1 022 көрілім

Егер адам өзінің істеп жүрген жұмысынан еш қанағат алмайтын болса, жұмысты тек күнкөрістің қамы үшін ғана жасаса, ондай жұмыстың сапасы болмайды және ынтамен істемейтіндіктен, адам қызмет бабымен өспейді, ең бастысы, өз мамандығының шебері бола алмайды.

Түрлі мерекелерде айтылып жататын тілектер аз емес. Бірақ солардың ішінде «отбасында, еңбекте бақытыңды тап» деген тілектің орны ерекше деп айтуға болады. Неге десеңіз, отбасында сіздің жарты өміріңіз, еңбек ұжымында қалған жарты өміріңіз өтеді. Отбасында береке болмай, ұрыс-керіспен күн кешсеңіз, болмаса жұмыстан қанағат алмай күнкөріс үшін өзіңізді азапқа салсаңыз, онда бақытты бола алмасыңыз анық.

Жұмыстан қанағат алу не береді?

Таяуда үйдегі электр розедкасы күйіп кетіп, жарнамалық газет арқылы берілген құлақтандыру бойынша электрик шақырдым. Жасы жерортадан асқан орыс ұлтының өкілі күйіп кеткен розедканы, оған қоса дұрыс жұмыс істемейтін қосқышты да қатырып жөндеп берді. Қызығы сол, ол жұмысын зор ынтамен, асықпай жасады. Қарап тұрып, оның өз жұмысын жақсы көретінін және мамандағының хас шебері екендігін аңғарасың.

Осыдан бірер жыл бұрын журналистік іссапарда болған кезімде шалғай ауылда темір ұстасы болып істейтін зейнет жасынан асқан кісімен кездестім. Зейнет демалысына шықса да, орнын басатын адам болмағасын өзі жұмыс істеп жүр екен. Бозбала кезінен осы мамандықты игеріпті. Жаздың қапырық ыстығында көрік басып, зілдей ауыр балғамен қып-қызыл болып қызған темірді соққылау қаншалықты ауыр екендігі белгілі.

Соған қарамастан, ақсақалдың жүзінен көңілді күлкі табын көрдім. Әңгімелесе келе, оның өз жұмысын жанындай жақсы көретінін естіп, білдім. Темірді ырқына бағындырып, неше түрлі бұйымдар жасау оған шын мәнінде үлкен рахат сезімін әкеледі екен. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, жұмысын тастамай жүруінің себебі де осында болып шықты.

Жұмысыңды ұнатпасаң, нәтижеге жетпейсің.

Өмірімде қашан сенбі-жексенбі болады, қашан ақша береді деп тек сол үшін жұмыс істейтін адамдарды көп кездестірдім. Жасыратыны жоқ, өзім де солардың бірі болдым. Бірақ, кейін келе журналистік қызметке ауысып, шығармашылықпен айналыса бастаған тұста ғана өз мамандығымнан іштей қанағат алатын күйге жеттім.

Жұмыстан қанағат алу адамды кәсіби маман ретінде биіктерге көтереді екен. Сен жұмысты жалақы алу үшін емес, жаның сүйгендіктен жасайсың және жұмыстан кәдімгідей рахат сезімін аласың. «Бұл адамға не береді?» дегенге келсек, адам кәсіби маман ретінде өседі және жұмысының сапасы да жақсарады. Ал сапалы жұмыс жасасаң, онда басшыларға да, әріптестеріңе де сүйкімді, сыйлы боласың.

Тест: Сіз өз жұмысыңыздан қанағат аласыз ба, болмаса тек жалақы үшін ғана еңбек етесіз бе? Бұл сауалға арыңыздың алдыңызда адалдығыңызды сақтап, шыншылдықпен жауап беріп көріңіз. Егер жұмысыңыз ұнамайтын болса, онда өзіңізге ұнайтын шаруаны іздеңіз, әйтпеген күнде өмір бойы өзіңізді азаптап, еңбекте де, өмірде де жолыңыз болмай өтетін боласыз. Ал, бұл сізге қажет пе?..

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика