Ақпаратты иеленген әлемді билейді

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

32ХХІ ғасырды «ақпарат ғасыры» деп атап жүр. Қазір ақпараттың таралуына жер ақшықтығы, тілдің әртүрлілігі еш кедергі емес. Әлемді ботқадай араластырып жіберген интернет  арқылы кез келген хабар әп-сәтте барша әлемге таралып, құпия болудан қалып жатады. Осыған орай, «ақпаратты иеленген әлемді билейді» деген қағиданың ақиқаттығын өмір күн сайын дәлелдеп, көзімізге көрсетіп отыр.

Үкіметтің үлкен қателігі

Ақпарат ғасырының басты қағидасы саналаты – «ақпаратты иеленген әлемді билейді» деген қағиданы өкінішке орай Қазақстан Үкіметі білмейтін немесе білгісі келмейтін болып шықты. Рас Үкімет жыл сайын ақапарат арқылы үкіметтік тапсырыстар беруге біршама қаржы бөліп жатады. Бірақ, ол қаржы басқа салалармен салыстырғанда теңіздің тамшысындай болымсыз.

Ақпарат саласының біздің елімізде төрт аяғынан түгел ақсап қалуын биыл көктемде ел-жұртты дүрліктірген Жер кодексіне қатысты жайлар анық дәлелдеп берді. Арты үлкен айқай-шуға, бүгінде ащы зардабын тартып жатқан әлемнің бірқатар елдеріндегі «түрлі-түсті» төңкеріс дейтінге ұрындыра жаздаған бұл оқиға Елбасының заңға мараторий жариялауымен біткен сияқты болды.

Осы олқылық үшін бірнеше министрдің басы кетіп, су жаңа – ақпарат министрлігі құрылды. Жә, дұрыс, ақпарат саласына жеке министрлік аштық делік. Бірақ сонымен бар шаруа біте ме? Төрт аяғынан түгел ақсап тұрған бұл саланы аяғынан тұрғызу үшін қыруар жұмыстар, ең бастысы қыруар қаржы қажет.

Журналистің жалақысы қанша?

Білмеген адам атқарушы билікті, лауазымды үлкен тұлғаларды атын атап, түсін түстеп сынап жіберетін журналист дегендер ақшаны күреп табады деп ойлауы мүмкін. Шындығында, журналист  мамандығын игерген, жоғары білімі бар мамандардың алатын жалақысы орта білімді тракторшы, экскваторшы, дәнекерлеуші, аспаз сияқты мамандардан көш төмен екеніне сіз сенесіз бе?

Мәселен, ысырғышы бар үлкен тракторды жүргізетін тракторшының айлық жалақысы 150-250 мың, экскваторшы 200 мың, дәнекерлеуші 250-300 мың, ал  мейрамханаларда ас пісіретін аспаздарың 300-500 мың алады. Жоғары білімді жаңалықты жедел беру үшін зыр жүгіріп жүретін журналистің алатын жалақысы – 70-80 мыңның төңірегінде. Ал енді осыны өзіңіз салыстырып көріңіз.

Жалақысы аз журналистке бастық көп. Мемлекеттік тапсырысқа ақша алдың деп құзырлы органда істейтіндердің бәрі қалам ұстағандарды қолбала етіп жұмсағылары келеді. «Ананы былай жаз, мынаны былай істе» деп жұмыртқаның тауыққа үйреткеніндей ақыл айтушылар көп.

Міне, осындай жалақы алып, қолбала сияқты жүгіріп жүріп жұмыс істейтін журналистердің жұмысының сапалық деңгейі қандай болмақ? «Не ексең, соны орасың» деген халық даналығы бар. Үкімет ақпарат саласына болар-болмас ақша бөледі екен, оның қайтарымы да болар-болмас болады.

Осыдан келіп, дұрыс ақпарат таралмайды, халық түсінбестіктен арандатушы пысықайлардың қармағына түседі. Жоғарыда айтылған Жер кодексін алып қарайық. Жер кодексі алғаш рет 1996 жылы қабылданыпты. Онда шет ел азаматтарына 99 жылға дейінгі мерзімге жер жалға беріледі деп жазылған. Ал 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде жалға беру мерзімі 10 жылға дейін шегеріледі. 2014 жылы қабылданған Жер кодексінде шет елдіктерге жалға беру мерзімі 25 жылға ұзартылған. Заңдағы бар өзгеріс осы ғана.

Шет елдіктерге 99 жылға жалға беретін заң шыққанда үндемеген халық, неге 25 жылға келгенде дүр етіп көтерілді?  Ақпараттың АҚСАП тұрғаны дәл осы жайдан анық көрінді. Үкімет «АҚПАРАТТЫ ИЕЛЕНГЕН, ӘЛЕМДІ БИЛЕЙДІ» деген қағиданы мүлдем қаперге алмады. Ақырсында, дұрыс ақпарат ала алмаған халық арасында түсінбестік туып, осыны пайдаланған арандатушылар жалған ақпарат арқылы халықты теріс жолға салды.

Кеңестік идеологияның құдыреті

Кеңес заманында халықтың тұрмыс жағдайы қазіргімен салыстырғанда көш кейін жағдайда болды, бірақ олар рухани жағынан бай еді. Қазір халық кеңес заманына қарағанда әлдеқайда бақуатты тұрады, бірақ рухани жағынан жұтаңданып кетті. Бұның себебі – идеологияға, ақпараттық  насихатқа өте аз көңіл бөлінуінен екендігі қазір анық байқалып отыр.

Кеңес заманында ең бай адамдар ақын-жазушылар болатын. Ғабит Мүсірепов қайтыс болғанда соңында кассыге салған 250 мың сомдай ақшасы қалыпты дейді. 250 мың сом деген ол кезде қара халықтың түсіне кірмейтін қыруар байлық еді.  Ақын-жазушылардың қаламақысы жұрттың түсіне кірмейтіндей өте жоғары деңгейде болатын

Оған қоса, жазушыларға бір-екі жыл мерзімге шығармашылық демалыс деген берілетін. Осы уақытта оның жұмыстағы орташа жалақысы сақталады. Жазушы өзі таңдаған тақырыбы бойынша алаңсыз отырып повесть-романдарын жазады. Әбу Сәрсембаев кезінде балықшылар туралы романын екі жылға демалыс алып, Каспи теңізінде жүзген балықшылар кемесінде отырып жазыпты деседі. Ал Қалмұқан Исабаев Ертіс каналы жайындағы романын сол канал құрылысының басы-қасында жүріп жазыпты.

Алатаудың әдемі баурайында ақын-жазушылардың шығармашылық үйі деген болатын. Ақын-жазушылар қалаған уақытында соған барып апталап, айлап жатып (тамағы, тұруы бәрі тегін) шығармаларын жазатын.

Міне, кеңес үкіметінің идеологияға көзқарасы. Олар идеологиядан ақшаны аямады. Соның қайтарымы да мол болды. Отан соғысы кезінде «Сталин үшін, Отан үшін» деп кеуделерін оққа төсегендер, күндік жоспарын 200-300 пайызға орындап, күндіз-түні аянбай жұмыс істейтіндер – бәрі сол кеңестік идеологияның жемісі-тін.

Кеңес заманында «Победа» деген бір фильм шығарылды. Отан соғысындағы жеңістен кейін Подстам деген қалада жеңген мемлекеттің басшылары кездесіп, Германияның тағдырын шешті. Сол жайындағы картинаны көрген қарапайым жұртшылық кино біткенде орнымыздан тік тұрып бірнеше минут қол соққан едік. Бұған бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Фильмдегі  отаншылдық идеясының күштілігі санамызға осылай әсер еткен.

Ал таяуда «Жұлдыздар тоғысқанда» деген Елбасымыз туралы бірнеше сағаттық фильмді көрдім. Оған үлкен қызмет атқаратын шенеуніктерді золықпен апарды. Қызығы сол, әлгі фильмді жұрт бей-жай отырып көрді. Ешкім қол шапалақтаған да, орындарынан тік тұрып қошемет көрсеткен де жоқ.

Кеңес заманында халық талай тауқыметтерді, заңсыздықтарды бастан өткерді. Бірақ қыңқ деп қарсылық  жасамады, керісінше ауыртпалықтарды ойнап жүріп көтеріп, әндетіп жүріп ауыр жұмысты атқарды. Бұған адамдарды кеңестік қуатты идеология еріксіз мәжбүрлеген еді.

Ал қазір жұртта бәрі бар. Екі-үш қабатты котедж, шет елдік қымбат автокөлік, бір қабырғаны түгел алатын түрлі түсті теледидар, компьютер, смартфон… Не керектің бәрі бар және дүкендерде бәрі самсап тұр. Қалағаныңды ала аласың.  Дегенмен,  материалдық жағынан кеңес заманындағыдан көш ілгері озып кеткенімізбен, рухани жағынан жұтаңданып, кедейленіп барамыз.

Қазір кітап оқымайтын, кітапты мүлде қолына ұстамайтын бүтін бір ұрпақ өсіп келеді. Олар театрға бармайды, операны тыңдамайды. Құлақтарына құлаққап киіп алып, шетелдік даңғаза музыкаларды тыңдап, арзан күлкіге құрылған роликтерді тамашалайды, түрлі ойындар ойнайды.

Өсіп келе жатқан осы ойсыз ұрпақ ертең билік басына барғанда мемлекетіміздің жайы не болмақ?

Бұдан не түйіндеуге болады?

Ең алдымен, адамдарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, қайрымдылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін мемлекеттік мықты иеология  болуы қажет. Оны тарататын ақын-жазушылар, сазгерлер, басқа да өнер адамдары. Сондықтан оларға кеңес заманындағыдай қаржылық үлкен қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуы керек.

Тағы бір назар аударатын жай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралатын ақпаратты күшейту керек, бүгінде интернет арқылы таралып жатқан адамдарды аздыратын, жауыздыққа, нәпсіқұмарлыққа, арсыздыққа итермелейтін лас ақпарат ағынымен күресте мығым болуы үшін журналистерге барынша қолдау көрсетіліп, жағдай жасаулы қажет.

Егер бұл мәселелер шешілмесе, бүгінде белең алып бара жатқан жастар арасындағы жаман әдеттер, еліміздің тұтастығына қауіп төндіретін лаңкестіктер мен арандатушылықтар жалғаса беретіні анық. «Өз әскерін қаруландырғысы келмейтін мемлекет, өзге елдің әскерін қауландыруға мәжбүр болады» дегендей, ақапарат пен идеологиядан ақша аяған ел ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі мүмкін. Бұны әлемнің әр түкпірінде болып жатқан жайлар анық  көрсетіп отыр.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика