетке баруға болмайтынын түсінеді.

Тойшылдық та солай. Жұрттың бәрі солай етіп жатыр, мен де басқалардан қалыспайын немесе той жасамасам ұят болар деген сияқты көпшіліктің ығына жығылу (көп айтса көнді, жұрт айтса болды) ниетімен жасалған әрекетінің залалдылығын түйсінген адам жұрттың пікірін елемей, пайдалы жағын жасайды.

Өмірге шынайы қарау қиын сияқтанғанмен, пайдалы

Өмірге көзілдіріксіз қарау адамдардың әбден қалыптасып қалған ой-пікірлеріне, дәстүрлеріне қайшы келіп, алғашында қиындық туғызатын сияқтанғанмен, іс жүзінде өзіңізге үлкен пайда әкелмек. Мен 50 жасқа толғанда тамыр-таныстарымның бәрі той жаса дап жан-жақтан қолқалады. Олардың көңілін тауып, әдет болып қалған жұртшылықтың ыңғайына жығылсам, мен де солар сияқтанып гүрілдетіп мерейтойымды өткізуім керек еді.

Бірақ мен одан бас тарттым. Әрине, өкпелегендер, ренжігендер болды. Дегенмен, уақыт өте келе бәрін ұмытты. Ал кредит алып той жасағандар ештеңе ұтқан жоқ. Той үстінде көзіне өтірік мақтағандар былай шыға баяғы әдеттеріне бағып жамандасып, аста-төк тойын әп-сәтте естерінен шығарды.

Алғаш арақ ішуді қойған кезімде «мені сыйласаң, жүз грамм ішесің» дейтіндер көп болған. Кейін келе менің мүлдем ішпейтінімді біліп, қолқалауды қойды. Қазір рахат. Ешкім арақ іш деп айтпайды. Көпшілік отырыстарда ақыл-естен айрылып, артық сөз айтпайсың, ертеңіне басың да ауырмайды. Ең бастысы, салауатты адамды жұрт сыйлайды екен.

Мансап үшін лауазымды адамдарға жағынып, ұят шаруалар жасап жататындарды көріп жүрміз. Олар соның жемісін татып, азды-көпті лауазымды қызметке қол жеткізгендерімен, бұл оларға көп пайда әкеле қоймайды. Ал түптің түбінде залалын тигізіп жатады. Жұрт сыйлайтын бір жазушы лауазым иесінің қолын сүйемін деп абыройынан айрылды. Ондайлар қадам басқан сайын кездеседі.

Өмірге көзілдіріксіз қарайтын адам ешқашан уақытша игілік үшін өзіне залал әкелетін нәрсені жасамайды. Сондықтан, қандай жағдайда да өмірге шынайы қарап, шыншылдықпен өмір сүріңіз. Сонда екі дүниенің де игілігіне кенелесіз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика