2 118 көрілім

адам мүмкіндігіНеге біреудің жолы болғыш, сәттілік үнемі онымен бірге, ал енді біреулердің қырсық қыр соңынан қалмайды, істеген әрбір ісі кедергілерге кездесіп, қиындықтан көз ашпай жатады? Бұны біреулер тағдырдың жазуы десе, енді біреулер кездейсоқтыққа балайды. Шын мәнінде осының бәрі адамның өзіне байланысты болып жататынын ешкім зер салып түйсіне қоймайды.

Жолы болмаушылықтың себебі неде?

Үнемі жолым болмайды деп шағынып жүретіндердің мінез-құлықтарына назар аударып қарасаңыз, олардың бәрі бір-біріне ұқсас келеді және әрдайым біреулерді жамандап, бар кінәні әлдекімдерге артып, айналасындағыларды айыптап жүреді. Керісінше, жолы болғыш адамдар кең пейілді, басқалардың жетістігін көрсе қуанып, соған тілектес болатынын, үнемі жақсы нәрселер жайында айтып жүретінін байқауға болады.

Аудио-видеосабақтары мен кітаптар әлемнің көптеген тілдеріне аударылған өзін-өзі жетілдіру ілімінің білгірі саналатын американдық Брайан Трейсидің айтуынша, жолы болғыш адамдар өткенді емес, болашақты, тап болған қиындықтарды емес, қол жеткен жетістіктерін ойлап, үнемі соны есіне алып жүреді екен.

Мұның астарында үлкен сыр бар. Енді соған назар аударып көрелік. Жолы болмайтын, қырсық қыр соңынан қалмайтын адамдар әдетте үнемі өздері тап болған қиындықтар мен ауыртпалықтар жайында ойлап, ақыл-ойын соған бағыттайды. Сондықтан, ондайлар барлық уақытта  көңіл күйлері болмай, өзі тап болған қиындықтан қалай құтыламын деп уайымдап жүреді және ондайлар сол қиындықтан құтылу жайын емес, қиындықтың өзін, ол әкелетін салдар жайында ойлап, соған тап болғаны үшін өзін емес, айналсындағы басқаларды айыптап жүреді.

Трейсидің айтуынша, жолы болмайтын адамдар үнемі қиындықтар жайында ойлап, соған назарын шоғырлайтындықтан, олардың түйсіктерінде (подсознание) сондай жаман ақпараттар жазылып қалады да, ол сыртқы санаға үнемі ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан, ондай адамдар  күдікшіл, ештеңеге сенбейтін, кездескен ауыртпалықтар үшін үнемі айналасындағыларды айыптауға бейім болады.

Адамның ішкі жан дүниесінде ментальды қабат деген бар, барлық ой арқылы жасалатын ақпараттар сол жерде пайда болып, жоғалып жатады. Яғни, бұл ақпаратқа негізделген ойдың пайда болатын жері – тамыры десе болады. Үнемі жамандық жайында ойлайтын адамның ментальді қабаты жаман ойларға, яғни ақпараттарға толы, қоқыс төгетін алңға ұқсайды. Ол ақпараттар ұйықтап жатқанда, ояу жүрген кездерде үнемі адамның сыртқы санасына ықпал етіп отырады да, оны уайымдауға,  ештеңеге сенбеуге, қайғы-қасірет тартуға итермелейді. Қабағынан қар жауып, үнемі көңілсіз жүретін және ештеңеге сенбейтін, өмірден ұдайы тек жамандық күтетін ондайлар шын мәнінде сол жамандықтарды өздері шақырып, қырсықтың шақыртқысы болатынын өздері сезбейді.

Жолды қалай ашуға болады?

«Жолың ашылсын» дегеннің астарында қыр соңыңнан қалмайтын қырсықтан арылып, сәттілікті серік ет деген ниет жатқаны белгілі. Ал, жолды қалай ашуға болады? Оның тәсілін Трейси күн сайын таңертеңгілік жасап отыратын қарапайым ой жаттығуы – аффирмация деп санайды. Бұл ой жаттығуы сізді жақсылыққа, өзіңіздің мүмкіндіктеріңізге сенуге, қиындықтар үшін басқаларды айыптамай, жауапкершілікті өз мойныңызға алып, сол қиындықтан құтылу амалын өзіңіз іздеуге және өзіңіздің күш-жігеріңізге, қабілетіңзге сенуге ынталандырады.

Қарапайым ой жаттығуы – аффирмацияны күнде жасау арқылы сіздің мінез-құлқыңыз, өмірге көзқарасыңыз өзгереді, айналаңыздағы адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсарады, ең бастысы, қырсықтан құтылып, жолыңыз ашылады. Бұл ойдан шығарылған ертегі емес, нақты өмір тәжірибесі арқылы сыналған шындық.

Қарапайым ой жаттығуы

Аффирмация деген өзіңізді сендіру арқылы болашақ арман-мұраттарыңызға  ақыл-ойыңызды шоғырлау. Аффирмация өткен шақ немесе келер шақ түрінде емес, осы шақ негізінде жасалады. Яғни, сіз ойыңызға алған арман-мақсаттарыңызға қазіргі күні қол жеткізіп, ол өмір шындығына айналғандай сезімде болыңыз шарт. Сіздің назарыңызға қарапайым ой жаттығуы – аффирмацияның бір нұсқасын ұсынамын.

Шындығында оны әркім өзінің арман-мақсатына орайластырып өзі жасап алуы керек. Әркімнің ой жаттығуы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ жеткізетін жетістігі ортақ, ол – түйсікте жиналған жаман қоқыс ойларды ысырып тастап, орнына жақсы жағымды ойларды орнықтыру және сол арқылы өзіңіздің мінез-құлқыңызды, көзқарасыңызды, ұстанымыңызды өзгерту, қыр соңыңыздан қалмайтын қырсықтан арылып, жолыңызды ашу. Яғни, бұнны компьтер тілімен айтқанда, өзіңізді өзіңіз қайта бағдарламалау десе болады. Сонымен…

АффирмациЯ:

Менің денсаулығым өте жақсы, бойымдағы барлық дерттен арылып, өзімді өте жақсы сезінемін. Көңіл күйім әрдайым көтеріңкі, айналамдағы жандардың бәрімен күлімсіреп амандасамын және үнемі жылы қарым-қатынаста жүремін. Мен ешкімді жамандамаймын, ешкімге жамандық  тілемеймін, айналамдағылардың жеткен жетістіктеріне әрдайым қуанып  және тілектес болып жүремін, ешкімнен ештеңені қызғанбаймын. Мен бақуаттымын, жалақысы жоғары қызмет істеймін және табысым өзіме, отбасыма толық жетеді. Жақсы үйім, автокөлігім бар, депозитте қомақты салымым бар, оған қоса құнды қағаздар алғанмын. Солардың өсімінің өзі мені қиналмай жұмыс істемей-ақ өмір сүруіме толық жетеді. Мен туыстарыммен, отбасыммен, бірге қызмет ететін ұжымдастарыммен өте жылы және жақсы қатынастамын. Ешкіммен ешқашан ұрыспаймын, ренжіспеймін. Әр күнім маған жағымды жақсы жаңалықтар,  игіліктер әкеледі. Бүгінгі күнім де жақсылыққа толы болады…

Түйін: қарапайым осы ой жаттығуын күн сайын жасау арқылы сіз көп ұзамай мінез-құлқыңыздың өзгере бастағанын, соған орай айналаңыздағы адамдармен қатынасыңыздың өзгергенін байқайсыз. Ең бастысы, қырсық пен сәтсіздіктерден арылып, жолыңыз ашыла бастайды. Әр күніңіз сіз ойлағандай шынында да жақғымды жаңалықтар әкеле бастағанын сезінесіз. Сенбейсіз бе? Онда осы қарапайым ой жаттығуын жасап байқап көріңіз және бір-екі күн жасап, тастап кетпеңіз, айлар, жылдар бойы күн сайын жасауды берік әдетке айналдырыңыз, жақсы нәтиже тек сонда ғана болады. Бұл үшін сіз ешкімге көк тиын ақша төлемейсіз және оған көп күш-қуатыңыз бен уақытыңызды жұмсамайсыз. Небары  екі-үш минуттық бұл ой жаттығуы сіздің өміріңізді жүз пайызға өзгертетін болады. Сонымен, іске сәт!

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика