622 көрілім

азғындықКүні кеше фейсбукте жетпістен асқан 14 бала тәрбиелеп өсірген ананы балаларының ұрып-соғып ақшасын, үйін тартып алғаны, өзін аш қамап ұстайтыны туралы пікір жазылды. Бұрын өзге ұлттардың арасында кездесетін ата-анаға, туыс-бауырға деген қатыгездік көріністері соңғы жылдарда қазақтардың арасында да белең алып бара жатқаны сезіледі. Бұның себебі неде?

Құдайдан қорықпағаннан қорық

Адамның қатыгез болуының ең басты және негізгі себебі – имансыздық екені дау туғызбас шындық. Иманды адам ешқашан шариғатқа қайшы келетін нәрсені жасамайды, ол Алланың қаһарынан қорқады, бұл дүниесін ғана емес, о дүниедегі жайын да әрдайым ойлап жүреді.

Осыдан болар, қазақ «құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Иә, құдайдан қорықпайтын, о дүниенің жайын ойламайтын дінсіз адамның ой-арманы осы дүниенің қызығын көріп, соған белшеден батып қалу. Осы жолда ол ештеңеден де тайынбайды. Қатыгездікке де, арсыздыққа да барады.

Қоғам адамдарды қатыгездікке итермелеуде

Адамдардың ар-ұяттан, қанағаттан айрылып, ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынуының тағы бір себебі – бүгінгі ақша билеген қоғамнан екенін аңғару қиын емес. Қоғам бай-кедей болып жіктелген нарық жағдайында ақшаға ар-ұятын, намысын, тәнін, жанын сататын жайлар көбейетінін капиталистік қоғамда өмір кешіп жатқан елдердің тәжірибесі анық көрсетіп отыр.

Мәселен, тәнін сатып ақша табатын жезөкшелік деген кесапат  ақша басты рөл атқармайтын кеңес заманында болмайтын. Рас, ол кезде де зинақор жеңілтек қыздар болды, бірақ көп емес және олар ешқашан тәндерін ақшаға сатпайтын. Қазіргідей әкесі, тіпті атасымен жасты қарияларға тоқал немесе ашына болу деген жайлар мүлдем ұшыраспайтын.

Нарық қоғамының екінші баламасы «ақшаға табынған қоғам» деуге болады. Шын мәнінде бүгінгі қоғамның ҚҰДАЙЫ – АҚША. Ақша үшін бірнеше жоғары білімі бар лауазым иелері беттерінің арын белбеуге түйіп, пара алады, ақша үшін қол-аяқтары балғадай жігіттер қылмыс жасап кісі өлтіреді, тонайды, сотталады, ақша үшін жап-жас сұлу, сымбатты бойжеткендер тәндерін кім көрінгеннің илеуіне береді, ақша үшін ата-анасы мен туыс-бауырынан безеді, оларға қорлық көрсетеді, т.т.

Арым жанымның садағасы

Қазақ «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп  малдан да, жаннан да АРДЫ БИІК ҚОЯДЫ. Неге? Өйткені, ар бар жерде қайрымдылық, қамқорлық, кішіпейілдік, тазалық, сыйластық сияқты ІЗГІ ҚАСИЕТТЕР болады. Ал, ардан айрылғанда адами ізгі қасиеттер де жоғалады.

Бүгін біз ардан толайым айрылып қалдық деп айта алмасақ та, ақырындап арсыздықтың құрдымына құлап барамыз. Егер  осы қарқын сақталар болса, енді қырық-елу жылда бірқатар Батыс елдеріндегі қатыгездік, қарақан басын күйттеу, нәпсінің құлақ кесті құлына айналу, ең бастысы АҚШАҒА ТАБЫНУ біздің қоғамға да толық орнығады деп болжамдауға болады.

Енді сіз жан-жағыңызға ой көзімен қарап көріңіз: ақша үшін ардан безіп жатқандар қатарының жыл санап көбейіп келе жатқанын оп-оңай көре аласыз. Арсыздық жастарды да, жасамыстарды да, әйелдер мен ер адамдарды да, байлар мен кедейлерді де – қоғамды түгел қамтуда.

Не істеу керек?

Жоғарыда айтылған «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақы қағидатты – ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫНА АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК. Құрдымға құлатып бара жатқан АРСЫЗДЫҚТАН құтылудың жалғыз жолы осы. Неге бұлай деп үзілді-кесілді айтып отырмыз?

Өйткені, қазіргі қазақ ұстанған ислам діні де ӘБДЕН БҰРМАЛАНЫП КЕТТІ. Ақыл көзімен қараңызшы: намаз оқып, ораза ұстайтындардың, қажыға барғандардың арасында таза иманды, Алланы жүрегімен таныған, тақуа жандар бар ма? Бар, бірақ олар өте аз. Жүздің бірі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Ал, дін атын жамылып, зинақорлыққа салынып төрт-бестен тоқал алатындар, талақ дегенді желеулетіп қыз-келіншектерді жезөкшеге айналдыратындар, ең сорақысы, кәпірлермен күресу, яғни жихад дегенді алға тартып жазықсыз жандарды қырып-жойсақ деп көздері қанға толып тұратын әсіре діндарлар көбейіп барады. Сондайларға қарап: «сенген қойым сен болсаң…» деген қазақ нақылы есіңе түседі. Ислам дінін ұстанушылардың жайы осындай болса, имандылық жайында әңгіме қозғаудың өзі әбестік.

Сонымен, арсыздықтан құтылудың қазіргі жағдайдағы жалғыз жолы – қазақы салт-дәстүр мен ұлттық ұстаным болып қалған сыңайлы.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика