852 көрілім

діни бұрмалаушылықтарАлла барша әлемдерді, тіршілік иелерінің Жаратушысы және Иесі. Бұл ақиқатты барлық дәстүрлі діндер мойындайды. Барша әлемді жаратушы құдай адамдарды «мынау жақын, мынау алыс, мынау бөтен, мынау дұшпан» деп кәдімгі біздер, яғни екі аяқты пенделер сияқты бөле ме? Бұған жүрегінде Аллаға деген қиқымдай да сенімі бар әрбір пенде «жоқ» деп жауап береді. Бірақ, шындығында адамдардың көбі бұлай ойламайды. Олар құдайды «жекешелендіріп» иемденіп алған. Жер бетіндегі дінаралық қақтығыс, соғыс, алауыздық деген кесапаттардың басты негізі де – дәл осында.

Құдай мұсылмандарды ғана сүйіп, басқаларды жек көре ме?

Кеңес заманында діннен аулақтап, имандылықтан айрылып қала жаздадық. Дегенмен, тәуелсіздігімізді алған соң, адамдардың, әсіресе жастардың көбі Аллаға қарай жүзін бұрып, дінге бет бұра бастады. Бұл өте қуанарлық жай. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, осы жағымды нәрсенің тағы бір жағымсыз, тіпті залалды жағы да болып шықты.

Бұл 90-шы жылдарда шет елдерде оқып, дін білімін алып келгендер бастап, олардан үлгі алғандар қостап, бүгінгі күні еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіре бастаған «фанатизм» немесе «экстремизм» деп аталатын дерт. Өздерін дін ілімінің ең білгірі, ғұламасы және ислам дінінің қорғаушы-ұстыны сияқты санайтын ондайлар біреудің бір ауыз сөзін естісе болды, сені дінсізсің, Құранда былай жазылған деп жағаға жармасады. Ондайларда ұстамдылық, қазақтың үлкенді сыйлау сияқты жақсы дәстүрі атымен жоқ.

Енді мына сауалға жауап іздеп көрелік. Бүгінде әлемде 7 миллиардтай адам болса, солардың басым көпшілігі ұстанатын 5 дәстүрлі дін бар. Олар: ислам (1,5 млрд адам), христиан (2,5 млрд адам), буддизм (1 млрд-тай) индуизм – 1 млрд-тай) және еврей халқы ұстанатын иудайзм діндері. Ал енді осы діндерді кім жаратты?

Ислам экстремизмі деп аталатын фанатиктердің адасушылығы дәл осы сауалдан басталады. Олардың пікірінше буддизм мен индуизм деген пұтқа табынушылық, яғни құдайдан келген ақиқат емес, ойдан шығарылған діндер. Ал иудейзм мен христиан діндері әлдеқашан бұрмаланып, бұзылып кеткен. Қалған жалғыз ислам діні ғана таза.

Осы арада мынадай сауал туындайды. Егер құдай барша әлемді жаратқан болса, онда неге адамдарды алалайды? Неге христиандар мен иудейлердің қасиетті кітаптарының діни шарттарының өзгеріп, бұрмаланып кетуіне жол береді? Бұның астарында құдай иудейлерді де, христиандарды да ұнатпайды екен деген күмәнді ой жатыр. Ислам дінін, оның пайғамбарын аса жақсы көретін Алла оны басқа діндер сияқты бұрмаланудан қызғыштай қорғап қалыпты-мыс.
Ал буддизм мен индуизм діндерін ұстанатын 2 млрд халық, бір таныс пірадардың айтуынша «тозақтың отындары» көрінеді. Алла индустар мен будда дінін ұстанатын қытайлықтарды, жапондарды «тозаққа отын» үшін жаратыпты-мыс.

Құдай мен Бог екеуі екі басқа ма?

Аспандағы күн барша әлемге жарығы мен жылуын бірдей береді, ешкімді алаламайды. Қазақтар оны күн десе, орыстар солнце дейді. Бірақ аты басқа болғанымен, заты бір. Күн деп айтты екен деп күн қазаққа сәулесін орыстарға қарағанда көбірек төкпейді.

Сол сияқты барша әлемнің жаратушысы Алла біреу-ақ, бірақ есімдері сансыз көп. Құранда «барлық көркем есімдер Аллаға лайық, Жаратқанға сол көркем есімдерімен құлшылық етіңдер» деген аят бар. Құранда құдайдың 99 есімі берілген, бірақ Алланың есімі 99-бен бітеді деген сөз емес. Егер олай болса Алла шектеулі болып қалар еді. Алланың есімдері сансыз көп, оған сан жетпейді.

Ведалық ілімнің қасиетті кітабы Шримад Бхагаватамда құдайдың мың басты таралымы барлығын, оның әр басы Алланың әр есімін айтатыны, миллиондаған жылдардан бері ол құдайдың есімдерін қайталап келе жатқаны, бірақ Алланың есімдері әлі күнге таусылмағаны айтылады.
Осыған қарап, Алланың есімдерінің сансыз көп екенін және шектесуіз екенін ұғынамыз. Осындай аса құдыретті Алланың адамдарды алалауы мүмкін бе? Жоқ. Алла деп атағаны үшін құдай мұсылмандарды ғана жақсы көріп, басқа дінді ұстанушылардың діндерін қорғамай, кітаптарының бұрмаланып, теріс жолға түсуіне мүмкіндік беріп, күл болмаса, бүл болсын деп қоя салуы – бұл тек НАДАН адамға тән түсінік.

Біздің ауылда бір әпенділеу кісі болды. Әлгі бірде көрші Бәйгеқұм деп аталатын стансаға базарға бір қап күріш сатуға апарады. Ол кешке дейін тұрып, күрішін сатпай үйіне алып қайтыпты. Мұның себебін сұрағандарға «бір орыс келіп «сорок рубль» деді, мен «қырық сом» дедім. Содан екеуіміз саудаласып, ол «сорок рубльден» түспеді, мен «қырық сомнан» түсірмедім, содан келіспей алып қайттым депті. Сол сияқты бүгіндегі әсіре діндарлар Будда, Кришна, Христос, Иегова дегені үшін басқаларды құдайсыз, дінсіз деп жерден алып, жерге салады. Алла деген мұсылман ғана иманды сияқты.

Жақсыда жаттық жоқ

Орта ғасырларда Руми деген атақты сопы және ғұлама шайыр өткен. Сол Руми қайтыс болғанда иудейлер «бұл біздің бауырмыз еді, иудей еді» деп жылапты, ал христиандар «жақсы діндар бауырымыздан айрылдық» деп жоқтапты, мұслымандар «сопы, әулие еді» десіп қайғырыпты. Олардың бәрі де Румиді өздерінің діндес бауырындай көрген екен.

Қазақ «жақсыда жаттық жоқ» дейді. Өкініштісі сол, бүгінгі тек ислам дінінен басқалардың бәрі адасушы, «тозақтың отыны» дейтіндер қазіргі күні ислам дінін барша әлемге ҚҰБЫЖЫҚ етіп бітті. Иракта, Ауғанстанда, Сирияда мұсылманның мұсылманды ҚОЙША ҚЫРЫП жатқанының басты себебі де дәл осында. Әсіре діншілдікте.

Егер пайғамбарымыз тіріліп келер болса ең алдымен әсіре діншілдерді исламның жаулары деп айыптар еді. Өйткені дәл солар ислам дінін өзгелерге жеккөрінішті етіп, жаулық жасап жатыр.
Барша әлемді, баршы тіршілікті жаратушы Алла әділ және қайрымды және ешкімді ешқашан алаламайды. Ол мұсылманға да, христиан мен индусқа да шапағатын бірдей төгеді. Алла барша адамзатқа ұстанымы мен салт-дәстүріне лайықтап діни жол көрсетті, қасиетті кітаптар берді. Және Ол адамзат ұстанып отырған 5 дәстүрлі діннің ҚОРҒАУШЫСЫ. Бұл діндерді дұрыс ұстанып, Аллаға шын иман келтірушілер құтылады. Бұл – АҚИҚАТ.

Ал діни түсінігі жоқ, дін ілімінен мүлдем хабарсыз, шала сауатты, сонысына қарамай өздерін ислам дінінің «қорғаушы-ұстынымыз» деп санайтындар — исламның ЖАУЛАРЫ. Бұл – АҚИҚАТ.

Қазақстанда бүгінде 100-ден астам ұлт, 40-тан астам діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір кешуде. Егер Президент бір ұлтты, мысалы қазақтарды, бір дінді, мысалы ислам дінін өзгелерден артық санап, артықша жағдай жасаса, не болар еді? Ауғанстан, Ирак, Украйнадағыдай азамат соғысы басталар еді. Құдай оның бетін аулақ қылсын дейік. Қазақта «үмітсіз сайтан ғана» деген сөз бар. Барша дәстүрлі дінді ұстанып, құдай жолымен жүргендердің бәрі Алладан үміт етеді. Олардың үміт отын өшіріп, «тозақтың отынына» айналдыру ҚАТЫГЕЗДІК және НАДАНДЫҚ.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика