85 көрілім

Таяуда БАҚ Оңтүстік Қазақстан облысында бір отбасы мүшелерін автокөлігімен қағып кеткен құқық органы қызметкеріне қатысты өткен сот туралы айтып, жазды. Апаттың салдарынан бір адам қайтыс болған. Сорақылығы сол, отбасы мүшелері жолдың жаяу жүргіншілерге арналған ақжолақты бөлігі арқылы өтіп бара жатқанында, жол ережесі атаулыны дөрекі түрде бұзған құқық қызметкері жоғары жылдамдықпен жаяу жүргіншілерді қағып өте шығады.

Адам кінәсін мойындаудан неге қашады?

Сот барысында асыраушы отағасынан айрылып, жесір қалған әйел мен оның туыстары айыпкерді кешіретінін айтқан. Өйткені, ол жәбірленуші отбасына үй сатып алып беріпті. Осыны ескерген сот айыпкерді екі жарым жыл шартты мерзімге соттады. Жә, айтпағымыз бұл емес. Тапа тал түсте болған осы оқиғаға қатысты істі қарау барысында кінәлі азамат «иә, мен айыптымын» деп өз кінәсін мойнына алмаған. Оның пайымынша, бұл іске ол түк те кінәлі емес екен.

Миллиондаған теңге  пара алды деп айыпталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтен бастап бірқатар министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдердің ешқайссы да сотта «мен кінәлімін» деп айыптарын мойындамаған. Бірақ, олардың көбі сотталғаннан кейін «жеп қойған» ақшаларын қайтарды. Қыруар ақшаны сонда қайдан алды?  Белгісіз.

Жемқорлыққа қатысты сотталып жатқандардың бәрінің де бірнеше жоғары білімі, ел алдында абырой-беделдері бар азаматтар. Бірақ соған қарамастан, олардың бір де бірі кінәларын мойындамады. Сонда қалай, біздің елдің құқық органдары мен соты кінәсіз адамдарды түрмеге тоғытып жатқаны ма?

Әрине, бұның астарында адамның өз айыбын ашық мойындаудан қорқуы жатқаны анық. Тек ержүрек, мықты, жауапкершілікті түсіне алатын адам ғана өз кінәсін ашық мойындаудан жалтармайды. Яғни, кінәсін мойындаудан жалтарудың астарында  пендеге тән әлсіздік жатады.

Кінәсін мойындау адамды қателікке жол беруден сақтайды

Өз кінәсін мойындаған адам әдетте осындай кемшілікті алдағы уақытта жібермеуге күш салатын болады. Мойындаудың астарында діни тілмен айтқанда ТӘУБЕГЕ КЕЛУ жатады. Яғни, айыбы үшін өкініп, енді бұндай теріс қылықты қайталамаймын деп іштей түйсіну адамды ондай жаман әрекетке барудан сақтандырмақ.

Ал кінәсін мойындамаған адам, керісінше өзін өзі осылайша ақтап алады да, келесі жолы тағы да сондай теріс әрекетті жасауды жалғастыра береді. Ондай адамда өкіну де, опыну да, олқылығынан сабақ алу да болмайды.

Дәстүрлі діндердің бәрінде бар ТӘУБЕГЕ КЕЛУ түсінігінің астарында жасаған теріс әрекетін ең алдымен мойындап, соны түйсіну жатады. Содан кейінгі қадам: өзіне абырой әпермейтін мұндай теріс әрекетті алдағы уақытта жасамауға деген ынта болмақ. Яғни, кінәсін мойындаған адам ғана болашақта ҚАТЕЛІК ЖАСАМАЙТЫН БОЛАДЫ.

Кінәні мойындау осы үшін қажет. Ең алдымен, ол сондай теріс әрекет жасаған адамның болашағы үшін керек. Сондықтан, әр адам өзі жасаған теріс әрекетін ең алдымен мойындауды үйренгендері жөн. Қателіктен сабақ алу, ондай қателіктерге жол бермеу – дәл осыдан басталады.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика