1 464 көрілім

Белгілі интернет бизнесмен, «Миллионерше ойлау» жобасының авторы Алекс Яновский білім дегеніміз пайдалы ақпаратты қажетіңе жарату арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу дегенді айтады. Егер сіз көптеген пайдалы ақпараттарды оқып, соны жадыңызда сақтап жүрсеңіз, бірақ оны іс жүзіне асырып, нақты нәтижеге жетпесеңіз, ол жәй ақпарат қана болып қалады.

Ақпаратты кәдеге асырғанда ғана ол білім болады.

Мәселен, сіз артық салмақтан қалай арылуға болатыны туралы кеңесті оқып, соны тәжірибе жүзінде пайдаланып көрдіңіз, сөйтіп көп ұзамай артық салмағыңыздан арылып, нақты нәтижеге қол жеткіздіңіз делік. Бұл – білім. Егер сіз әлгі ақпаратты оқып, тіпті сол кітапты сөреңіздің ең көрнекті жеріне қойып қойсаңыз, бірақ іс жүзіне пайдаланбасаңыз, ол ақпарат қалпында ғана қалады. Білімнің ақпараттан айырмашылығы да дәл осында.

Ақпарат пайдалы ма, жоқ па, ол адамға қаншалықты игілік әкеледі, оны нақты тәжірибе жүзінде пайдалану арқылы ғана анықтап білуге болады. Өкініштісі сол, бүгінде көп адамдар ақпарат пен білімнің арасындағы осы айырмашылықты дұрыс түсінбейді.

Мектептен бала білім емес, тек ақпарат алып шығады.

Мұның ең көрнекті үлгісі ретінде мектеп бағдарламаларын алып қарауға болар еді. Бүгінде мектепте балаларды миын ашытып, болашақ өмірінде нақты іске асырып, нәтиже бермейтін жалаң теорияға негізделген, ең сорақысы сол өмірден мүлдем алшақ бағдарламалар бойынша оқытады.

Рас, бала мектептен оқу, жазуды, математикалық амалдарды үйреніп шығады. Бірақ, денсаулығын қалай нығайтуға, ортақол жалақымен-ақ бес-он жылдың ішінде бай-бақуатты адамға қалай айналуға болатындығын, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңу, ақыл-ойың мен сезімдеріңді бақылауда ұстап, өз сезіміңнің қожасы болу сияқты жарқын болашағыңа жол ашатын жайлардан мүлдем бейхабар болып өседі. Он жыл бойы мектепте оқып, жан-жақты білім алған балалардың өмірге бейімделе алмай, түрлі қателіктерге ұрынып, кездескен қиындықтарға төзбей ерік-жігерлері мүжіліп жататындары да дәл осыдан десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Шынайы білім адамға не береді?

«Бай әке мен кедей әке» сериалды кітаптарының авторы танымал инвестор Роберт Киосаки мектеп бағдарламасының өмірден мүлдем алшақ екендігін айтады. 28 жасында әскери ұшқыш қызметінен отставкаға кетіп, қалтасындағы 3 мың доллармен басқа өмірді бастаған Роберт Киосаки бірге оқыған досының әкесін, яғни, «бай әкені» өзінің ұстазы етіп қабылдап, бай-бақуатты болудың мектепте де, жоғары оқу орындарында да мүлдем оқытылмайтын құпия сырларымен танысады және соны тәжірибеге қолдану арқылы екі-үш жылдың ішінде миллионерге айналады.

Міне, білім дегеніміз – осы. Яғни, пайдалы ақпараттарды тәжірибе жүзінде қолдану арқылы нақты нәтижеге қол жеткізу.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика