Қариялар азайып бара жатыр

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Үйімізде бір басқосу бола қалса, ақсақалдар отырған дастархан басында отырып алып, солардың әңгімесін тыңдайтынмын. Соны білетін көкем  ретін тауып сондай басқосуларды көбірек жасауға тырысатын. Кейде, тіпті әңгімесін қатты қызығып тыңдайтын Ізет әкемді арнайы шақырып алатын. Ол кісінің әйелі қайтыс болған. Содан әкеңді шәйға шақыр дейді. Мен қуанып барып шақырып келемін. Шәй үстінде ол нешетүрлі әңгіменің тиегін ағытады. Өтірікті шындай етіп жымын білдірмей айтатын. Танымайтын адамдар онысына кәдімгідей сеніп қалады. Және Ізет әкеміздің әңгімелері өте күлдіргі болып келеді.

Мысалы, адайлардың арасына қонаққа барған әңгімесі былай өрбиді. Ізекеңнің бір туысының қызы адайларға тұрмысқа шығады. Содан құдалыққа бармай ма. «Дастархан басында әңгімелесіп отырмыз, -дейді Ізет әкем. –Содан бір кезде үлкен астауға салынған ет келді. Етті дастарханға ортаға қоюы мұң екен, алдында байыппен әңгіме айтып отырған ақсақалы, қарасақалы бар адайлар жапа-тармағай астаудағы етке бассалсын. Әп-сәтте таласып-тармасып етті талап әкетті. Мен өзімше алыстан келген қонақпын, ет туралады, сосын жылы-жұмсағын маған береді деп отырғанмын ғой. Астауда түк қалған жоқ. Бәрі аштан келгендей туралмаған етті асығып-үсігіп жеп жатыр.

Аузымды ашып мен отырмын. Мені қонақ екен-ау, алыстан келген құда екен-ау деп бірі елемеді. Содан бір кезде шыдамым бітіп төрде отырған қарияға қарап: ақсақал, бізде келген қонақты төрге отырғызып, табақтан алдымен соған дәм татқызады және етті турап, асықпай әңгімелесіп отырып жейді, сіздердің салттарыңыз қызық екен, -дедім. Сол-ақ екен қария: оңбаған көргенсіздер, алыстан келген қонақтың алдында ұятқа қалдырдыңдар, түк көрмегендей, қане, басқа табақ әкеліңдер, -деді. Содан біраздан кейін астауға салып тағы ет әкелді. Енді оны асықпай турап, ең алдымен маған дәм татырды. Адайлардың салты сондай болады екен» -деп әңгімесін аяқтайтын.

Бір күні Ізет әкеміз Шиелінің базарына барады. Аралап келе жатса, набат сатып отырған еңгезердей біреуді көреді.  Тәтті набат деген ол кезде қат дүние. Қызығып кеткен Ізекең бағасын сұрайды. Әлгі шал мың сом дейді.  Қуанып кеткен Ізекең  қалтасындағы ең соңғы мың сомын алып береді. Шал үйілген набаттың бір түйірін алып ұсынады. «Ау, бұныңыз не? –дейді аң-таң қалған Ізекең. Сөйтсе, набаттың бір түйірінің бағасы мың сом екен. Кішкентай ғана түйірді үйге алып баруға арланған Ізекең сол арада тәуекел деп мынадай шарт ұсынады: мына мың сомға аузыма қанша набат сыйса сонша беретін болсаң аламын набатыңды, -дейді.

Шал бұған аңырайа қарап отырып-отырып «жәрайды» деп келісімін береді. Содан жүрелеп отыра қалған Ізекең аузын арандай ашып жіберіп набат түйірлерін тоғыта бастайды. Өзінің айтуынша, аузын барынша керіп набатты тыға береді, тыға береді. Бір кезде үйілген набат түгел таусылады. Аузы толған набат сөйлеуге шамасы келмей шалға қарайды. Бұндай жайды күтпеген шал бұған бақырая қарап сәл отырады да, иығынан бар күшімен салып жіберіп «ах, ах» деп күліп жіберіпті. Ізекең айтады иығымнан салып жібергенде аузым толы набат, әзер демалып отырған мен тұншығып қала жаздадым деп. Сөйтіп, Ізекең бір келідей набатты мың сомға сатып алады.

Ол кісінің айтқан осындай қызық әңгімелері көп болатын. Соғысқа қатысқан Ізекеңнің соғыс туралы айтқандары тіпті, ертегі сияқты. «Сталинградтың халқы жақыны өлсе қуанып той жасайды екен, әсса-әсса, ә, ә деп билейді екен» дейді. Мен баламын, Сталиградтың қайда екенін біле де қоймаймын, сондықтан олардың адам өлсе қуанатындары сияқты ақылыма онша қона қоймайтын әңгімелерін шындық деп қабылдаймын.

Ізет әкемнің Өзбекстанда болған кезі туралы мынадай бір әңгімесі есімде қалыпты. Ол кісі ашаршылық жылдарында басқалармен бірге Қоқан асып, біраз жыл сонда тұрған.

-Аудан орталығына барған бір сапарымда шәйханаға соқтым, -дейді Ізекең. –Өзбектер ентелеп әлденеге у-шу болып жатыр екен.  Бұл не деп қарасам, ортаға шыққан ірі денелі екі өзбек кәдімгі қошқардың мүйізін бастарына байлап алып сүзісіп жатыр. Қайссы жеңеді деп, соған ақша тігетін болуы керек, алқа-қотан отырғандар айғай-шуға басуда. Еңгезердей сақалды өзбек қарсыласын тықсырып, маңдайынан, бүйірінен сүзгілеп сұлатып салды. Жұрт ду-ду. Содан әлгі дәу өзбекке қарсы тағы бір жас жігіт шығып, ол да жеңілді. Мен шәйімді алып жәй қарап отырмын. Екеуін сұлатып салған дәу қараға қарсы шығуға енді ешкімнің тәуекелі бармады. Бір жағы намысым келіп, бір жағы қызып кетіп «мен шығамын» дедім. Жұрттың бәрі маған жалт қарасты. Денем мығым, шымыр болғаныммен, дәуқараның қасында кішкентай баладай болып қалады екенмін. Соған көңілдері толмады ма «әй, қазақ, сенікі бос әурешілік» десті бастарын шайқап. «Жоқ, шайқасамын» деймін мен жұлқынып.

Сөйтіп, дәу өзбекпен шайқасқа шықтым. Басыма қарағайдай үлкен қошқардың қос мүйізін байлап алғанмын. Әбден жаттығып алған пәле ме, әлгі дәуқара ә дегеннен қақ маңдайдан соққанында шекем зырқылдап, басым айналды. Тағы да бір-екі рет осылай соқса сұлатып саларын сездім. Содан қулық ойладым. Ол күшене соққанда жалт бұрылып, бір жағына қарай жалтара қашамын. Осылай қайта-қайта сытылып кетіп, өзбекті біраз әуреге салдым. Бір кезде тағы да бір жағына жалт бердім. Қатты сүзген өзбек екпінімен етпетінен құлай жаздады. Сол сәтті пайдаланып, оң жақ бүйірінен аямай бар күшіммен соқтым. Меннен бұрын да біраз адаммен сүзісіп шаршаған дәуқара күтпеген қатты соққыдан бір жағына қарай опырыла құлады. Дәуқара жеңеді деп сеніп отырған өзбектер ауыздарын ашып, аң-таң болып отыр. Содан қатты разы болған олар маған бір буда ақша жинап берді, -деп әңгімесін аяқтайтын.  Ізет әкемнің осындай қызық әңгімелері өте көп болатын. Әттең, соның бәрін жинап алғанда, жұрт сүйсініп оқитын қалың кітап болар ма еді, кім білсін.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика