975 көрілім

сараңдықАтағымды шығарып, бай болсам, биік мансапқа қол жеткізсем деп армандамайтын адам кемде-кем. Ақыл-есі дұрыс адамдардың бәрі дерлік атақ, мансап және байлықты – өмірдің ең басты қызықтары және ең үлкен мәні деп санайды. Сол үшеуіне қол жеткізген адамды жұрт бақытты деп біледі. Шындығында солай ма?

Ақша мен атақ – ауру сияқты

Ауырғандықтың белгісі – дененің қызуы көтеріліп, қысымы артады. Бұл аурудың ең негізгі көрсеткіштері. Сол сияқты ақша мен атақ, мансап та адам үшін қан қысымының артуы немесе температураның көтерілуі сияқты дерттің белгісі саналады.

Қасиетті Құранда «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» деген аят бар. Бұны айтып тұрған – Алла. Ал, Абай айтқандай «Алланың Өзі де, сөзі де рас». Осы аятқа қарап, адамды Алла Өзіне құлшылық етуі үшін ғана жаратқанын ұғынамыз. Яғни, адам өмірінің мәні, екі аяқты пенденің ең басты міндеті – АЛЛАҒА ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУ.

Өмірдің мәні құдайға құлшылық ету болса, онда адамды Алланың құлы деп атаған дұрыс болады. Ал, құлда ешқандай меншік болмайды. Ол қожайынының үйінде тұрып, соның мүлкін пайдаланады, өмір бойы соған қызмет етеді. Тіпті, оның тәні, өмірі де қожайындыкі. Қожайыны құлын жарылқай ма, жазалай ма, тіпті өлтіріп тастай ма – оны өзі біледі. Құлдың міндеті – қожайынның бұйрығын мүлтіксіз орындап, айтқанына бағыну.

Құранның аятынан ұғатынымыздай, адамның міндеті де өзін құлшылық ету үшін жаратқан Аллаға өле-өлгенше қызмет ету. Алланың құлы болғандықтан, мына фәни дүниенің барлық игілігі Алланыкі. Адам сол Алланың игілігін пайдаланушы ғана. Шын мәнінде, оның «менікі» деп жүргендерінің бәрі, тіпті, бала-шағасы мен тәні де өзінікі емес. Міне, біздің табиғи ахуалымыз – осындай. Яғни, ештеңесі жоқ, 100 пайыз Аллаға тәуелді, ең басты міндеті құдайға құлшылық ету болып табылатын екі аяқты пендені – адам деп атайды.

Егер сізде ештеңе жоқ болса, бәрі Алланың меншігі болса, және өзіңіз Алланың құлы болсаңыз, онда мына фәниде уақытша қол жеткізген «байлық, мансап, атақ» деп аталатын игіліктердің бәрі шын мәнінде сіздікі емес. Бұндай игіліктердің адамға тигізер залалы – ол пендені «мынау менің байлығым, мынау менің креслом, мынау менің бала-шағам, мен атақты адаммын» деген жалған пендешілік ойларға беріліп, өзінің Алланың мәңгі құлы екендігін ұмытуына, сөйтіп санасында тәкаппарлық, мақтаншылық, өзімшілдік, нәпсіқұмарлық сияқты тозаққа түсіріп, Алладан аулақтататын жаман қасиеттердің орнығуына ықпалын тигізеді. Сол үшін де «байлық, атақ, мансап» дегендерді қан қысымының артуы, дене қызуының көтерілуі түрінде көрінетін адамның дертімен салыстыруға болады. Яғни, мансап та, атақ та, байлық та – игілік емес, дерт.

Алла өзінің сүйген құлына қиындық жібереді

Мен біраз жыл «Атбасар» деген аудандық газеттің редакторы болып қызмет атқардым. Сонда Атбасар қаласының әкімі болған бір кісі кейін облыс басшыларының қырына ұшырап, қызметінен алынды. Ол қаладағы бір мекемеге қарапайым қызметкер болып кірді. Бір күні көшеде келе жатып, қолында пакеті бар асыға басқан бұрынғы әкіммен қарсы ұшырасып қалдым. Ол мені көріп сасқалақтап қалды, жәй басын изеп амандасып асыға басып өте шықты. Оның жүзінен қатты қысылуды аңғардым.

Әкім бұрын ақ волгаға мініп, кеудесін көтеріп, өзін биік ұстап жүретін. Оның бейнесі мен үшін әрдайым сондай кеудесі жоғары, еңселі адам кейпінде елестейтін. Енді міне, көпшілік автобуспен жұмысына қатынап, көшеде пакет ұстап жүрген оны көргенде мен де біртүрлі қолайсызданып қалдым және оның өзі де өте қатты қысылды.

Атақ, мансап, байлық та адамға уақытша кеуде бітіріп, өзін өзгелерден жоғары сезінуіне, сөйтіп, барлық игіліктің Алланың меншігі екендігін, күндердің күнінде бәрінен айрылатынын есінен шығаруға мәжбүрлейді. Осы тұрғыдан алғанда, байлар мен атақтыларды және биік лауазымға қол жеткізген жандарды Алланың сүйген ұлдары санаудың еш жөні жоқ.

Индустарда «Құдай өзі жақсы көретін құлының барлық игілігін тартып алады» деген сөз бар екен. Атағы, мансабы және көп ақшасы жоқ адам мына фәниге еш байланбайды және өзін өзгелерден жоғары санамайды. Түгі жоқ пенденің күнкөрісі түгел Алланың шапағатына байланысты болмақ. Алла несібе берсе, тоқ болады, бермесе ашқұрсақ жүруге мәжбүр.

Алла несібе берген күні әлгі пенде «Иә, Алла, сен маған несібе бердің, мені аяп осындай игілік жібердің, сол үшін алғысымды айтамын» деп тәубесіне келіп, Аллаға дұға ету арқылы сауап алады. Ал, несібе бермеген күні тағы да «Иә, Алла, мен бүгін аш қалатын болдым, бұным өзімнің жасаған күнәмнің салдары, сондықтан ешкімге өкпе арта алмаймын, енді маған сабырлылық бер» деп дұға етіп және сауап алады.

Осылайша, фәни жалғанның игілігінен құр қалған пенде түгелдей Аллаға тәуелді болып, Жаратқанның шапағатымен өмір кешеді және өле-өлгенше Алланы есінен шығармай, аштықта да, тоқтықта да, тәубесінен жаңылмайды. Фәни дүниенің игілігіне еш қызықпайтын, Алланың бергенін ғана қанағат тұтатын және қиыншылықта сабыр сақтайтын мұндай пенде Алланың ең жақын құлы болады және жәннаттан орны болады.

Ал, керісінше, бұл фәнидің байлық, мансап, атақ деп аталатын игіліктеріне қол жеткізгендер соған байланып, соны қалай сақтаймын деген қорқынышпен күн кешеді және әрдайым өзін өзгелерден биік санап, қол жеткен игілікке өзімнің күшіммен жеттім деп, өзімшілдікті серік етіп, сауаптан құр қалады және өлген соң орны тозақтан болады.

Енді ойланып көріңіз: бұл фәнидің игілігіне қол жеткізіп, табиғи ахуалыңыздан алшақтап, Құдайды естен шығарып, үрей мен қорқынышта күнәкар тірлік кешкіңіз келе ме, әлде Алланың бергенін қанағат тұтып, сауаптан несібеңіз болып, екі дүниенің игілігін тапқыңыз келе ме? Өмір жолыңызды таңдау – Сіздің өз еркіңізде.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика