296 көрілім

дінХристиан және ислам діндеріндегі ең үлкен бұрмалаушылықтар – бұл Алланың сипаты мен тұрпатына байланысты ұғымдардан көрінеді. Христиан діні жоғарыда айтып кеткеніміздей, бір құдайды үшке бөліп, Құдай әке, Құдай ұл және Киелі рух деп өзгертіп алды. Иса пайғамбар ешқашанда өзін құдаймын демесе де, кейінгі христиандар оны құдай деп танып, Иса пайғамбарға құдайға сыйынатындай сыйынатын болды. Шіркеулерде салған суреттерге қарап, христиан дінінің өкілдерінің Құдай туралы түсініктерін түсінуге болады. Бұл суреттерде әдетте Құдай әке сақалы омырауына түскен қария кейпінде бейнеленеді. Рас, қария деген ақыл-ойы толысқан, тәжірибесі мен көрген-түйгені мол адам болып саналады. Дегенмен, қарттықтың бір қолайсыздығы – күш-қуаттың азайып, ауру-сырқау дендейтіндігі, бет-ауызды әжім басып, көркінен, тартымдылығынан айрылатындығында. Қарт адамды сұлу, кейіпті деп айта алмайсыз. Бет-аузын әжім айғыздаған, сақал-шашы әппақ қудай, көзінен жасы, мұрнынан сорасы ағып, белі еңкіш тартқан, таяқ ұстап, әудемжерге сүйретіліп әзер жететін қарттықты ешкім де жақсы деп айта алмасы анық. Ендеше, осындай адамзат үшін тартымсыздау өмір кезеңін Құдайға таңатынымыз не?

Құдайды көрген пенде бар ма? Рас, Тәуратта Мұса пайғамбар Синай тауының басында Алламен тілдескені айтылады. Мұхаммед пайғамбар Миғраж түні көкке көтеріліп, Алламен тілдескені туралы әңгіме бар. Бірақ Мұса пайғамбар да, Мұхаммед пайғамбар да Алла сақалы омырауына түскен шал кейпінде еді деп айтпаған. Ендеше, христиандар Құдайды неге ақсақалды қария етіп көрсетеді? Бұған негіз болған не? Бұл да еш себепсіз ойша жору арқылы солай болуы тиіс деген пендешілік құрғақ қиялдың жемісі сияқты. Біз үшін ең үлкен бедел – ол Алла тарапынан түскен қасиетті кітаптар. Сол қасиетті кітаптарда Алланың кейпі туралы суреттелген өлең, не аят болса, онда  әңгіме басқа. Не Інжілде, Не Тәурат пен Құранда Алланың кейпі бейнеленген әңгіме жоқ. Яғни, жан туралы Жаратқанның христиандар мен мұсылмандарға толымды білім бермегені сияқты, Өз кейпі туралы да Алла  бұл дінді ұстанушыларға ештеңе айтпаған секілді. Ендеше, Алланың кейпі, тұрпаты туралы ислам, христиан дініндегі тұжырымдар қайдан шықты?

Ислам дінін ұстанушылардың Алла туралы түсінігі қиял-ғажайып ертегі сияқтанып келеді. Ислам діні ұстанушылардың түсінігінше, Алла жерде де, көкте де емес, яғни Оның тұрағы жоқ, Алланың көзі, қолы, аяғы, жалпы тұрпаты жоқ, Алла ештеңеге, ешбір мақұлыққа ұқсамайды, т.т. Осылардан ұғарымыз: Алла көзге көрінбейтін, тұрпаты, мекені жоқ, ауа немесе газ тәрізді бірдеңе болып шығады. Ол бірдеңені сонда адам баласы қалай танымақ? Мұхаммед ғалейкиссалам көкке көтерілгенде Кімді көріп, Кіммен сөйлесті. Егер Ол көзге көрінбесе, тұрпаты болмаса, мекені болмаса онда пайғамбардың көкке көтерілуінде не мән бар еді?

Миғраж түнінде пайғамбар көкке көтеріліп, Алланың тұрағына (сәулетті сарай немесе басқа кейіптегі болар, бәлкім) барды. Бұл туралы пайғамбардан естіген әңгімелер негізінде жазылған сахабалардың жазбаларында айтылады және бұны ешқандай мұсылман баласы теріске шығара алмайды. Мұхаммед пайғамбар Алланың қабылдауында болып, шығып келе жатқанында Мұсы пайғамбар одан өз үмбеттеріне қандай міндеттер жүктелгені туралы сұрайды. Мұсылмандарға күніне 50 рет намаз оқу парыз етілгенін естіген Мұса пайғамбар оны орындау мүмкін еместігін, азайтуды сұрау керектігін айтып ақыл береді. Бұны құп алған Мұхаммед пайғамбар Аллаға қайта кіріп (тұрағы, мекені болмаса ол қайда кірді?) парыз етілген намаз санын азайтуды сұрайды. Осылайша, пайғамбар Аллаға бірнеше  рет кіріп, күн сайын оқылатын намаз санын 5-ке дейін қысқартады.

Христиан діні мен исламда бір-біріне біршама ұқсастықтар болғанына қарамстан, Алланың сипаты мен тұрпаты мәселесіне келгенде от пен судай бір-біріне қарама-қайшылық көрінеді. Христиан діні Иса пайғамбарды, оның барлық апостолдарын, әулиелерді, ақыр соңында Құдайдың өзінің де суретін салып, икон түрінде шіркеуге, не үйге қояды. Ал, ислам діні өкілдері Пайғамбардың да, сахабаларының да суретін салмайды және Алланы тұрпатсыз, мекенсіз деп түсіндіреді. Христиан діні өкілдерінің Құдайды қауқарсыз шал түрінде бейнелеуі, мұсылмандардың Алланы тұрақсыз, тұрпатсыз газ немесе басқа да көзге көрінбейтін ақылға сиымсыз бірдеңе түрінде түсіндіруі – екеуі де осы дінді ұстанушылардың Аллаға деген сенімі мен құрметіне, ақырсында сүйіспеншілігіне көлеңкесін түсіретіндігі бұл дінді ұстанушылардың қазіргі жағдайларынан анық байқалады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика