1 720 көрілім

инвестицияАҚШ-тың мемлекеттік қайраткері Бенджамин Франклиннің «есіңде сақта, ақшаның көбейгіштік қасиеті бар» деген сөзі бар. Ақша да мал сияқты. Мәселен, сіздің бес қойыңыз бар делік, бірнеше жылдан кейін ол көбейіп онға, одан елуге, одан әрі жүзге жетеді. Әрине, қойдың өсіп-өнуіне жағдай жасасаңыз.

Сол сияқты ақша да, егер дұрыс жағдай жасайтын болсаңыз қораңыздағы малыңыз сияқты еселеп көбейе береді. Байлыққа жетудің кілті де осы ақша арқылы ақша табуды жолға қоюда, яғни инвестициялауда.

Ақша табудың белсенді емес амалы.

Роберт Киосаки табыс табуды екіге бөледі: белсенді және белсенді емес. Егер сіз жұмыс істеп, жалақы алсаңыз – бұл белсенді табыс табуға жатады. Ал пәтеріңізді жалға беріп немесе депозитке ақша салу арқылы ақша тапсаңыз – бұл белсенді емес табыс көзі.

Байлыққа жетуге белсенді емес табыс көзі көмектеседі. Неге десеңіз, ақша табуға бұл жағдайда сіздің қатысуыңыздың еш қажеті болмайды. Сіз бір мезгілде ондаған, тіпті жүздеген жобаларға инвестиция салу арқылы мыңдаған, миллиондаған теңге табыс тауып отырасыз.

Байлықтың шарты мынадай: сіз неғұрлым аз жұмыс жасасаңыз соғұрлым көп ақша табасыз, ал көп жұмыс жасайтын болсаңыз, соғұрлым аз ақша табасыз. Бір белгілі инвестордың: «көп жұмыс істейтін адамның ақша табуға уақыты болмайды» деген сөзі бар. Шындығында, ақша табу үшін ақ тер, көк тер болып күндіз-түні жұмыс істеудің қажеті жоқ. Ең бастысы, белсенді емес табыс көздерін тауып, соны іске қосыңыз. Сонда байлық үйіңізге өзі келеді.

Инвестиция әліппесі.

Бұның алдындағы мақаламызда айтқөанымыздай, инвестиция арқылы ақша табуға кіріспес бұрын нақты жоспар жасап алуыңыз шарт. Онда нақты мақсат, оның нақты өлшемі, яғни құны және қолжетімді болуы керек, сондай-ақ жоспарыңызды қағазға түсіріп жазу қажет, оған кететін уақытты нақты белгілеу шарт.

Міне, содан кейін инвстицияға кірісуге болады. Бірінші кезектегі және негізгі мақсатыңызда қаржылық қауіпсіздік, содан кейін қаржылық жайлылық, ең соңында қаржылық байлық ескерілуі тиіс. Енді осы жайларға жеке-жеке тоқталып көрелік.

Қаржылық қауіпсіздік.

Бүгінде көп адамдар, әсіресе қазақтар, қаржылық қауіпсіздік дегенге мүлдем дерлік көңіл бөлмейді. Жүздеген жылдар бойы нарық жағдайында өмір кешіп келе жатқан АҚШ сияқты елде адамдар ертең жұмыстан айрылып қалсам қажет болады деп есеп-шотына шама-шарқынша ақша салып қояды.

Мұны инвестиция тілімен – қауіпсіздік жастығы деп атайды. Мәселен биіктен құлаған адамға қауіпсіздік жастығы төселеді. Бұл оның мертікпей аман қалуына көмегін тигізеді. Сол сияқты қауіпсіздік жастығы қаржы мәселесінде сізге қиын-қыстау жағдайда тапшылық көрмеуге жәрдемдеседі. Ол бәлкім, депозит немесе есеп-шотқа салған жәй ақша бола ма, бәрібір. Ең бастысы, қысылған кезде алып пайдалануға болатын болуы керек.

Қауіпсіздік жастығының мөлшері – кем дегенде 6 айға дейін қысылмай өмір сүруіңізге көмектесетін болуы шарт. Оған қоса, сақтандыру жобалары да қауіпсіздік жастығына кіреді. Өміріңізді немесе денсаулығыңызды, үй-мүлкіңізді сақтандыру арқылы сіз қатерді азайтасыз. Бұл да – инвестициялық кілттің бірі.

Қаржылық қауіпсіздікке қол жеткен кезде сіздің белсенді емес табысыңыз барлық шығындарыңызды толық жабатын дәрежеге жетуі тиіс. Яғни, жылжымайтын мүлікті жалға беру, құнды қағаздар арқылы табатын табысыңыз – бәрі сіздің жұмыс істемей-ақ күнкөруіңізге толық жететін жағдайда болуы шарт. Қаржылық қауіпсіздік дегеніміз осы.

Қаржылық қауіпсіздіктен – қаржылық байлыққа.

Екінші саты – қаржылық жайлылық. Сіздің белсенді емес табыс түсіміңіз шығындарыңызды жауып қана қоймай, одан кем дегенде 3-5 есеге артық болады. Бұндай дәрежеге жеткенде сіз қаржылық жайлылық деңгейіне көтерілесіз. Яғни, еш жұмыс жасамай-ақ, түрлі инвестициялық жобаларға салған ақшаңыздан түскен табысыңыздың есебінен жайлы тұрмыс кешуіңізге мүмкіндік болады.

Үшінші ,соңғы саты – қаржылық байлық. Бүгінде инвесторлардың көбі қаржылық байлық деңгейін 1 миллион АҚШ доллары көлемінде атап жүр. Әрине, әркімнің көзқарасы, ұстанымы әртүрлі. Бәлкім сіз өзіңізді 500 мың доллармен де баймын деп санай алатын шығарсыз немесе ол үшін 5, тіпті 10 миллион доллар қажет болар?! Ең бастысы, оның мөлшері емес, ақшаңыз арқылы мол ақша табуға қол жеткізіп, еш жан қинамай еркін өмір сүре алатын дәрежеге жету.

Ақшадан ақша табу өнерін меңгерген адам міндетті түрде мол байлыққа ие болады. Оны бүгінде қайыршылық жағдайдан миилионер, миллиардер деңгейіне көтерілген адамдардың өмірі дәлелдейді. Блогымызда белгілі инвесторлардың еңбектері бойынша нақты деректерге сүйенген мақалалар сериясы беріліп тұратын болады. Жаңалықты жіберіп алмаңыз. Ол үшін блогқа жазылыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика