125 көрілім

Жақында әлеуметтік желіде бір кәсіпкер Абайды түкке алғысыз етіп шығарды. Оның пайымынша, кеңестік идеология жастықта шынтақтап жатып өлең жазатын, жұртқа ақыл айтқаннан басқа ештеңе білмейтін жалқау Абайды қазақтарға үлгі қылып, қазақтарды сондай көк жалқауға айналдыру мақсатын көздепті-міс.

Абайдың ұлылығын ұғу үшін кемел білім керек

Баяғыда бір ақылды қария өлерінде жалғыз ұлына «мен саған мынау есік алдындағы бақшамда мол қазына қалдырып барамын, соған ие бол» деп өсиет етіпті. Әкесінің сөзінің мәнін ұқпаған алаңғасар ұлы оны жерлесімен қолына күрек алып, бақшаны асты-үстіне түсіріп қазып, бірақ еш қазына таппайды. Содан көңілі қалған ол әкесінен қалған байлық таусылғанша тірлік кешіп, содан кейін қысылған соң үйін бақшасымен қоса сатып жбереді. Үйсіз-күйсіз қаңғып қалған әлгі бір күні ел кезіп қайыр сұрап жүріп, бір қарияға жолығады. Қария түртпектеп сұрап, жігіттің жайын естіген соң «Балам, сенің әкең өте ақылды адам екен, бірақ сен оның өсиетінің терең мәнін ұқпапсың. Ол саған бақшамда мол қазына қалдырып барамын дегені, сол бақшаны күтіп ұстап, адал еңбек етсең, саған таусылмас байлық болады» дегені екен. Әкең өле-өлгенше адал еңбегімен ел қатарлы бақуатты тірлік кешіпті. Ал сен оның өсиетін ұқпай, оңай олжа қуамын деп бар байлығыңнан айрылыпсың» деген екен дейді.

Міне, сол әкесінің өсиетін ұқпаған алаңғасар ұл сияқты қазіргі адамдардың көбі ұлы Абайдың  өсиетін ұғуға ақылдары жете бермейді. Осыдан келіп, жоғарыда айтылғандай  жастардың арасында теріс пікір қалыптасады. Бұған жастарды кінәлауға болмас, әрине, оларға жол көрсететін, бағыт-бағдар сілтейтін аға ұрпақтың өзі ана тілі мен атадәстүрінен безіп, ұлы Абайды ұғудан қалса не істемексің?

Абайдың бір ғана сөзін түсіну кедейлік қамытынан мәңгі құтқарады

Иә, Абайдың ұлылығы сонда, егер кімде кім оның жалғыз ауыз сөзінің терең мәнін ұғар болса, өмір бойы қайыршылықтан құтылып, бақуатты тірлік кешер еді. Ол қандай сөзі деймісіз? Айтайын. Ұлы Абай: «Есектің артын жусаң да мал тап» дейді. Ұяттау сөз, дегенмен, түсінген адамға өте терең мәні бар ұлағатты кеңес. Өйткені, бұл қазіргі НАРЫҚ ЗАҢЫН дәл басып тұр. Және айтады: «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз». Мақтаншақтық, өсекшілдік, ысырапшылдық – бәрі дұшпан дейді ұлы Абай.

Ал енді Абайдың осы сөзінің мәнін ұғынып, жәй ұғынып қоймай соны өмірде кәдесіне жаратып жүрген Батыс елдері байлыққа белшеден батып отыр. Батыс елінің кез-келген азаматы  нарықтың ең басты талабы – ебін тауып ақша тап екенін өте жақсы біледі және соны мәңгілік қағидат етіп ұстанады. Соның арқасында өле-өлгенше кедейлік көрмей, бақуатты тірлік  кешеді.

Ал енді осы ұлы данышпанымыздың ұлағатты сөзін ұқпаған бүгінгі қазақ ұрпағы кедейлік қамытын киіп, сол үшін оған Үкіметті, Президентті, жергілікті билікті – әйтеуір айналасындағылардың бәрін кіналап, өкпелері қара қазандай болып жүреді. Президент те ұдайы «мемлекет ешкімге көмектеспейді, нарық талабы бойынша әр адам өз күнін өзі көруі тиіс» дегенді айтып келеді. Бірақ ұлы Абайды ұқпаған қазақ Елбасын да ұғар емес.

Батыстың әрбір ақыл-есі дұрыс адамы дүниеге бала келсе, ең алдымен оны сақтандырып, ай сайын есепшотына ақша салып отырады. Баласы кәмелет жасына келгенде есепшотында қомақты қаржысы болады. Сонымен өмір жолын бастап, тез жетістікке жетеді. Ал ақыл-есі дұрыс әрбір қазақ баласы дүниеге келсе шілдеханадан бастап, бірінші сыныпқа барса той, сүндетке отырса той, мектеп бітірсе той, сөйтіп кредит алып той жасаумен өмірлері өтеді.

Ұлы Абай айтады: «есектің артын жусаң да мал тап». Яғни, нарық заңы бойынша еңбек етіп, ақша тап, сонда бақуатты өмір сүресің.  Сондай-ақ, бар уақытын өсек айтып, босқа өткізбей, мақнашылық үшін той жасап, шабылып ысырапшылдыққа бармай, үнемшіл болса, адал еңбек етіп, барын ұқсата алса, қазақ кедейлік қамытынан құтылып, бақуаттылыққа жетер еді.

Өкінішті, әрине. Ұлы данышпанымыздың ұлағатты сөзіне құлақ аспай, барымызды бағаламай, соның кесірінен кедейшілік пен тапшылықтан арыла алмай жүргеніміз. Бүгінгі жастар бос сөз айтып, жалған атақ қуғанша, ұлы данамыздың өсиетінің терең мәнін ұғынуға тырысса, өзі ұғып қоймай, өзгелерге насихаттаса, қазақ үшін үлкен еңбек сіңірер еді.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика