Қазір жастар арасында намаз оқып, мешітке баратындар қатары көбейді. Жұма намазына мешітке баратындардың көпшілігі жастар екенін көріп жүреміз. Бір қарағанда бәрі де жақсы, дұрыс сияқты. Жастарымыздың арақ ішіп, теріс жолға түспей, намаз оқып, дін исламға жүзін бұрғаны ата-ана үшін де қуаныш емес пе. Бірақ оның астарында сол жастарымызға залалын тигізетін жаман нәрсенің жатқанын онша байқай қоймаймыз.
Білімсіз дін – еліктеу ғана
Пайғамбарымызға Жәбірейіл періште арқылы түсірілген ислам дінінің қасиетті кітабы — Құранның алғашқы аятының «Оқы» деген сөзден басталуы тектен-тек емес сияқты. Яғни, қасиетті кітапты санаңмен түйсініп, оқып білу қажет деген ұғым жатқан жоқ па бұның астарында.
Егер діннен ғылыми түсінікті алып тастасаңыз, ол жалаң еліктеу болып қалады. Ал ғылымның өзі діннен бөлектенгенде тамырынан айрылған ағаш сияқты жасанды теорияға айналады. Атейстік түсініктің бәрін қазіргі ғылым ақырындап теріске шығаруда. Таяуда Түркия мемлекеті мектеп оқулығынан Дарвиннің эволюциялық теориясын алып тастады. Бұндай өзгеріс басқа елдерде де, оның ішінде біздің елімізге де күндердің күні келері анық. Өйткені, Дарвин теориясы жасанды және өмірден аулақ екенін қазір ғылымның өзі мойындап отыр.