150 көрілім

Адамның күні адаммен деген сөз бар, яғни біз өмір бойы өзіміз сияқты екі аяқты пенделердің ортасында өмір кешеміз және олармен әртүрлі қарым-қатынаста боламыз.  Сол қарым-қатынас жағдайларында жақсы таныс немесе жәй жүзтаныс жандарға да сенім танытуға мәжбүр болатын жайлар кездеседі. Сондай сеніміміз кейде ақталып жатса, кейде алданып қалып, опық жейтін сәттеріміз де болады.

Адам табиғатынан әлжуаз

Материализмге негізделген марксизм ілімінің негізін салушы Маркстің пайымынша, адамды тұрмыс билейді. Шынында да, ой жіберіп қарасаңыз адам санасын әрдайым тұрмыс билейтінін бағамдар едіңіз. Күнделікті өмірде кездесіп жататын проблемаларды ойламай, әрдайым жоғары идеалға назарын аударып, тұрмыстан биіктеп кеткен пендені өз басым ешқашан кезедстірген емеспін. Тіпті, бай бақуатты адамдар, биік мансап иелері де тұрмысқа қатысты проблемаларды шешуге мәжбүр болып жатады және бұндай мәселелер біздің өміріміздің көп уақытын алатыны жасырын емес.

Осы жайлардан ұғарымыз: адам санасын әрдайым тұрмыс билейді. Одан құтылу мүмкін емес. Ет пен сүйектен жаратылған пенде үшін бұл табиғаттың айнымас заңы болса керек. Ауыратын, қартаятын және ақырсында өлетін адам үшін бес күндік тірлікте кездесетін тұрмыс тауқыметтерін  төзімділікпен көтеру үлкен сынақ. Оған екінің бірі төзбей жатады.

Адам өмірінде кездесетін қиындықтар өте көп. Ол тұрмысқа қатысты, болмаса денсаулыққа, жұмысқа, отбасына, ақшаға қатысты жайлар болуы мүмкін. Сондай қиындықтардан құтылу үшін табиғаты әлжуаз пенде ар ұялар түрлі жаман әрекеттерге барып жатады. Ұрлық істейді, өтірік айтады, қылмысқа барады, ар-намысын таптайтын жаман әрекеттер жасайды, т.т.

100 пайыз сенім көрсететін адам бола ма?

Өз басының пайдасы үшін адамдар кез-келген жағдайда ең жақын туысын, досын да сатып кететін жайлар көп кездеседі. Осындай жағдайда 100 пайыз сенім көрсететін, бұл адам мені ешқашан сатпайды, мен үшін жанын беруге де бар деп санайтын адам бола ма? Жоқ. Ондай адамдар тек бар жан-тәнімен Құдайға берілген әулиелер ғана. Ал қарапайым пенделер кез-келген сәтте өз пайдасы үшін ең жақын деген адамды да сатып кете алады.

Қасиетті Құранда «Ол күні туыс-бауырлардың арасы айрылады» деген аят бар. «Ата-ана баласынан, баласы ата-анасынан безеді». Қасиетті кітапта айтылған бұл күн – Қиямет күні. Яғни, адамдар сұраққа тартылып, әр пенде өз қарақан басын құтқаруды ойлап жанталасатын күн. Сол күні «баламның  табанына кірген тікен, менің маңдайыма қадалсын» деп тілейтін ата-аналар да балаларынан безіп, қара бастарын құтқаруды ойлайды екен. Ал Қасиетті кітаптың сөзі 100 пайыз ақиқат. Ендеше, басына қиындық түскен сәтте ең жақын адамдарыңыздың өзі қара басын күйттеп кетсе, онда адамға 100 пайыз сену деген бұл өмірде болмайтын арман ғана.

Мына ақиқатты есіңізден шығармаңыз: ешқашан ешбір пендеге, тіпті ең жақын адамдарыңызға да 100 пайыз сенуге болмайды. Жалғыз Аллаға ғана 100 пайыз сену қажет. Ал адам баласына толық сену басыңды қатерге байлау және өкінішке ұшырататын қателікке бой алдыру деген сөз. Бұны зердесі бар әрбір адам ұғынады, ал зердесіз жандар ет пен сүйектен жаратылған пенделерді арқа сүйер дос санап, 100 пайыз сенім артып, ақырсында арылмас өкініште қалып жатады.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика