Ертеде ел кезіп, қайыр сұраумен күн кешкен дәруіш өмір сүріпті. Ол үнемі Алланың атын зікір етіп, Жаратқанды есіне алып жүретін. Мына жалған дүниенің қызығын баз кешкен тақуа дәруіш күндердің күнінде бір бай саудагердің сарайына келді. Алыс жолдан қатты қалжыраған дәруіш аш еді.
Сәулетті сарайдың алдындағы бақшада мамық төсекте маужырап жатқан саудагерді қызметшісі желпуішпен желпіп тұр. Аш дәруіш бай үйден өзегін жалғар бірдеңе табылар деген үмітпен саудагерге жақындап келіп Алланың атын айтып сәлем берді. Көзін сығырайта ашып, оған тәкаппарлана қараған бай мезіреті етіп сәлемін де алмады. Бірақ дорба асынған сақалы желбіреген дәруішке қарап, бәлкім бұл тылсым ілімді меңгерген әулие шығар, онда мен бұдан болашағымды сұрап көрсем қайтеді деген ой келді.
Байлық адамның ақылын тұмандандырады.
Ол басын көтеріп, мамық жастыққа шынтақтай жатты. Содан кейін дәруішке қарап, «байқаймын сен құдай жолында жүрген тақуа адам сияқтысың» деді.
-Иә, мәртебелім, бар өмірімді Жаратқанға құлшылық етуге бағыштаумен келемін, -деді дәруіш.