1 106 көрілім

кармаАдам дүние есігін ашқан сәттен бастап түрлі қауіп-қатер көлеңке сияқты өле өлгенше ізінен қалмайды. Біз өмірімізді қауіпсіз етеміз деп қанша талпынғанымызбен, бұл мәселені түбегейлі шешкен пенде тарихта болған емес және ешқашан болмайды да. Өйткені, мына фәни жалғанның айнымас табиғаты – үнемі пайда болып, дамып, жойылып өзгеріп отыру. Яғни, бұл жалғанда тұрақтылық жоқ.

Солон айтқан ақиқат

Ертеде қазіргі Алдыңғы Азия аймағында Лидия деген қуатты мемлекет өмір сүрген. Соның атақты патшасы Крез өз дәуірінде аса құдыретті және өте бай адам болыпты. Шалқыған бай адамды «Крез сияқты бай екен» деген сөз содан қалса керек.

Сол заманда Афиныда тірлік кекшен ғұлама Солон саяхаттап ел аралап, көрген түйгендерін жазуды әдетке айналдырған. Ол бір сапарында Лидияға барады. Атақты ғұламаны патша Крездің өзі сарайына шақырып, қарсы алыпты.

Сымбатты, сұлу, жас және шалқыған бай патша Солонға сарайын аралатып, қазынасын көрсетеді. Оның байлығымен бірге асқан сұлу әйелдері, көптеген күңдері де болыпты. Солардың бәрін мақтанышпен көрсеткен Крез ғұлама таң-тамаша қалып, мақтан сөз айтар деп дәмеленеді. Бірақ сонша асып-тасқан байлықты көрсе де Солон тіс жарып ештеңе айтпайды.

Әбден шыдамы таусылған мақтаншақ патша бір кезде «Сен көптеген елдерді көріп, аралаған ғұламасың, дәл мен сияқты шалқыған бай, құдыретті патшаны көргенің бар ма?» деп сұрайды. Солон оған «жоқ, көрмедім» -деп жауап беріпті.

Соны естігенде қуанышы көкірегіне симаған патша «Көрдің бе, әлемде меннен асқан ешкім жоқ, ең бай, құдыретті және бақытты әмірші менмін» -дейді асып-тасып. Оған Солон «адам баймын, бақыттымын деп тек өлгелі жатқан кезде ғана айта алады, бізді алда не күтіп тұрғанын Жаратқаннан басқа ешкім білмейді» -дейді.

Мынаны естігенде ызадан жарыла жаздаған мақтаншақ патша «Сені жұрт ғұлама, данышпан дейтін еді, сен нағыз ақымақтың өзі екенсің. Көзге көрініп тұрған нәрсені түйсіне алмасаң, ғұламалығың қайда» -деп айқай салыпты. Ашуланған патша ғұламаны сол арада малайларына әмір бері, қуып шығыпты.

Ал арада бірнеше жыл өткенде Лидияның бір провинциясы болып отырған Персия көтеріліс жасап, оның патшасы Кир соғыста жеңіп, жеңімпаз патшаның алдына тұтқын болған Крезді сүйреп әкеліпті. Патшалығынан айрылып, мүсәпір күйге тсүкен оған Кир «қане, өлер алдыңда не айтасың» -дейді. Сонда Крез «О, Солон, сен нағыз ғұлама екенсің, ақымақ болған мен екенмін» дейді көкірек жара күрсініп.

Мына дүниеде ешкім, ешқашан қауіпсіз бола алмайды

Біз өмір сүріп жатқан фәни дүниенің табиғаты – үнемі өзгеріп отыратындығында. Бүгінгі күн кешегі күн сияқты болғанымен, шындығында ол мүлдем басқа. Ағып жатқан өзен суына қарасаңыз, ол өзгеріссіз бір қалыпты ағып бара жатқан сияқты сезіледі. Бірақ шындығында бір минут бұрынғы сіздің тұсыңздан аққан су мен қазіргі су бір емес.

Қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Қазір өзім туып өскен ауылға барсам, ондағы адамдарды танымаймын және баяғы туған ауылым қазір мүлдем басқа сияқты сезіледі. Менің бала, жас кезімдегі үлкен кісілердің бір де бірі жоқ. Олардың орнын мен танымайтын жастар басқан.

Крез сияқты атақты, бай және аса құдыретті патшаның өзі өзін өле өлгенше қауіпсіз ете алмаса, онда біз сияқты қарапайым пенделердің халі не болмақ? 1990-шы жылдардың ортасында қала әкімі болған бір кісі қазір қатардағы зейнеткер. Оны ешкім танымайды да, құрметтемейді.

Екі-үш жылдай бұрын екі иығына екі кісі імнгендей денелі күшті жігіт автокөлік апатына ұшырап, екі аяғын тізеден жоғары кесіп тастады. Қазір ол аяғы жоқ мүгедек. Бұлай боламын деп оның бұрын ешқашан ойламағаны анық.

Өмірдің өткіншілігін, жалғандығын, тұрақсыздығын білетін адам жоғарыда айтқан грек ғұламасы Солон сияқты өткінші игіліктерге алданбай, мәңгілік білім іздейді. Рухани білім алған адам ғана айналада аласапыран болып жатқанына қарамастан, әрдайым жан тыныштығын сақтайды.

Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады

Құдайға емес, өзінің рулас үлкен мансабы бар ағайынына сеніп, соған құдайдай табынған бір жігіт мансапқа қолы жетіп, бастық болды. Қазір оның қызмет көлігі бар, айлық жалақысы да жоғары. Бұрынғы қарапайым елгезек жігіт бүгінде кісілігін ат тарта алмайтын дейтіндей тәкаппар пендеге айналған.

Сырттай қарағанда ол мақсатына жеткен бақытты адам сияқты. Дегенмен, ол мансап пен аздап байлыққа қолы жеткенімен, біраз нәрседен айрылды. Ең алдымен, бұрын араласып жүретін жақын дос-жарандарын жоғалтты. Қытымыр бастық боламын деп қарамағындағылардың бәріне жеккөрінішті болды.

Тәкаппар, мақтаншылығының салдарынан кездескен жерде жылы амандасатын қарапайым таныстарын да бездіріп алды.
Егер Солон айтқан ақиқат тұрғысынан қарайтын болсақ, енді бес-алты жылда зейнет демалысына шығатын әлгі жігіт (оған дейін қызметінен кетіріп тастамаса) бәрібір сол кезде мансабынан айрылатын болады. Өйткені, біздің заң бойынша зейнет демалысына шыққан адам лауазымды қызмет атқара алмайды.

Міне, сол кезде қазір өзін көкте, бұлттың арғы жағында жүргендей сезінетін әлгі жерге түсіп, қатардағы зейнеткердің бірі болады. Ол кезде бұрын бездіріп алған тамыр-таныстары мен дос-жарандары өркөкірек жанға бұрынғыдай жылы қабақ танытар деймісің. Ал қартайған жанға жалғыз қалудан артық бақытсыздық бола ма?!.

Бұндай жағдай біздің бәріміздің басымызда болуы мүмкін. Сондықтан, ежелгі ғұлама айтқан ақиқатты, яғни фәни жалғанның уақытша екендігін, күтпеген бақытсыздықтар мен қатерлердің әрдайым алдымыздан шығуы мүмкіндігін ешқашан естен шығармаған ләзім.

Бұндай көзқараста болған адам ешқашан ешкімді ренжітпейді, ешқашан өзін қауіпсіз санап, ешкімге көкірек көтеріп мақтанбайды және Алланың бергеніне тәубе қылып, қарапайым тірлік кешеді. Ал КІШІПЕЙІЛДІК екі дүниеде де игілік әкелетін өте жақсы қасиет. Бұл – АҚИҚАТ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика