990 көрілім

адам мүмкіндігіАдамның өмірде қандай болмағы – пейіліне байланысты. Ал пейіл дегеніміз не? Ол біздің ойымыз, сөзіміз және іс-әрекетіміз. Жақсы сөз айтып, жақсы нәрселер туралы ойлау, жақсы әрекет жасау – адамның жолын ашып, өмірін жарықтандырады, яғни жақсылыққа бағыттайды. Керісінше, үнемі жаман нәрселер туралы ойлап, ештеңеге көңілі толмай ұдайы айналасындағыларды сынап-мінеп жүретін, ұрыссуға бейім тұратын адамдардың жолы тарылып, түрлі қырсыққа, бақытсыздыққа жиі ұшырап жатады.

Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа

Маған бір танысым оқта-текте ұялы телефон арқылы хабарласып тұрады. Алғашында оған жауап беріп, біраз уақытымды бөліп сөйлесіп жүрдім. Қол-аяғы бүтін, дені сау, дұрыс жұмысы, отбасы, баспанасы бар әлгі жігіттің айтатыны үнемі билікті жамандау. «Бәрі жемқор, обып жеп жатыр, ұят та, қанағат та жоқ, шеттерінен ату керек» дейді ол ызаланып. Бір-екі рет айтса ештеңе емес, әр телефон шалған сайын үнемі биліктің ит терісін басына қаптап жамандайды да жатады.

Бірде шыдамым таусылып, «біз қарапайым адамбыз, жемқор басшыларды өзгерту қолымыздан келмейді, сырттай байбалам салып, құрту керек, ату керек дегенімізден қандай нәтиже бар? Алланың бергеніне қанағат етіп, өз шаруамызды дұрыс атқарып жүрген жөн емес пе» деп қалдым. «Жоқ, олай жасауға болмайды. Бұндайлармен күресу керек, иттей қылып ату керек, сонда қорқып, басқалар аяғын тартатын болады» дейді әлгі танысым өршеленіп.

«Жақсы сөз жарым ырыс» дейді қазақ. Әлгі танысымның билікті ғайбаттаған жаман сөздерін естіген сайын менің де санамда ашу-ыза, жеккөрініш сияқты теріс сезімдер күшейе бастағанын сездім. Содан «аш пәледен қаш пәле» деп әлгімен сөйлесуді қойдым.

Пайғамбар заманында өмір сүрген бір сахабаның айтқан мынадай сөзі бар: «егер сіз ең жұқпалы оба ауруымен ауырған адаммен бірге он жыл тұрсаңңыз, бірге жатып, тамақтансаңыз, ауруды жұқтырмау мүмкіндігі бар, ал егер сіз жаман мінезді адаммен бір мезет әңгімелессеңіз, онда әлгінің жаман мінезін жұқтырмау мүмкіндігі болмайды».

Жаман мінез жұққыш келеді. Ұдайы өмірге, айналасындағыларға, қоғамға, билікке – бәріне көңілі толмай, үнемі сынап-мінеп жүретін, өмірді тек жаман қырынан ғана көріп, жақсылық атаулыны көрмейтін, айтпайтын пенделермен сәл ғана жұғыссаңыз, оның теріс мінезінің өзіңізге қалай әсер еткенін сезбей қаласыз.

Қазақ «пейіліңді кеңге сал, егініңді дөңге сал» деп тектен текке айтпаған. Жақсы мінезді адамдармен араласып, жақсы, жағымды сөз сөйлеу, жақсы жайлар туралы ойлап, жақсы әрекет етуге тырысу – өміріңізді өрге көтеріп, жақсылықтың қақпасын алдыңыздан ашады. Бүгінде барша әлемге танылған «Секрет» фильмінің ең басты мәні де дәл осы тылсымды жұртшылық назарына ұсыну.

Жаман сөз жамандықты тартады

«Жалақым аз, бастығымыз жаман, қоғам азып кетті, мемлекет тозып, жемқорлық жайлап барады, әділдік жоқ, өмір сүру қиындап кетті» деген сияқты сөздерді жиі қайталайтын, үнемі қабақтарын түйіп, көңілсіз жүретін, өздерін мына қоғамның құрбандары сияқты сезінетін пенделер аз емес. Ондайларды қай-қайсымыз да үнемі көріп, кездесіп, сөздерін тыңдап жатамыз. Ал, сол адамдар осындай қоғамда, осындай мемлекетте, сондай жаман басшының қарамағында, жалақысы аз жұмысты не себепті істеп жүргенін, оның мәнін түсінбейді және түсінуге талпынбайды да.

Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын бір кісінің қарамағында қызмет істедім. Әлгі анда-санда әлденеге ашуланып, айқайлап ұрысып қоятын. Соған ренжіп, «Алла-ай, осыдан құтылар күн болар ма екен» деп армандап жүрдім. Жаратқанның мейір-шапағатымен көп ұзамай әлгі кісіден құтылдым. Оның орнына келген жаңа бастық күнде ұрыссатын, ұрыспаса тәбеті қашатын нағыз көк долының өзі болып шықты.

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, содан алғашқы бастығымның қадірін түсініп, жалғыз менің емес, барлық қызметкерлердің өмірін тозаққа айналдырған әлгі көк долы бастықтан құтылар күн болса ғой деп армандайтын болдым. Алланың шапағатымен күндердің бір күні әлгі де кетті. Орнына өзінің бір танысын қойып кетті. Ал әлгі танысы құдай сақтасын, нағыз дүлейдің өзі болып шықты. Көк долы бастықпен жылы сөйлессең тіл табысуға болатын, ал мынау сөзге түсінбейтін нағыз дүлейдің өз екен. Енді бұрынғы өмірімізге зар болып қалдық.

Шыдай алмай ақырсында арызымды жазып жұмыстан кеттім. Араға бірнеше жыл салып, әлгі дүлей бастықтың көмекшісі болып жүрген таныс жігіт қоярда қоймай жұмысқа қайта шақырды. Дағдарыс қысқан қиын кез, ақша да қажет. Содан амалсыз келісіп, бұрынғы жұмысыма қайта бардым. Дегенмен, мен енді әлгі дүлей бастықпен ұрыспай, ара қашықтықты ұстап, өз шаруамды дұрыс атқаруға тырысып жүрдім. Оны жамандамаймын, құдай-ау мына дүлейден құтқар деп Аллаға сыйынбаймын, бастықтың айтқанын істеп, міндетімді барынша адал орындауға тырысамын. Нәтижесі қандай десіз ғой? Ұрыс-керіс жоқ, керісінше әлгі дүлей бастық оқта-текте мені өзгелерге үлгі етіп мақтайтын болды. Жұмысым тыныш, ештеңге бас ауыртпаймын.

Билікті жамандау арқылы биліктегілерді түзеуге бола ма?

Соңғы айларда жерге қатысты дау күшейіп, ел президентінен бастап, үкіметті жер-жебіріне жетіп жамандайтындар көбейді. Әлеуметтік желілерге кіре қалсаң, биліктің ит терісін басына қаптап, ауыздарына келгенді айтып жататындар көп. Соларды оқыған сайын, бойыңды ыза билеп, өзің де әлгі ашынғандардың тобына ене бастағаныңды сезбей қаласың.

Қайыршыдан шығып, қалталы миллионер болған инвестор Алекс Яновский жаңалықтарды көрмейтінін, ақпарат құралдарын оқымайтынын айтады. Неге десеңіз, олардың көбі әлдекімдердің ұстанымына сай ақпаратты бұрмалап береді және үнемі қоғамға, билікке көңілі толмай, сынап жатады. Мұндай жағымсыз ақпаратты қабылдаған адамның санасы да қараңғыланып, ашу, ыза, жеккөрініш сияқты жаман сезімдерге бой алдырмақ.

Ертеде бір қытайдың императоры сол дәуірде өмір сүрген Лао Цзы деген ғұламадан «мемлекетімді түзу жолға салғым келеді, ол үшін не істеу қажет?» деп сұрайды. Сонда ғұлама оған: «ең алдымен өзіңді түзе, содан кейін отбасыңды, онан әрі туыстарың мен достарыңды, содан кейін өзің тұрған қаланы, әрі қарай провинцияны түзе, содан соң барып мемелкетті түзей аласың» деген екен.

Билікті сынап, бар жамандық пен бақытсыздық үшін соларды кіналап жатқандар  осы әрекеттерімен ЖМАНДЫҚТЫ БАСТАРЫНА ШАҚЫРЫП жатқанын сезбейді. Жоғарыда менің басымнан кешкен жағдай сияқты бүгінгі билікке көңілі толмай, солар кетсе, бәрі жақсы бола қалардай сезінетіндер, ертең оның орнына келген басшының одан да жаман тажал болатынын сезбейді. Өйткені, біз билікті жамандау арқылы жаман қуатты, яғни жамандықты  ӨЗІМІЗ ШАҚЫРАМЫЗ.

Бар жамандық үшін біреулерді айыптау, кіналау оңай. Одан жағдай ешқашан түзелмейді. Егер сіз қоғамның жақсарғанын, мемлекетіміздің гүлденгенін, басшылардың арасындағы жемқорлық пен әділетсіздіктің тиылғанын қаласаңыз, онда ең алдымен ӨЗІҢІЗ ТҮЗЕЛІҢІЗ. Ол үшін жақсы нәрсе туралы ойланып, жақсы сөз айтыңыз, жақсы әрекет жасаңыз. Содан кейін іштей Жаратқаннан қоғам мен еліміздің түзелуін тілеп дұға жасап жүріңіз.

Бұл не береді? Оспылай жасасаңыз, көп ұзамай сіз айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыздың жақсарғанын байқайсыз, өмір жолыңыз ашылып, сәттілік, бақыт ауылының тұрғынына айнала бастайсыз. Ісіңіз алға басады. Отбасында, ұжымда сыйлы бола түсесіз. Түзу жолға түскен бір адам жақсы ойымен, жарық санасымен айналасындағы көп адамдардың санасына игі әсерін тигізбек.

Мұсылмандар арасында мынадай аңыз  іспетті әңгіме бар. Ислам дінін ұстанатын 50 ме, әлде 60 па әулие сопы бар екен. Олар әр дәуірде қатар өмір сүретін көрінеді. Әлгі әулиелер бірін-бірі көрмейді, танымайды. Бірақ олар бір аумақтың халқының санасын өздерінің жақсы ойларымен, жақсы сөздерімен және жақсы істерімен нұрландырып отырады екен.  Сол әулиелердің арқасында ислам әлемінде  қырғын соғыс, аштық, басқа да апаттар болмай халық бейбіт, тоқшылықта өмір сүреді екен дейді. Қазір өкінішке орай, ондай әулиелер жоқ. Өйткені, ислам әлемі мүлдем бұзылып кетті.

Тест: Әр адамның алдында Құранда айтылғандай Алла екі түрлі жол белгілеген: бірі ізгілікке, имандылыққа бастайтын жол, екіншісі жамандыққа, күнаға құлататын құрдым жол. Алғашқысымен жүргіңіз келсе ең алдымен ойыңызды, сосын сөзіңізді, ақырсында әрекетіңізді дұрыстаңыз. Аузыңыздан ешқашан жаман, ғайбат сөз шықпасын, жаман, күнәлі әрекет жасамаңыз, біреулерді ғайбаттап, ашу шақырып жатқандарды естісеңіз, олардан аулақ болыңыз. Сонда өз өміріңіз де, айналаңыздағылардың өмірі де жақсарады. Бұл – АҚИҚАТ.

Екінші жол бар: ол ойыңызды, сөзіңізді, әрекетіңізді ластандыратын, үнемі ештеңеге көңіліңіз толмай, біреулерді, оның ішінде билікті де жамандап, біреулермен ұрыссуға бейім тұратын, бәріне басқаларды айыптайтын – теріс жол. Бұл жолға түссеңіз өзіңізге де, айеналаңыздағыларға да тек жамандық әкеліп, бұл дүниеде азаптан көз ашпайсыз, о дүниедегі мекеніңіз тозақ болады. Осы екі жолдың қайсысын таңдайсыз? Ол өз еркіңіздегі шаруа.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика