1 173 көрілім

адам мүмкіндігіАқыл дегеніміз не және ол қандай қызмет атқарады? Бұл сауалға қазіргі ғылым толымды жауап бермейді және ақылды зерттеу нысаны ретінде де қарастырмайды. Шындығында адам өмірінде үлкен рөл атқаратын ақыл туралы жеткілікті білгенде ғана, оны өз мақсатымызға пайдалану арқылы жетістіктерге жетуге жол ашылмақ.

Ақыл деген не?

Ақылға толымды анықтама Бһагавад Гита кітабында берілген. Ақылдың екі қызметі бар екен, ол: 1) мынау маған ұнайды 2) мынау маған ұнамайды. Ақыл – бұл адамның іс-әрекетіне әсерін тигізетін кәдімгі компьютерлік бағдарлама іспетті. Ақыл жақсы мен жаманды және пайдалы мен залалды нәрсені айырмайды.

Мысалы, ақыл айтады: арақ ішіп, темекі тартқан, қыз-келіншектермен қыдырған маған ұнайды, ал салауатты өмір салтын ұстанып, нәпсіні тежеу – ұнамайды. Ақылдың тағы бір ықпалды жағы – ол әлгі өзіне ұнайтын, бірақ залалды әдеттерді зиянды емес, керісінше пайдалы деп түсіндіріп, өзін ақтауға шеберлігінде.

Ақылдың тіліне ерген адам қырық түрлі себеп тауып, өзінің теріс әрекетін ақтап, оны пайдалы деп көрсетуге тырысып бағады. Мысалы, темекі тартатын адам «Темекі зиянды болса, неге дәрігерлердің өздері тартады? Темекі тартатын пәленше сексенге келді, ал темекі тартпаған түгенше алпысында қайтыс болды. Темекі зиянды болса неге бұлай?» деген сияқты жайларды алға тартып, өзінің темекі тартуын ақтап алуға барын салады. Шындығында, бұның бәрі ақылдың қулығы.

Арақты көп ішкен зиянды, бірақ мөлшерімен ішсе оның пайдасы көп, қайғы-қасіретіңді ұмыттырады, асқазаныңды тазартады, деген уәждермен ақылдың жетегіне ерген пенде өзінің арақ ішуін ақтап алып, жаман әдетті жалғастыра береді.

Ақыл ең жақын досың және ең қатерлі дұшпаның

Бһагавад Гитада «Ақыл ең жақын досың және ең қатерлі дұшпаның. Егер ақылды бағындырсаң, онда ол жақын досыңа айналады, ал оның жетегіне ерсең, қауіпті дұшпаның болады» деп айтылған. Ақылдың жетегіне ерген пенде жаман әдетті жақсы деп қабылдап, алған бетінен қайтпайды.
Индустарда мынадай мақал бар: «ақылды таңертең басынан жүз рет таяқпен ұр, кешкісін жүз рет кебіспен ұр». Яғни, ақылды бағындыру үшін оның жетегіне ермей, әрбір істің пайдалы-зиянды жағына назар аудару қажет.

Ақылдың жетегіне ермей, оны жау емес, досқа айналдыру үшін адам зердеге (разум) сүйенуі қажет. Өкініштісі сол, адамдардың 90 пайызының зердесін шел басқан. Мысалы, көзін шел басқан адам көрмей қалады. Ал зердесін шел басқан адам пайдалы-залалды нәрсені айырудан қалып, ақылдың жетегіне ереді.

Зерденің үш түрлі қасиеті бар дейді Бһагавад Гита кітабында. 1-ші қасиеті: зерде пайдалы немесе залады әрекетті таразылайды; 2-ші қасиеті: зердеде жады (память) болады; 3-ші қасиеті: зердеде ерік-жігер қуаты бар.

Зерде жадыны іске қосып, мысалы арақтың пайдалы немесе залады екендігін таразыға салып, талдайды. Пайдасы аз, залалы көп деген тұжырымға келсе, ерік күшін іске қосып, одан оңай бас тартады. Темекі, зина жасау сияқты жаман әрекеттерді де зерденің күшімен талдап, ерік қуаты арқылы онан бас тартуға болады.

Зерденің ақылдан айырмасы сол, ол – мынау пайдалы, мынау зиянды деп әрбір әрекетті таразылай алады. Ақыл тек ұнайтынын немесе ұнамайтынын ғана қабылдаса, зерде пайдалы-залалды жағын таразылайды.

Зерденің тұғыры – имандылық

«Егер Алла біреуді жазалағысы келсе, оның зердесін алады» деген сөз бар. Имансыз адамда зерде болмайды. Оның дәлелі: өзіне де, өзгелерге де залалын тигізетін жаман нәрсемен айналысатындығында. Зердесін шел басқан пенде темекі тартып, арақ ішеді, зина жасайды, ұрлық істейді, басқа да залалды істерді жасайды. Осылайша ол ең алдымен өзіне үлкен залалын тигізеді.

Биыл көктемде астаналық бір бизнесмен ашынама бардың деп жас жігітті көкала қойдай етіп сабап, содан әлеуметтік желілерде ол туралы жұртшылықтың наразылығы туды. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, халықтың пікірінен шошынған билік әлгі ақшасына мастанған бизнесменді 17 жылға соттап, бар мүлкін тәркіледі. Сөйтіп, ол ашынасынан да, ақшасынан да, бар байлығы мен бас бостандығынан да айрылды.

Зердесі бар адам осылай жасар ма еді? Жоқ. Зерде иманды адамда ғана болады деп жоғарыда айттық. Иманды адам ең алдымен Алладан қорқып, зина сияқты жаман нәрсеге ешқашан бармайды. Ал әлгі бизнесмен зина жасамағанда, бұндай пәлеге ұрынбас еді. Иманды болу үшін шариғат жолымен жүріп, діни парызды орындап, харамнан бас тарту қажет. Дін жолын ұстанған адамда иман, ал иманды адамда зерде болады.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика