875 көрілім

ақылТемір-терсекті өзіне тартып, жапсырып ала беретін магнит сияқты қасиет адамның бойында да бар. Темір магниттен айырмасы сол, адам өзіне жақсылық пен жамандықты тартып, жапсырып алып отырады. Адамның бойындағы осындай магниттік қасиетін білгендер ерте заманнан ойына алған арман-тілектеріне жетіп, бақытты тірлік кешкен. Бірақ ондай тылсымның құпиясын білген жандар мұның сырын сыртқа шығармай қатаң бақылауда ұстаған. Дегенмен, бүгінгі ақпарат заманында бұл тылсым ілім құпия болудан қалды.

Жамандықты тартатын магнит жандар

Жолы болғыш, ойына алған ісі әп-сәтте алға басып жүре беретін адамдар өмірде сирек кездеседі. Керісінше, француз комигі Пьер Ришар ойнайтын «Невезучий» фильмінің кейіпкеріне ұқсайтын адамдар өмірде көп. Қадам басқан сайын кездесетін қиындықтар мен қырсықтардан мезі болған ондайлар жолым ашылады деп көріпкелдер мен балгерлерге, бақсыларға барып, барын беріп жатады. Сонда да жолдары ашылмай, қырық ағайынды қырсық бір айналдырғанда, шыр айналдырып, өмірін тамұқ етеді.

Мұндай қырсықтың себебі неде? Мен осыдан бірнеше жыл бұрын «Секрет» бейнефильмінен осының жауабын тапқанай болған едім. Таяуда ресейлік теолог Вадим Тунеевтің лекциялар жинағын оқып, осыған ұқсас ғылыми негізде айтылған пікірмен ұшырастым. Қасиетті кітаптарға сүйене жазылған бұл пікір маған қатты әсер етті. Мысалы, кешкілік жатарда жын-шәйтан, қорқынышты әруақтар туралы әңгіме айтып, тыңдасаңыз, түнде әлгілер түсіңізге кіреді, тіпті көзіңізге көрінуі де мүмкін дейді ол.

Вадим Тунеев айтады, адамның ой-санасы магнит сияқты жақсылықты да, жамандықты да тартып алып отырады. Өкінішіке орай, бүгінгідей жаман ақпарат әлемді жайлап алған заманда жақсылық туралы ойлау мүмкін емес.

Біздің күнде теледидардан көретініміз, интернет арқылы алатын ақпараттарымыз алдау-арбау, зинақорлық, қылмыс, бақытсыз оқиғалар болып келеді. Мұндай теріс ақпаратты санасына сіңірген пенде сондай жаман нәрселерді магнитше тартып отырады. Содан кейін неге менің жолым ашылмайды, қырсық қыр соңымнан қалмайды деп таң-тамаша қалады.

Жақсы сөз жарым ырыс

Қазақтың осы мақалының астарында үлкен шындық жатыр. Егер сіз әрдайым жақсы нәрселер туралы ойлап, жақсылық туралы сөйлейтін болсаңыз, санаңыздың түкпірінде сондай жақсы ақпараттар берік орнығады. Ол өз кезегінде сізге сондай жақсылықтарды тартып, соған жолықтырады.

Теміржолдан аулақтау жатқан біздің ауылда бір кісі болды. Әлгі пойыз басып кетеді деп қорқып, темір жолға жуымайтын. Ол тіпті, аудан орталығына барудан қашатын. Өмірі ауылдан аттап шықпайтын әлгі бейбақ ақыры пойыздың астына түсіп өлді. Ауылда жұрт қойды кезекпен бағады. Қой кезегі келіп, мал баққан әлгі неге екені белгісіз ауылдан 6-7 шақырымдай қашықтықтағы теміржол бойына шығып кетіпті. Малды қайтарамын деп жүріп, ол пойызға түсіп қалыпты. Сөйтіп, ажалы өзі ойлағандай ақыры пойыздан болды.

Басынан қырсық арылмайтындардың әңгімесіне құлақ түрсең, ұдайы жамандық жайында болып келеді. Оның санасы жаман ақпараттармен әбден ысталған сияқты. Ой-санасы түрлі жаман ақпараттардан тұратын қоқыс үйіндісіне айналған мұндайлардың өмірінде қиындықтар мен күтпеген бақытсыздықтар жиі болып жатады.

Мен бір жігітті білемін. Жасы елуден енді асты. Қол-аяғы балғадай, денесі еңгезердей. Кездескен жерде әлгінің айтатын әңгімелерінің бәрі өз бойын жайлап алан қырық түрлі дерт жайында болып келеді. Ауруларын айтқанда айызы қанғандай өмірі естімеген дерттер жайында сілекейі шұбыра әңгімелейді. Ол қазір жұмыс істемейді. Бір басында қырық дерті бар. Аурухана жағалап, дәрі-дәрмек ішіп, өмірін өткізіп жатыр.

Өмір жолыңыз ашылып, маңдайыңызды жарық шалсын десеңіз, ой-санаңызды қоқыстан тазартыңыз. Яғни, жағымды, жақсы ақпараттарды қабылдап, өзіңіз де тек жақсы нәрселер туралы айтыңыз. Сонда жолыңыз ашылады және жақсылық әрдайым сіздің алдыңыздан шығып, өміріңізде игілікті жағдайлар көбейеді.

Ара кір-қоқысқа қарамай, тек гүлдерге қонады. Сөйтіп гүлден шырын жинап, балға айналдырады. Ал шыбын нәжіс пен лас дүниелерді айналып шықпайды. Олар өздері сияқты нәжіске құмар шыбын шығаратын жұмыртқалар салып, аурулар тарататын бактериаларды жүрген жеріне тасумен болады.

Сіз нәжіске құмар шыбын емес, бал жинайтын ара сияқты ой-санаңызды тек жақсы, жағымды ақпараттарға толтырыңыз. Осылай жасау арқылы өміріңізді жеңілдетесіз. Бұл – ақиқат.

Мына жайға назар аударыңыз: интернет арқылы еш пайдасы жоқ ақпараттарға уақытыңызды жұмсап, санаңызды қоқысқа толтырмаңыз. «Ақиқат» блогынан құнды және пайдалы, ең бастысы болашаққа құлшындырып, жігерлендіретін, жүрегіңізге имандылық нұрын ұялататын жақсы ақпараттар табасыз. Күн сайын тым болмаса он-он бес минутыңызды блогымызға кіріп, ақпарат алуға жұмсасаңыз, санаңыз қоқыстан тазарады. Ең бастысы, жақсы жайлар туралы ойлап, жағымды нәрселерді өзіңізге тартатын боласыз.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика