41 көрілім

Биылғы Құрбан айты мерекесі көп адамдардың есінде ен далада сойылып, терісі мен ішек-қарны шашылып тасталған, қаладағы қоқыс жәшіктерінің айналасында шашылып жатқын сойылған қойдан қалған қалдықтарымен қалатын шығар. Әлеуметтік желілерде осы жайында екіұдай тартыс болып, біреулер мыңдаған малды сойып, құрбан шалатын мұндай мейрамның қажеті жоқ десе, басқалар мұсылманның бір парызы саналатын құрбандықтан бас тартуға болмайды десіп, пікірлерін жазды.

Құрбандық не үшін қажет?

«Құрбанның мағынасы: Аллаһ Тағалаға жақындық қылу сол үшін айт күндерінде шалынған мал құрбан атанды. Қарапайым тілмен айтқанда, Аллаһ Тағаланың ризашылығына бөленуге ұмтылу. Сонымен бірге жаратушымыздың пендесіне берген сансыз нығметтеріне ризалығын білдірудің және шүкіршілік етудің тура жолы. Құрбан шалу – садақа берудің бастамасы. Себебі Құрбан айт мұқтаж жандардың қиыншылығын аз да болса жеңілдетіп, шаңырақтарына шаттық сыйлауға сеп болады. Демек, бұл — халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ынталандырып және де ауызбіршілігін нығайтатын ұлы мереке, ұлы ғибадат, -деп жазылыпты saryarka-samaly.kz сайтында

Яғни, айтқанда құрбан шалу Алланың ризалығы үшін жасалады екен және құрбан малдың еті мұқтаж жандарға таратылып берілмек. Ниет дұрыс. Қайрымдылық жасау, бақуатты адамдардың кедей-кепшікке көмектесуі – Алланы риза қылатын сауапты іс. Дегенмен де, осындай ислам дінінде сауапты жақсы іс болып саналатын Құрбан шалуды бүгінгі адамдар мақтаншылық, сән, жұрттан қалмайын деп тыраштану сияқты сезімдердің жетегінде жасайтын болып барады.

Құрбандық Алланың ризалығы үшін шалынады дейміз де, жеме-жемге келгенде Алланы мүлдем ұмытып, мақтану, жұрттан қалмай бәсекелесу ниетінде жасаймыз. Құрбан айт күндері бір әріптесім көршісінің кемтар екендігін, соған көп адамдардың айт күндері келіп ет бергендігін айтты. «Біреу менің есігімді қақты, ашсам қолында ет салған қабы бар кісі «көршіңіз жоқ екен, мына құрбан малдың етін сізге қалдыра салайын, сіз берсеңіз» деді. Мен жәрайды деп алып қалдым. Көршім келгесін әлгі етті берсем, алғысы келмейді. Тоңазтқыш етке толып тұр, оны қайда қоямын деп шалқақтайды».

Әлеуметтік желіде біреу құрбан шалған адамдардың етті беретін жан таба алмай қиналғандары туралы жазды. Ал ютубте Қапшағайдың шетіндегі ағаш арасына апарып жұрттың құрбан шалып, қойдың терісі мен ішек-қарындарын далаға тастап кеткендігі жайындағы видео жарияланды. Орыс тілді хабар жүргізуші құрбан шалғандардың бұл әрекетін шошқаның ісіне теңеп, даланы ластағаны өз алдына, айналаға тараған сасық иістен демала алмайсың деп айыптады.

Ислам дінін неге құбыжық етіп көрсетеді?

Бастан аяқ қара мата жамылған әйелдер, жас бастарымен қауғитып сақал қойып, шолтитып шалбар киетін, өзгелерге дінсіз, кәпір ретінде шекелерінен қарайтын теріс ағымдардың өкілдері, Ирак, Ауғанстан, Сирия сияқты мұсылман елдерінде бір мұсылманның екінші мұсылманды жазықсыз өлтіріп жатқан экстремизм деген атпен аталып жүрген жаман әрекеттері – бәрі де ислам дінін жұртқа жиіркенішті етіп көрсетуге ықпалын тигізуде.

Енді оған мынау құрбан шалу кезіндегі «шошқалық» әрекеттер қосылды. Бұның бәрі онсыз да ислам дініне қырын қарап жүргендер үшін қасиетті дінімізді қаралауға сылтау болар себеп болғаны анық.

Құрбан айты кезінде бір ғана Мекке қаласында қажылыққа жиналған мұсылмандар жыл сайын бір миллиондай қойды құрбандыққа шалады екен. Ойлап көріңізші, 1 МИЛЛИОН ҚОЙ СОЙЫЛАДЫ. Сонша мал сойылғанда қанша қан ағады. Яғни, Мекке қан сасып кетпей ме? Ау, егер бұл парыз Алланы риза ету үшін жасалатын болса, осыған қарап, қисынға салсақ, Алла сонша қанқұмар болғаны ма? Жалпы, Аллаға жыл сайын миллиондаған малды сойып, қан төгу арқылы Оны риза етеміз деуге не себеп?

Жә, баяғы Пайғамбар заманында адамдардың тұрмысы қазіргімен салыстырғанда өте төмен болды. Аш-арық адамдар көп еді. Бай-бақуатты адамдар жылына бір рет құрбандыққа мал шалып, соның етін аш-арықтарға таратып берсе, бұдан еш залал болмайтын. Ол кезде халық қазіргідей көп болмады. Яғни, миллиондаған мал сойылмады. Және, құрбан айтында кедей-кепшік бір тойынып, Алланың шапағатын көріп, Жаратқанға ризашылығын білдірді. Бай адамдар Алла үшін сауапты іс жасап, сауап алды. Қазір ше?

Біздің елімізде, егер шындыққа тура қарайтын болсақ, аш адам бар ма? Жоқ. Өз басым біреу аштан өліпті дегенді естіген де, көрген де емеспі. Ендеше, сойылған мыңдаған малдың еті аш емес, тоқ адамдарға таратылса және малдың терілері мен ішек-қарыны далада қалса, қоршаған ортаны ластаса, одан кімге, қандай пайда? Осы да Алланы риза ететін шаруа ма? Одан да, қисынға салсақ, ақшаң тасып бара жатса, балаларын мектепке жіберетін қажетті киіммен, керек-жарақпен қамтамасыз ете алмай отырған отбасыларына көмектес, күнкөрісі қиын көп балалы отбасыларына заттай немесе ақшалай жәрдем жаса. Алланы риза қылатын нағыз САУАПТЫ ІС ОСЫ ЕМЕС ПЕ?

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика