1 212 көрілім

білімКеңес заманында жақсы-жаман болсын болашақта коммунизм орнатамыз деген бұлыңғырлай болса да идея-мақсатымыз бар еді. Қазір нарықтық қоғамға көшкен соң ертеңгі болашағымызды айқындайтын мақсатымыздан толайым айрылып қалғандаймыз. Рас, «Қазақстан -2030», «Қазақстан-2050» деген сияқты ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдар бар. Бірақ ол қоғамның барлық қырын қамтымайтын, жалаң экономикалық, яғни тұрмысты жақсарту сияқты біржақты ғана қамтитын бағдар.

Адамзат қоғамы қайда барады?

Қазір әлемнің барлық елдері дерлік «құқықтық, демократиялық, зайырлы» деп аталатын қоғам құрып жатыр. Осындай қоғам құру жолына бұдан екі-үш ғасыр бұрын түскен Ұлыбритания, Франция, АҚШ сияқты елдердің қазіргі жайына қарап, бұл қоғамның адамзатты ұшпаққа шығармасын анық түйсінгендей боласың.

Әлемдегі ең бай, демократияшыл ел деп саналатын АҚШ-ты алып қарайық. Онда да жұмыссыздық, баспанасы жоқ көшеде түнейтін қаңғыбастық, кедейшілік, қылмыс, жемқорлық, әділетсіздік, зорлық-зомбылық, т.б. келеңсіздіктер жыртылып айрылады. Тіпті, бұл жағынан АҚШ әлемнің көшбасшы елдерінің санатында.

Сонда олар екі жарым ғасыр бойы құрып келе жатқан «демократиялық, құқықтық, зайырлы» қоғамының сыйқы осы болғаны ма? Ашығын айтқанда, бүгінгі күні әлемде мына елдің қоғамдық құрылысы сияқты қоғам құру қажет деп үлгі алатын бір де бір жібі түзу ел болмай тұр.

Қазір адамзат қоғамын рулі мен тежегіші істен шыққан, шыңыраудың жиегіндегі төмен құлдыраған жолмен бетімен лағып жүйткіп бара жатқан көлікке теңеуге болады. Мұндай көлік ерте ме, кеш пе құрдымға құлап, опат болары даусыз. Зерделі жандардың бәрі бүгінгі қоғамның осы жайын анық көріп, түйсінуде. Ал зердесіз пенделер ішкен-жегеніне мәз болып, ойсыз тірлік кешіп жатыр.

Ұстаз туралы әңгіме неге көбейіп барады?

Әлем халықтары ұстанатын бес негізгі дәстүрлі дін болса, сол діндердің бәрінде болашақта адамзат қоғамын құтқаратын, жол көрсететін ұлы ұстаз келетіні жайында пікір бар. Ислам дінін ұстанушылар имам Махдиді күтсе, христиандар Иса мәсіхтің оралуынан үмітті. Буддашылар Майтрей будданы, индустар Калки аватарды келеді деп дәмеленуде.

Болашақта адамзат баласын түзу жолға салып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын жерұйық қоғам орнатады деп сенген жоғарыда аталған ұстаздар туралы әңгіме жәй тақыр жерден шықпаған. Бұндай пікір қасиетті кітаптардан, Алланың елшілерінің, әулилердің айтқан сөздерінен алынған. Осыған орай, мұны бүгінде қаптап кеткен құмалақшылар мен жұлдызшылар, картамен бал ашатындардың айтқан сандырақтарымен салыстыруға болмайды.

Міне, сол дәстүрлі діндерде айтылған ұстаздар, яғни адамзаттың көшбасшылары жайындағы әңгіме соңғы жылдарда тіпті, өршіп кетті. Келесі жылы немесе онан кейінгі жылы келеді деп сәуегейситіндер қатары көбейді. Мұның астарында әрине, құрдымға құлап бара жатқан адамзат қоғамын қазіргі элита аталып жүрген көшбасшылардың ұшпаққа шығара алмайтынына әбден көзі жеткен соң олардан күдер үзу, азғындап, тозғындап бара жатқан қоғамнан зерігу сияқты сезімдердің жатқаны анық.

2007-2009 жылдары адамзат қоғамын қатты есеңгіретіп кеткен әлемдік қаржы дағдарысы биыл тағы да қайталанды. Енді дағдарыс тек қаржы саласын емес, экономиканың барлық саласын қамтып, адамзатты тұралатып кететін түрі байқалады.

Ал БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың мінберінен әлем көшбасшылары баяғы ескі әуенмен оны-мұны айтқан болуда. Бірақ олардың ешқайсы адамзат қоғамын түбегейлі өзгертіп, жемқорлық, қылмыс, әділетсіздік, кедейшілік, соғыс сияқты адамдарды әбден мезі қылған кесапаттардан толайым құтқаратын ЖАҢА ҚОҒАМ құру жайында ләм деп ауыз ашпайды.

Имам Махди, Иса Мәсіх, Будда Майтрей, Аватар Калки…

Қазір қасиетті Құранды, Інжілді, пайғамбарымыздың хадистерін, Інжілге қосымша ретінде берілген апостолдардың жазбаларын өздерінше тәржімалап, түсіндіруге тырысқан сәуегейлер қатары көбейіп барады. Олар сондай-ақ, Нострдамус, Ванга сияқты көріпкелдердің айтқандарын да өздерінше түсіндірмек болады.

Ресейлік Иван Белоконь деген біреу Калки аватар бірер жылда келеді, ол Ресейден шығады деп айды аспанға шығарса, түркиялық тағы бір сәуегей имам Махди Стамбулдан шығады, Түркия барша мұсылман әлемінің, онан қалды адамзат қоғамының ұйымдастырушы көшбасшысы болады деп жұртты иландырмақ болады.

Оны айтасыз, ресейлік Челябинск қаласының тұрғыны өзін «Иешуа бен Мариам» деп атап, аты-жөнін солай жазып ресми төлқұжат алғанын ютубтің бір бейнеролгиінен көрдім. Әлгі бет-аузы бүлк етпестен «Мен Иешуа бен Мариям, яғни Иса мәсіхпін» дейді.

Өздерін имам Махди, Иса мәсіхпін деп жариялап жатқан жалған пайғамбарлар да жер-жерден көптеп шығып жатыр. Не нәрсеге сұраныс көп болса, соны шығаратын қазіргі нарық заманының перзенттері адамзаттың болашаққа жол бастайтын ұстаз, көшбасшыға мұқтаждығын түйсініп, содан ұпай алып қалғылары келіп жанталасуда.

Жер бетінде жағдай әбден шиеленісіп, адамзат қоғамы азғындықтың құрдымына құлай бастаған тұста имам Махди келіп, адамзатты түзу жолға салатынын, әділдік пен ізгілік үстемдік құрар ЖАҢА ҚОҒАМ орнататынын пайғамбарымыз хадистерінде анық айтып кеткен. Дегенмен де, имам Махдидің немесе Иса мәсіхтің қашан, қай жерде пайда болатынын жалғыз АЛЛА ғана біледі.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика