131 көрілім

Әлемдік бестселлерге айналған «Бай әке, кедей әке» кітабының авторы Роберт Киосакидің айтуынша, адамдардың 80 пайызы тек шығындарын жабу үшін еңбек етеді. Яғни, олардың тапқан бар табыстары түрлі шығындарын жабуға жұмсалады. Тек адамзаттың байлыққа жеткен 20 пайызы ғана шығынды жабудан артылған ақшаны өзіне жұмсайды екен. Байлыққа жетудің ең басты кілті де осында дейді Киосаки.

Шығынды жабумен өмірлері өтетіндер

Егер айналаңызға байыппен қарайтын болсаңыз адамдардың көбінің бар күш қуатын, уақытын сарып қылып еңбек етіп тапқан ақшаларын түгелдей шығындарын жабуға жұмсайтынын көруге болады. Егер айлық жалақысы 100 мың теңге болса, адамның шығыны да сол мөлшерде болып, тапқандары түгел шығынды жабуға жұмсалады.

Бұндай жандар әдетте жалақым жетпейді, егер 200 мың теңге тапсам жетер еді деп ойлайды. Сөйтіп қосымша жұмыс тауып, жалақысын 200 мыңға жеткізген ол шығынының да өсіп, сонша мөлшерге жеткенін көріп қайран қалар еді. 100 мың теңге қалай жетпесе, енді 200 мың теңге де шығынын жабуға ғана жұмсалып, бір жалақыдан екіншісіне жету қиын бола түседі. Осылайша жалақы өскен сайын, шығын да өсіп, ақша тапшылығынан адам ешқашан құтыла алмайды.

Қызығы сол, бай бизнесмендер де ақша тапшылығын ұдайы сезініп, қанша табыс тапса да жетпей, бар тапқандары шығынды жабуға жұмсалумен кетіп жатады. Өзін өзі жетілдіру ғылымының докторы Сайдмұрад Давлатовтың пайымынша, ақша жетіспеушілігі – бұл дерт. Кәдімгі ауру. Оны емдеуге, одан жазылуға болады. Енді сол мәселеге тоқталайық.

Өзіңе жұмсайтын ақша

Егер сіздің жалақыңыз 100 мың теңге болса, сол ақшаңыздың 10 пайызын ай сайын сақтап отырсаңыз, бұл – өзіңіз үшін жұмсайтын ақша болып саналады. Иә, қалған 90 мың шығындарды жабуға жұмсалады да, 10 мың теңге өзіңізде қалады. Жиналған ақшаны сіз депозитке салып, сақтап қана қоймай, өсіруге мүмкіндік аласыз.

Енді осындай тәсілді сіз үнемі сақтап жүрсеңіз, 10 жылдан кейін депозитіңізде қомақты сома ақша жиналады. Оны сіз өз еркіңізше пайдалануыңызға болады. Ал 100 мыңды түгел шығынды жабуға жұмсасаңыз, 10, тіпті 20 жылдан кейін де сізде артық көк тиын болмайды. Осылайша, өміріңіз түгел шығынды жабумен өтетін болады.

Байлыққа жетудің басты кілті де дәл осында дейді Киосаки. Ең бастысы, ай сайын жалақыңыздың бір бөлігін сақтауды берік әдетке айналдырыыз. Ол оңай емес, әрине. Десе де, күш жігеріңізді жинап, оны мықтап қолға алсаңыз, көп ұзамай жақсы әдетті бойыңызға мықтап сіңіретін боласыз.

Ресейлік инвестор Максим Темченко ай сайын жалақыңызды 10 пайызын жинау қиын соқса, тіпті 1 пайыздан бастаңыз дегенді айтады. Мысалы, жалақыңыз 100 мың дейік. Сіз ай сайын 1000 теңгені қол жетпейтін бір жерге сақтап отырасыз. Ең бастысы, ақшаның көп-аздығында емес, өзіңіз үшін жұмсалатын ақшаны сақтауды санаңызға сіңіріп, бұны өмірлік берік әдетке айналдыруда. Өйткені, болашақ бақуаттылықтың ең басты кілті – осы өзіңіз үшін жұмсайтын ақшада. Ондай ақшасы бар адам міндетті түрде бақуаттылыққа жетеді. Ал бар тапқанын шығындарын жабуға жұмсайтындар бар өмірлерін босқа өткізеді. Бұл ақиқатты түсіну үшін ешқандай да данышпан болудың қажеті жоқ. Айналаңызға қарасаңыз, тапқандарын түгел шығындарын жабуға жұмсап, жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүргендер жыртылып айрылады. Солардың бірі болып қалғыңыз келмесе, өзіңіз үшін ақша жұмсауды үйреніңіз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика