1 250 көрілім

Ақша түрлі суреттер мен ою-өрнек салынған әдемі қағаз ғана емес, ол – қуат. Индустар ақшаны Лакшми, яғни, тәңірі Кришнаның мәңгілік серігі, құт-береке тәңіриясы деп атайды. Ақшаның қуат екенін айғақтайтын жайлар өте көп. Мәселен, ақша адамға сенімділік береді және үрей мен қорқыныштан арылтып, өзіңді біршама жайлы сезінуге игі ықпалын тигізеді. Керісінше, ақшаның жоқтығы адамды әлдекімдерге тәуелді етіп, ертеңгі күнім не болар екен деген уайымға берілуге, материалдық жағынан өзін өте қолайсыз сезінуге мәжбүрлейді.

Ақшаң болса қалтаңда…

Кеңес заманында жұрттың көбі «байлық — мұрат емес, кедейлік — ұят емес» деген қағидамен өмір сүрді. Ол кезде адамдардың көпшілігі бір дәрежеде, қоңырқай тірлік кешті. Бүгінде жағдай мүлдем өзгерді. Соған орай, ендігі кезде «байлық – мұрат», ал «кедейлік – ұят» болып саналатын болды. Өйткені нарық заманында бәрі де сатылады. Ақшаң болса, қалағаныңды түгел сатып алуға мүмкіндік бар.

Соған орай, ақшасы көп адамдар сыйлы да, керісінші ақшасы жоқтар, қоғамда қадірсіз болып қалды. Қол-аяғы бүтін, дені сау, жас адамдардың қоқыс жәшіктерін қопарып нәпақа тауып жүргендерін күнделікті көріп жүреміз. Жүдеу өңді, жүдеу киінген ондай пенделерді ешкім де адам екен-ау деп қаперіне алмайды. Ал қымбат бағалы автокөлік мініп, малына киінген жандарға керісінше жұрттың бәрі қызыға қарайды.

Ақпарат құралдарында біреулер «ақша – барша жамандықтың негізі» дегенді айтып, жазып жатады. Бұл – дұрыс емес. Ақша Жаратқанның қуаты ретінде өзінше тұрғанда ешкімге жамандық та, жақсылық та жасамайды. Мәселен, хирургтың қолындағы пышақ науқастың дертінен айығуына игі ықпалын тигізсе, қылмыскердің қолындағы пышақ айналасындағылардың өміріне қатер төндірмек.

Сол сияқты жақсы адамның қолындағы ақша оның өзіне де, туған туыстары мен айналасындағы жандарға да тек жақсылық әкеледі. Әлгі адам ақшаға өзіне, отбасына қажетті заттар сатып алып, мұқтаж адамдарға қайырымдылық жасауға пайдаланады. Керісінше, жаман адамның қолындағы ақша әлгі пенденің өзіне де, айналасындағыларға да залалын тигізіп жатады. Сол ақшаға ол бәсекелесінен құтылу үшін кісі өлтіруші жалдауы, арақ-шарап ішіп, жезөкшелермен қыдырып зина жасауы, құмар ойындарын ойнауы мүмкін. Мұның бәрі де әлгі пенденің өзіне де, айналасындағыларға да үлкен залалын тигізетіні анық.

Ақшаның киесі бар

Алланың бір қуаты ретінде ақшаға құрметпен қараған жөн. Ақша санасыз, дөрекі табиғи қуат емес. Ақшаға қандай көзқараспен қарасаңыз, сондай салдары болады. 1990-шы жылдардың ортасында жолаушылар пойызында жолсерік болып істеген бір танысымнан мынадай жайды естідім. Сол тұста жұрттың бәрі үлкен сөмкелермен тауар тасып сатып, соған орай жолсеріктердің қолы жүріп тұрған еді.

Әлгі танысымның айтуына қарағанда, ол ақшаны күректеп тауып жүріпті. Жасыратыны жоқ ол арақты бір адамдай сілтейтін және зина жасауға да теріс қарамайтын. Соны сезетін әйелі бір күні сапардан араққа тойып алып оралған оның өзіне ұсынған бір буда ақшасын ашуланып балконнан сыртқа лақтырып жібереді. Содан көп ұзамай ол тексерушілердің құрығына түсіп, қызметінен айрылады.

Кейінірек жан бағу үшін құрылыс жұмысына шығады. Бірақ, жұмысты есекше жегіп істететін құрылыс фирмалары ақшаны аз төлегені өз алдына, тіпті соқыр тиын да төлемей алдап кететін жайлары көп кездесіпті. Оның тұрмыс жағдайы әбден жүдейді. Бір күні қарны ашқан кіші ұлы «папа қарным ашты, нан жегім келеді» деп жылайды. Нан алуға да тиын таба алмай қор болған әлгі жігіт пен әйелі не істерін білмей қатты қысылыпты…

Ақшаны қорлаудың ақыры осындай бақытсыздықтара ұшыратып жатады. Сондықтан, Алланың бір қуаты болып саналатын ақшаны құрметтеп, оны орнымен және өзіңіздің, отбасыңыз бен айналаңыздағы адамдардың игілігіне ғана пайдалансаңыз, сіздің әмияныңыздан ешқашан ақша кетпейтін болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика