1 255 көрілім

тәубе«Саентология шіркеуі» деген су жаңа дін ойлап тапқан Рональд Хаббард деген жалған пайғамбар Інжілдегі Иса пайғамбардың «Құдай бай, әрі жомарт, Құдайдан қалаған тілектеріңді алуларыңа болады, неге Құдайдан сұрамайсыңдар» деген сөзін басшылыққа алып, әлемдегі ең бай адамдардың біріне айналыпты.

Алладан медет тілеп, аурудан айықтырады

Осыдан біраз жыл бұрын Атбасар қаласында аудандық газетте қызмет істедім. Сонда еліміздің оңтүстік облыстарының бірінен келген емшімен кездесіп, сөйлескен едім. Әлгі емшінің емдеу тәсілі тіпті, қызық болып шықты. Ол дәрет алып, ауру адамды жанына отырғызып қойып намаз оқиды.

Содан кейін жүрелеп отырып, науқасқа қолын жайғызып қойып екеулеп Алладан оның дертінен айықтыруды сұрап дұға етеді. Қызығы сол, оның осы тәсілімен емделгендердің көбі ауруларынан жазылып, сауығып кетіп жүрді. Мен кейінірек діни пәлсапамен айналысып, біраз қасиетті кітаптарды, дін саласының ғалымдарының еңбектерін оқыдым. Сонда көкірегіме түйгенім: біз Жаратқаннан қалаған тілегімізді тілеп, оны алуымызға мүмкіндігіміз бар екен.

Өкінішке орай, бүгінгі адамдардың басым көпшілігі Алладан емес, өздері сияқты ет пен сүйектен жаратылған адамдардан тілек тілейді. Олар үй, жұмыс, басқа да нәрселер сұрап әкімдердің, депутаттар мен лауазымды қызметкерлердің, онан қалды бай-кәсіпкерлердің алдына барып, ар-намыстарын аяқ асты етіп мүсәпір күйге түсіп жатады. Сонда олардың тілектерін әлгі әкім қаралар мен қалталы кәсіпкерлер орындап жатса екен-ау. Олардыкі жәй табалдырық тоздырып, болмас нәрсені қуып уақыт өткізу ғана.

Әкімнен тілегеннің алары жоқ

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде бірде редактор шақырып алып, бір қарияға хат жазып беруімді сұрады. Қартайғанда тағдыр талқысына ұшырап, жалғыз қалған және баспанасынан айрылған қария Сенат депутатынан хат арқылы пәтер алып беруге көмектесуді сұрамақ екен.

Мен қарияның барлық аянышты ахуалын мөлдірете жазып, сенаторға жолдадым. Содан арада ай өткенде сенатордан хат келді. Не деп жазды дейсіз ғой, еліміздің пәлен деген заңының пәлен тармағы бойынша қала әкімшілігі пәтер кезегіне қойылған адамдарға заң шеңберінде баспана береді, одан басқа жолмен пәтер берілмейді деген сияқты шалдыр-шатпақтар. Сенатордың бұл хатының кембағыл қарияға еш пайдасы болмағандығы айдан анық.

Әкімдер, тіпті Мемлекет басшысы да үйсіз-күйсіз адамға заң атаулыны белден басып баспана алып бере алмайды. Әкім қараларға хат жазып, сол арқылы баспаналы болып мұрттары майланып жатқандарды көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Ендеше ондайлардан тілек тілеудің қанша қажеті және негізі бар?

Алланың көмегімен баспаналы болуым

Мен 2005 жылға дейін Астанада бір жатақхананың бөлмесін жалдап тұрдым. Әлгі жатақханада нешетүрлі адамдар тұратын. Арақ ішіп алып, қырылысып төбелесіп жататындар, қыз-келіншектер әкеліп, былығып жататындар көп. Бір сөзбен айтқанда, нағыз жынойнақтың өзі.

Ораза ұстап, намаз оқуға көңіл бөле бастаған кезім. Содан жынойнақтан әбден мезі болған мен бір күні кешкілік, намаз оқығаннан кейін алақанымды жайып, Алладан тілек тіледім. Иә, Алла мынадай жын-шәйтандардың арасында қалдырмай, таза жүріп-тұруыма жағдай жасайтын бір баспана бер дедім.

Содан қызық болды. Арада жарты жылдың шамасы өткенде күтпеген жерден қызметім ауысып, Көкшетауға келдім және жиған азын-аулақ ақшамды шығарып, оған банктен алған несиені қосып пәтер сатып алдым. Бәрі де өте жеңіл, белгісіз бір күштердің ықпалымен болғандай жылдам болды. Пәтерге қалай кіргенімді өзім де сезбей қалғандаймын.

Қазақ «Алладан тілегеннің екі бүйірі, адамнан тілегеннің екі көзі шығады» деп теккке айтпаған-ау…

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика