Әке – асқар тау

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/


Қазақ әкені асқар тауға балап жатады. Шындығында, әке арқа сүйер асқар тауың. Балалық шақта, одан кейінгі жастық күндерімде еш уайымсыз тірлік кешуіме сол асқар тау – әкенің ықпалы көп болса керек. Қандай қиын сәтте де қол ұшын беріп, көмектесетін, далаға тастамайтын жанашыр қамқоршыңның болғанын біліп, сезіп жүру – адамның қорқынышсыз, уайымсыз  өмір сүруіне жағдай жасайды екен. Шынында да, менің сенімді асқар тауым – әкем болды. Бүгінде сонау алыста қалған өткен күндерге ой жіберіп қарасам, бар өмірін тер төгіп еңбек етумен өткізген, бастауыш сыныптық қана білімі бар сол бір қарапайым жанның мен үшін асқар таудай биік тұлға болғандығын сезіне түсемін. Ол өзінің сөзімен, ісімен әрдайым біздерге үлгі болып, осылай өмір сүру қажет дегенді санаға сіңіретін. Сол әкеден қалған ұлағат жүрегімде әлі күнге дейін сақталып, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

Жердегі тамұқ

Ол кезде бесінші сыныпты бітірген кезім. Әкем (біз оны көке дейтінбіз) 18-ші разьезд елді мекенінің маңайынан жер алып, күріш еккен. Үнемі суда тұрып өсетін күріш алқабында қамыс көп шығады. Қамыс тез өсіп, күрішке көлеңкесін түсіріп, оның өсіп, пісуіне кедергі келтіретіндіктен, күріштің бойы деңгейінде қамысты шауып, отап отыру қажет. Отақ екі рет жүргізіледі. Оған  кеңшар жақсы ақша төлейді. Күрішші отаққа бөлінген ақшаны өзі алып, өзі отаса да, немесе басқа адамдарды жалдап, ақысын төлеп отатса да болады.

Сол жылы көкем күріш отағын өзі атқаруға бел байлады. 20 гектар алқаптың қамысын шабу оңай шаруа емес. Бірақ амал жоқ, ақша қажеттіктен ол осылай жасауы тиіс болды. Сол жылы үлкен әпкем Әшіркүл Қызылорданың пединститутына оқуға түсетін еді. Жасыратыны жоқ, соған біраз ақша қажет болды.

Содан күріш отағын көкем екеуміз отайтын болдық. Бесінші сыныпты жаңа бітірген 12-13-тегі меннен қанша көмек болады дейсің, негізгі жұмысты көкемнің өзі атқаратыны белгілі. Ал мен жәй қара көбейтіп, аздап қолғабыс етемін. Ұмытпасам, шілде айының соңы ғой деймін. Күнде таңертең көкем екеуміз үйден шығамыз, мен есекте, ол атқа мінген. Бәйгеқұм стансасының шетімен жүретін жолмен теміржолды жағалап 18-ші разьезге дейін барамыз. Содан теміржолдан өтіп, ар жағындағы қалың қамыс арасындағы күріш алқабына жетеміз.

Күн қайнаған ыстық, ал қамыс іші үп еткен жел жоқ, тыныс тарылтатын қапырық. Тыныс алудың өзі ауыр. Тобықтан сәл асатын суды кешіп жүріп, күріш алқабына өскен қамысты шабамыз. Кейбір жері сиректеу, кейбір тұстарына қалың қамыс өскен. Ол жердің қамысын көкем кәдімгідей орады. Түскен дейін жұмыс істеп, содан сол маңда өскен арық жағасындағы қалың талдың көлеңкесіне келіп, шәй қайнатып ішеміз. Көкемнің күріштігімен іргелес Амангелді деген кісінің күріші болды. Ол Бәйгеқұмнан біраз балаларды жалдап алып, соларға отатты. Өзі жәй сырттай бақылап, қарап жүреді.

Үйден әкелген перезенттен тігілген үлкен мес болады. Сусын құйылған месті суға салып қоямыз. Салқын болып тұрады. Түстен кейін күн мүлдем ысып кетеді. Қамыс арасында демалу мүмкін болмай қалады. Жүрегім қысылып,  сәл-пәл демалайын десем, мың сан маса жабылып, жаудай талайды. Ал жұмыс істесең, масаның талағанын  ұмытасың. Маған сонда қапырық қамыс арасында отақ отау нағыз тозақтың өзі сияқты сезілетін. Бас айналар ыстық, қапырық ауа. Ал сен тоқтамай қамыс шауып, жұмыс жасайсың. Тоқтай қалсаң, мыңдаған маса талап, қанжоса қылады.

Түстен кейін шөл қысқан мен суға салынған меске жиі барып, сусын ішуден қолым босамайды. Сәл биіктеу төбенің жанындағы арықтағы суға қойылған местен сусын ішіп алып, төбеге шығып аздап жан шақырамын. Содан бір кезде сусынды ішіп бітірдім. Төбеде отыр едім, көкем келді. Басында ескі шіләпі, орамал байлап алған. Маса шақпас үшін болуы керек. Түрі өрт сөндіргендей қаракүреңденіп кетіпті. Қатты шаршаған, шөлдеген. Ол суға малынған месті алып қасында тұрған күрешкеге сусын құймақ болып еді, мес бос болып шықты. Бәрін мен ішіп қойғанмын.

-Ойбай-ау,  таусылып қалыпты ғой, -деді ол. Содан кейін күріш алқабына қарап: мынау мүйісті бітірсек, ар жағында аз ғана жер қалады. Екі-үш күнде бітеміз ғой. Биыл апаң оқуға түседі. Енді төрт-бес жылда сен де мектеп бітіріп, оқуға түсесің. Сөйтіп, жетіліп кетесіңдер ғой, -деді ол  алысқа қарап армандай сөйлеп.

Кешке дейін әлі біраз уақыт бар болатын. Сусын жоқ. Түрі күреңітіп, қатты шөлдеген, әрі шаршаған көкемнің түріне қарап, іштей қатты аяп кеттім.

Иә, ол балалары үшін тер төгіп, аянбай еңбек етті. Адал еңбегімен тапқан ақшасына балаларын оқытты. Өзім сияқты қара жұмыс істеп, қор болып қалмаса екен деп тіледі. Әр әке осылай ойласа, осылай жасаса, жетімдік көрген, тауқымет тартқан бала болмас еді деген ой келеді. Әсіресе, қазіргі алимент төлеуден қашып, өз балаларын  тағдыр тәлкегіне тастап кететін «көкек» әкелер көбейген тұста балалары, олардың бақыты үшін жанын аямаған менің әкемнің АСҚАР ТАУДАЙ бейнесі мен үшін зорайып, биіктей түскендей болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика